‎‎ Самарқан бөгені (Теміртау бөгені, Нұра бөгені) — Нұра өзені аңғарында, Қарағанды облысы Осакаров ауданы жерінде. 1941 жылы іске қосылған.

Гидрологиялық сипаты Шарасының ауданы 84 км2, ұзындығы 20 км, ені 7 км, орташа тереңдігі 3,25 м (ең терең жері 17 м), суының мөлшері 260 млн. м3. Бөгеннің су жинайтын алабы 11500 км2. Шарасы қалың құмды-малтатасты шөгінділерден, саз және саздақтан түзілген. Түбі тегіс, батыс жағына қарай еңкіштеу келеді. Солтүстігінің көк желекті жағасы (ені 200 — 300 м) демалыс орнына айналдырылған. Батыс жағалауы Теміртау қаласының шетіне тиіп жатыр. Солтүстік жағалауында Сарымсақ, Қарабұйрат қоныстары жайласқан. Бөгенге Ертіс—Қарағанды каналының суы Нұра өзені арқылы ауық-ауық қосылып отырады. Бөген деңгейінің жылдық өзгерісі 2 м шамасында. Суы мөлдір, минералдылығы 0,7 — 1 г/л. Бөген суын Қарағанды, Теміртау қалаларының өндірістік кәсіпорындары пайдаланады.Қазақ энциклопедиясы, 7 том

Дереккөздер

Санат:Қарағанды облысы гидрографиясы