Темір ауданы – Ақтөбе облысының батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлініс. Орталығы – Шұбарқұдық кенті.

Географиялық орны Темір ауданы солтүстігінде Қобда, Алға, шығысында Мұғалжар, оңтүстігінде Байғанин, батысында Ойыл аудандарымен шектеседі. Аудан Ақтөбе облысының батысында, Мұғалжар тауының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ең биік жері 355 м (Бадамша ауылының тұсында). Оңтүстік-батысы сай-жыралармен тілімделген жазық болып келеді.

Тарихы Ауданның іргесі 1869 жылы құрамында 17 болысы бар уезд орталығы болып қаланған. Ол қазіргі Мұғалжар, Темір, Ойыл, Байғанин, Қобда аудандарының оңтүстігін қамтыған. 1921 жылы 27 болыс болды және Ақтөбе губерниясындағы аудан орталығы, 1923 жылы Ақтөбе губерниясының іріленуіне байланысты Темір уезі (14 болыс) аталған. 1928 жылы уез таратылып, 1930 жылы ауданға айналды. 1935 жылы одан Жұрын ауданы бөлініп шықты. Қазіргі Темір ауданы 1972 жылы құрылған.

Пайдалы қазбалары Жер қойнауынан мұнай, тас темір, құрылыс материалдары барланған. 1967 жылы алғаш рет Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны табылып, 3000 м тереңдіктен алғаш рет жоғары дебитті мұнай ағымы алынды. Бұл кен орны 1983 жылдан бері игерілуде.

Климаты, топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық, қуаң. Ауаның орташа жылдық температурасы қаңтар айында –15 – 17°C, шілдеде 22 – 24°С. Аудан жерімен Ойыл, Темір, Шилі, Құмды, Бабатай, Шығырлықұмды, т.б. өзендер ағып өтеді. Жер қыртысында негізінен қызғылт қоңыр, бозғылт қоңыр және сортаңды сұр топырақ басым. Оларда боз, бетеге, жусан, изен, сұлыбас, қамыс, құрақ өседі. Аңдардан қасқыр, қарсақ, борсық, жабайы шошқа, ақбөкен, ондатр, сарышұнақ, аламан тышқаны кездеседі.

Халқы 1979 1989Ресей империясы, КСРО халық санақтары 1999 2009ҚР халық санақтары 2021 33493 37671 35946 34425 37867 Тұрғынадар саны 37740 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (95,82%), орыстар (2,55%), украиндар (0,25%), немістер (0,05%), татарлар (0,08%), басқалары (0,53%). Тұрғын халықтың басым бөлігі автомобиль және темір жол және ірі өзен бойларында, мұнай өндіретін өңірлерде біршама тығыз қоныстанған.

Әкімшілік бөлінісі Ауданда 24 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 9 ауылдық округке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Ақсай ауылдық округі Ақсай ауылы 4 1168 Алтықарасу ауылдық округі Алтықарасу ауылы 3 1148 Жақсымай ауылдық округі Шұбарқұдық кәсіпшілігі ауылы 2 1927 Кеңесту ауылдық округі Қопа ауылы 3 1671 Кеңқияқ ауылдық округі Кеңқияқ ауылы 2 6068 Қайыңды ауылдық округі Құмқұдық ауылы 3 789 Сарыкөл ауылдық округі Шұбарши кенті 3 5516 Тасқопа ауылдық округі Тасқопа ауылы 1 676 Темір қалалық әкімдігі Темір қаласы 2 2459 Шұбарқұдық ауылдық округі Шұбарқұдық кенті 1 14125

Ірі елді мекендері Елді мекен Халқы (2021) Шұбарқұдық 14125 Кеңқияқ 6015 Шұбарши 4907 Темір 2202 Шұбарқұдық кәсіпшілігі 1703 Қопа 1225 Ақсай 691 Тасқопа 676 Алтықарасу 642

Ауыл шаруашылығы Ауданда 1996 жылға дейін астық, оған қосымша биязы жүнді қой, етті-сүтті мал, жылқы, көкөніс, бақша өсіруге маманданған 6 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі болған. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты олар түгелімен дерлік жекешелендірілді. Нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылығы саласында 6 ЖШС және 384 шаруа қожалығы ұйымдастырылды (2005). Ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 1,261 миллион га, шабандығы 36,1 мың га, жайылымы 1,131 миллион га. Ауданда қой мен ешкінің саны 94,7 мың бас, жылқы 5,5 мың бас, түйе 0,45 мың бас болды (2005).

Өнеркәсібі, инфрақұрылымы Өнеркәсіп саласында аудан аумағында бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Олардың ішіндегі ірілері: “Қарақамыс”, “Стройуниверсал” ЖШС, “Көлік” АҚ, “Әлия жолдары”, “Шанс-1”, “Манас”, “Айқап”, “Сагор”, “Тасқұдық”, “Ақтөбемұнайгаз”, Кенжылуэнергия”, “Толғанай” ЖШС-лары, т.б. Білім беру, мәдениет мекемелерін жалпы білім беретін 32 мектеп, 2 мәдениет үйі, 14 кітапхана құрайды. 3 аурухана, ауданы аурухана, санэпидстанса, 17 фельдшаруашылығы-акушерлік пункт ел денсаулығын сақтауға қызмет етеді. Аудан аумағында археологиялық және табиғат ескерткіштерінің жалпы саны – 41. Аудан жерімен Атырау – Қандыағаш темір жолы, Ақтөбе автомобиль жолы өтеді.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том

Дереккөздер

Санат:Темір ауданы