1928 жылғы партия-кеңес қызметкерлерін тұтқындау толқыны 1928 жылғы қарашаның ортасында Маңғыстау және басқа бірқатар аудандардың партия-кеңес қызметкерлерін тұтқындау толқыны басталды. Т. Әлниязов, сонымен бірге бұрын патшалық биліктің жергілікті аппаратында қызмет еткен бірқатар адамдар, сондай-ақ бұрынғы аудандық атқару комитеттерінің төрағалары Ш. Үсембаев, К. Құлшаров және басқалары тұтқындалды. Тұтқындалғандардың арасында 11 коммунист, оның ішінде округтік партия конференцияларының делегаттары да болды.
Оларды тұтқынға алуға 1928 жылғы 2 қарашаға қараған түнде, Песчаный шығанағы маңында тұрған кеме бортынан ҚазОАК мүшесі, округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары Шабден Ералиевтің белгісіз жағдайда жоқ болып кетуі түрткі болды.Сонда.. Оның жоқ болып кетуі жазатайым жағдайдан да болуы мүмкін еді: сол бір төтенше түнде жанына серік ертпей палубаға жалғыз шығуы, содан қайтып оралмауы құпия күйінде қалған.
Қастандықпен әдейі өлтірілген деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. ОГПУ органдары БК(б)П Қазолкомның табанды қолдауымен кінәліні іздей бастады. Ералиевтің денесі теңізден тек бір жыл өткеннен кейін ғана табылады. Мерзім, турасын айту керек, бірталай. Бұл арада, сот-медициналық экспертазаның қолдан өлтірілген деген қорытындысы, сол кездегі жоғары билік ойынан шығу үшін жасалған деген жорамал айтылды. Сөйтіп ОГПУ органдарының «байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің бұрынғы қызметшілерінің және бұрынғы Адай округіндегі кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымдары туралы» аты шулы іс қозғауына сылтау табылды.
1930 жылдың тамызында, іс бойынша тергеу аяқталуға жақындаған кезде, Адай округі таратылды және оның барлық аудандары, Ойыл мен Табын аудандарынан басқа, Гурьев округіне, ал аталған екі аудан Ақтөбе округіне берілді. Бұл хабарды халық, әсіресе партия-кеңес органдарының қызметкерлері теріс қабылдады. Енді түбек тұрғындары дербестіктен айырылады және өздерінің тіршілік мәселелері Гурьевте шешілетін болады деген қауіп шағымдар мен үндеулердің қаптап кетуіне әкеп соқтырды. Халықтың қарсылығы отырған жерін тастап көшуіне, көтерілісші жасақтарға қосылуға ұласты, ал олардың саны милиция және ОГПУ органдарының жедел мәліметтері бойынша 50-ден асып кетті. Кейбір қарақшылар бұл жағдайды пайдаланып қалды, мысалы, К. Қосжанов пен К. Қожахметов басқарған топтар қылмыстық әрекеттер негізінде туындап, олар бірнеше жыл бойы ұрлықпен және кісі өлтірумен айналысты.Сонда, 2-п..
Ауыр материалдық жағдайлар, қыр желкеге мініп алған қорқыту мен қудалаулар ірі қарсылық ошақтарының тууына әкеп соқтырды, сонымен қатар халықты Түркіменстанға және одан әрі көшуге мәжбүр етті. Сол жылдары әлдекімдер айналысқа қосып жіберген «Адайды құтқару — адайдың өз қолында» деген тіркес іс жүзінде өңір халқының қайсыбір оқшаулануға ұмтылысын емес, керісінше, мемлекеттің өзі өз азаматтарын шыңнан құлауға саналы түрде жеткізген оқиғалар мәнін айқын бейнелейді. Соған қарамастан, осы мән-жайды ОГПУ органдары пайдаланды: Әлниязов, сондай-ақ бұрынғы аудан басшылары Үсембаев, Құлшаров және басқалары бірқатар саяси кінәлармен бірге «Сопы» және «Адайды құтқару тобы» бөлімшелерімен қоса «Ақбота» атты жасырын контрреволюциялық ұйым құрғаны үшін айыпталды. Сонымен бірге оларға халықты Түркіменстан мен Ауғанстанға көшуге үгіттеді деген айып тағылды. 1930 жылғы 9 қазанда қылмыстық іс бойынша айыпталған 70 адамның 61-і ОГПУ-дың «үштігіне» берілді (9-ы тергеу аяқталғанға дейін түрмеде қайтыс болды). Қорытындысында олардың 21-іне ату үкімі берілді, қалғандары әртүрлі мерзімге сотталды.Сонда. Алматыда орналасқан қазақ ұлттық дивизионының әскери құрамы ОГПУ-дың отрядтарымен бірге Созақтағы, Сарысудағы, Қарақұмдағы, Ырғыздағы көтерілістерді және Адай көтерілісін басуға қатысты. Қазақстанның чекистік-партиялық басшылығы республиканың түкпір-түкпіріндегі шаруалар көтерілістері мен толқуларын басуда қазақ ұлтынан тұратын қызыл армия бөлімдерін кеңінен пайдаланды. ҚР ҮКК мұрағаты, №1 мұрағат, 158-т.,1 т., 123-133-п.. Алайда тұтқындау осыдан кейін де тоқталған жоқ. 1930 жылдың басында Александров қамалының тұтқындар үйінде отырғандардың саны 200-ден асты. 1931 жылдың 14 сәуіріне қараған түнде олар күзетшілерді қарусыздандырып, қаладан шығып кетті. Олар радиостанцияны және ОГПУ-дың аудандық аппаратын басып алу жоспарларын жүзеге асыра алмады. Мұның бәрі бас көтеруші топтардың іс-қимылдарын барынша белсенді түрде жүргізіп, оңтүстікке қарай жаппай көшуіне түрткі болды.
1930 жылдың соңына қарай көтеріліс округтің барлық бес ауданын қамтыды. Келесі жылдың көктемінде басталған ашаршылық және азық-түлік дайындау науқаны жекелеген топтардың ірі отрядқа бірігуіне және Түркіменстан жаққа қарай қозғалуға мәжбүр етті. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері мен белсенділер оларды қуып жетіп қайтарды және бірқатар жағдайларда көздерін жоя отырып, мүліктері мен дайындау пункттеріндегі малдарын айдап әкетті. Мәселен, Жылықосын ауданындағы шаруалар толқынын Нұрғали Күттегенов басқарды. 1931 жылдың наурызында Байзхыл және Үшқу деген жерлерде тұтқындалған шаруалардың кезекті тобын босатып, ол өз ауылын көшуге үгіттеді. Оған Доссор ауданының У. Ершұраев басқартан тұрғындары келіп қосылды.
Округтің солтүстік бөлігі көтерілістің ірі ошағына айналды. 1931 жылдың наурыз айында мұнда қарсылық көрсетуші шашыраған топтардың басын біріктіріп, Ойыл ауданындағы № 19 ауылдың тұрғындары Б. Шоланов пен К. Ембердиев және К. Шененовтер 1 500 шаруашылықты Түркіменстан жағына қарай көшуді ұйымдастырды. Оған Табын ауданының Құлшар Қожбанов басқарған ауылының адамдары да қосылды. 1931 жылғы сәуірде Қайнар деген жерде адай-майлан, адай-кенже, адай-абыз, адай-мамыр, адай-түркімен руларының ақсақалдары бас қосып, Боқмаш Шолановты өздерінің көшбасшысы етіп сайлады. У. Баяділов, X. Төлегенов, К. Өтегенов, А. Шомғұлов және К. Ембердиев оның кеңесшілері болды.
Осы кезде ОГПУ органдары коммунарлардың көмегімен көтерілісшілерге қарсы белсенді шаралар жүргізді. Алайда олардың саны аз отрядтары көтерілісшілердің жауынгер тобына қарсы тұра алмады. Сондықтан Шоланов және олардың адамдары жиі жеңіске жетіп отырды. Мәселен, Боздақ деген жерде ұзаққа созылған атыстан кейін Шоланов басқарған көтерілісшілер ОГПУ отрядың Иманқара кәсіпшілігіне қарай шегінуге мәжбүр етті. Бір күннен кейін, 1931 жылғы 15 сәуірде кәсіпшілік маңында көтерілісшілер ОГПУ отрядына тағы да шабуыл жасады. Алайда жақсы бекінген және мықтап қаруланған отряд шабуылға тойтарыс берді. Шығынға ұшыраған Шоланов Қанжыға деген жерге шегінді. Тек 1931 жылғы 20 сәуірде тұрақты әскер құрамы келгеннен кейін ғана округтің осы бөлігіндегі көтерілісті баса алды. 834 адам қолға түсті. Шолановтың өзі 18 сарбазымен қашып құтылды. Алайда екі ай өткеннен соң ол өзінің тобымен бірге Актөбе округінің Қобда ауданында ұсталды. Шоланов көтерілісіне байланысты кейін 500-ден астам адам ОГПУ «үштігінің» сотына тартылды.Сонда. №6 мүрағат, 103-п., 2—2-п..
1929-1930 жылдарды тұтас алғанда Адай округінде бүлікті және қарсылық білдірушілердің жергілікті ошақтарын басу жөніндегі операциялар тұрақты түрде жүргізілді. Бірақ бүган ОГПУ-дың жергілікті органдарының күші жетпеді және көмекке әлсін-әлсін әскер шақырып отырды. 1929 жылғы наурызда-ақ Александров қамалына К. Қосжановтың көтерілісшілер тобын басу үшін Дағыстаннан Сумбатов басқарған қызылармияшылар дивизионы шақырылған болатын. 1931 жылғы 14сәуірде Каспий арқылы жарты аралға тағы да, енді Закавказье шекаралық округінің басқарма бастығы сол Сумбатов басқарған біріктірілген әскер отряды жедел жеткізілді. Осында ОГПУ-дың 24-полк командирінің орынбасары Оглоды басқарған ірі отряд та келіп жетті. Воронежский басқарган тағы бір отряд Саратовтан шұғыл түрде осында жіберілді. ОГПУ-дың 68-дивизионы да Гурьвтен автокөлікпен шығады. Оның іс-қимылына теңізден «Атарбеков» күзет кемесі оқ жаудырып көмек көрсетті. Адай округіндегі көтерілісті басуға армия құрамдарының 32 бөлімшесі мен ОГПУ әскерлері әкелінді, олардың жеке құрамында 1000-нан астам адам болды. Оларға Гурьевтен, Ойылдан және Александров қамалынан 200 коммунар көмектесті. Сөйтіп округтің бүкіл аумағы әскери отрядтармен бақыланды.
Оқиғаның одан кейінгі барысы көрсеткендей, іс жүзінде округ аумағына осыншама әскер әкелудің соншалық қажеттілігі де болған жоқ еді. Түбектегі жағдай Қарақұмдағы жағдайға ұқсас болып шықты, мұнда да әскери отрядтар қаруланған «банды құрамаларының» орнына бұл жолы да негізінен қарусыз адамдармен қақтығысты.
Мысалы, Сумбатовтың отрядына: «Маңғыстау ауданында іс-қимыл жүргізсін, кездескен жекелеген банды топтарының көзін жойсын, осындағы көші-қонның жолын кессін» деген нақты тапсырма берілді. Осыған дейін, Сумбатовтың отряды келген кезде Маңғыстау ауданының барлық ауылдары, біреуінен басқасы, Түркімен жағына көшуді бастап кеткен болатын. Сұмбатовтың отряды оларды күшпен ғана тоқтатып, кейін қайтуға мәжбүрледі. Жекелеген қарулы топтарды жойып, көшуді уақытша тоқтағаннан кейін отряд 1931 жылғы 20 мамырда кері шақырылды.
БК(б)П Қазөлком мен Қазақстанның үкіметі нақты шаралар қабылдау және халықты тыныштандыру үшін Маңғыстауға КазОАК-нің мүшесі, республиканың Ағарту халық комиссары Сейтқали Мендешовті жедел іс-сапарға жіберді. Алайда қанша әрекеттенгенмен, ол мұндай өте күрделі мәселені шеше алмады. Оның бүкіл қызметі, барлы органдар мен кеңес қызметкерлері сияқты адай көтерілісін басу, көші-қонды тоқтатуға бағытталды да, болып жатқан қарсылықтың себебіне көңіл болінбеді. Қазақстан үкіметінің өкілі ретіндегі қызметінің сипатын оған Исаев пен Голощекин берген мынадай нұсқауға қарап бағалауға болады: «Александров қамалы. Құпия. ОГПУ уәкілі Мендешевке.
Сіздің жауапкершілігіңізбен, жергілікті нақты жағдайға орай, қажеттілік туған жағдайда Сізге үкімет атынан халыққа үндеу тастауға рұқсат етіледі. Үндеуде партия мен үкіметтін еңбекші халыққа көмек көрсету жөніндегі саясаты, оның таптық сипаты жергілікті жерде бүліншілікті, оның ішінде елдің көшуін ұйымдастырушылар болып табылатын байлар мен молдалардын және олардың жақтастары ұрандарының саяси мәні айқын көрсетілуі тиіс. Үндеуде мемлекеттік азық-түлік дайындауға, бар мүмкіндікті жұмылдыру және т.б. мәселелерде келісімпаздыққа ешқашан жол берілмесін. Көтерілісшілерге басшыларын ұстап беру туралы мәселе қатаң қойылсын»..
Көтерілістің және көшіп-қонудың себептерін жоюдың орнына өкімет бірінші кезекте оның басшыларын анықтауға күш салды. Бірақ жазалау операцияларының күшейгеніне қарамастан, халықтың қарсылығы одан әрі жалғаса түсті. Жазалаушылармен кездесіп қалудан қашқақтай отырып, ауылдар көзге түспейтін айналма жолдармен бәрібір көшіп кетіп жатты. Жаздың бас кезінде Үстіртте және Маңғыстау түбегінің оңтүстік бөлігінде Ойыл, Табын, Жылықос және Доссор аудандарынан көшіп келген көптеген шаруашылықтар әжептәуір көлемде жиналып қалды. ОГПУ деректері бойынша олардың саны 12мыңнан 15 мың адамға дейін жетті. Қарапайым қарумен қаруланған, қарауылшылары бар бытыраңқы топтар Қарақалпақстан мен Түркіменстанға қарай үдере көшуін тоқтатпады, ақыры одан әрі шекарадан асып кетті.