Шерубайнұра бөгені (Топар бөгені) — Қарағанды облысының Абай ауданы аумағында, Топар кентінен 2 км оңтүстік-батыста, Шерубайнұра өзенінің Нұра өзеніне құятын сағасынан 47 км жоғарыда орналасқан. Бөген ұзындығы 890 м, биіктігі 15 м бөгетпен бөгеу арқылы тұрғызылған. Құрылысы 1951 жылы басталып, 1960 жылы пайдалануға берілген.
Гидрологиялық сипаты Бөген Шерубайнұра өзеннің суын көп жылдық режимде реттеуге арналған. Ауданы 38,8 км², ұзындығы 13 км, ені 4,2 км, орташа тереңділік 7,2 м, ең терең жері 24 м. Жалпы сыйымдылығы 273,7 млн. м3, пайдалы көлемі 179,8 млн. м3. Су жиналатын алабы 10600 км². Жағалауы жатық, тереңірек оңтүстік бөлігін құрақ жайлаған. Суы тұщы, минералдығы 0,7 г/л. Бөген Қарағанды, Теміртау қалаларының өнеркәсіптік аумағын сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған. Жылына 40 млн. м3-ден астам су алынады. Мөңке, оңғақ, нәлім, алабұға, шортан, аққайран, т.б. балықтар мекендейді.Қазақ энциклопедиясы, 9 том
Дереккөздер
Санат:Қарағанды облысы гидрографиясы Санат:Нұра су алабы