Жыланшықтүрме – Торғай төрткілді үстіртінің шығысын алып жатқан таулы қырат.

Географиялық орны Қостанай облысының Амангелді және Ұлытау облысының Ұлытау аудандары жерінде орналасқан. Шығыс етегі Ұлытауға ұласады.

Жер бедері Қараторғай және Ұлы Жыланшық өзендері аралығында жатқан Жыланшықтүрме солтүстіктен оңтүстікке қарай 150 км-ге созылған, енді жері 40 км, абсолюттік биіктігі 340 м (оңтүстік бөлігінде). Қараторғай және Ұлы Жыланшық өзендерінің жоғарғы суайрығы саналатын қыраттың беткі бедері эрозиялық қолаттармен тілімденіп, өзенаралық еңкішті-жонды жазық болып келген.

Геологиялық құрылымы Жер қыртысы неоген кезеңінің саз, алеврит және құмдақтарынан түзілген.

Климаты Климаты шөлдік континенттік, қысы суық, жазы ыстық. Қаңтар айының орташа температурасы –16°С, шілдеде 22°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 мм.

Топырағы, өсімдігі Жер бедеріне бозғылт қоңыр және сортаңдау топырақты қуаң дала тән. Онда астық тұқымдас және жусан, қылқан боз өсімдіктер қауымдастығы қалыптасқан. Суайрықтар және жондардың беткейлері мен етегінде Лерх жусаны, сарепта бозы, қылқан боз, бетеге, ойпаң жерлерінде қара жусан, бұйырғын, көкпек, ши, айрауық өскен. Жыланшықтүрме көктемгі және күзгі жайылым ретінде пайдаланылады.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Қыраттар Санат:Амангелді ауданы таулары Санат:Ұлытау ауданы таулары