Бозтікен (Acanthophyllum) – қалампырлар тұқымдасына жататын көп жылдық бұта не шөптесін өсімдіктер туысы. Азияның аридтік аймақтарында өсетін 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда 6 түрі Торғай қолатында, Бетпақдалада, Мойынқұмда, Қызылқұмда, Зайсан, Балқаш–Алакөл ойыстарында, Арал маңында, Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей Алатауларында, Шу-Іле тауында, Қаратау мен Маңғыстау өңірлеріндегі далалы жерлерде, тау бөктерінде өседі. Биіктігі 15 – 35 см, кейде 100 см-дей болады. Сабағы бұтақты, шоғырланып топтана өседі. Жапырақтары тікенді, сабақта қарама-қарсы орналасады. Сыпыртқы гүлшоғыры бұтақ басына шоқтанған, гүлі қос жынысты, қызғылт не ақ түсті келеді. Мамыр – маусымда гүлдейді. Бозтікеннің кейбір түрлерінің (аққаңбақты, шашақты Бозтікендер) тамырында 30%-ға дейін сапонин болады. Суға салып езгенде тамыры сабын сияқты көпіреді, сондықтан оны «сабын тамыр» деп те атайды. Бозтікен – тамақ, тоқыма, тері өңдеу, кондитер, парфюмерия өндірістерінде қолданылады. Ветеринарияда сапонин вакцинасынан қойдың сарып ауруына қарсы қолданылатын дәрі даярланады.“Қазақ Энциклопедиясы”

Дереккөздер</span>

Санат:Қалампырлар