Абыз алтын-мыс кен орны – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында орналасқан. 20-ғасырдың 60-жылдары ашылған.

Геологиялық құрылымы Абыз алтын-мыс кен орны Ақбастау антиклиналды белдемінің батысында девонның барлық бөлімдерінің жыныстарын қамтитын қабаттар тобырын құрайды. Кен төменгі девонның андезит-базальтты жанартаулық кезеңінде қалыптасқан. Кен орны Абыз антиклиналінің бойын алып жатыр. Осы антиклинальдің қатты жарықшақтанып өзгеріске ұшыраған жоғарғы белдеміне негізгі кен денелері шоғырланған. Олар негізінен массивті болып келеді, сондай-ақ сеппелі-желілі түрде де кездеседі.

Минералдары Абыз алтын-мыс кенінде кездесетін минералдар 9 түрлі парагенездік бірлестіктер құрайды. Негізгі кентасты минералдар: сфалерит халькопирит галенит пирит.

Құрамы Кентас құрамындағы мыс, мырыш және қорғасынның ара қатынасы: 4,4:11:1. Кентастар минералдық құрамы бойынша: күкіртті мысты мырышты мысты-мырышты полиметалды қорғасын-мырышты колчедандар сияқты алты түрге жіктеледі.

Кентас құрамында алтын мен күміс едәуір. Алтын барлық минералдық бірлестіктердің құрамына кіреді, саф алтын түрінде де кездеседі. Сирек элементтерден селен, теллур, висмут, сүрме, күшән, қалайы, индий, таллий бар. Абыз алтын-мыс кені толық барланған, бірақ өнім өндіру жұмыстары жүргізілмеген.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:Қарағанды облысы кен орындары Санат:Қазақстан алтын кен орындары