Жирен тоқалтіс () — кеміргіштер отряды атжалмандар тұқымдасына жататын тышқан.
Қазақстанның оңтүстігінен басқа барлық аймақтарында кездеседі. Дене тұрқы 90 — 115 мм, салмағы 32 — 35 г. Арқасы қызыл сұр немесе қызыл қоңыр, бүйірі сұр, бауыры ақшыл түсті болып келеді. Құйрығының ұзындығы 40 мм-ден аспайды. Қара қоңыр түсті, оның ұшында қоңырқай түктерден тұратын шашағы болады. Отырықшы жануар, сан мөлшері жыл маусымдарына қарай өзгеріп отырады. Жазық жерлер мен тау бөктерлеріндегі орман-тоғайларда тіршілік етеді. Жирен тоқалтіс — түн жануары. Өзі ін қазбайды, ағаштар мен бұталар арасын, құлаған ағаш діңінің қуысын пайдаланады. Өсімдіктердің жапырағымен, бүршігімен, тұқымымен және әр түрлі саңырауқұлақтармен қоректенеді. Жирен тоқалтістер жылына 4 — 5 рет, 2 — 8-ден балалайды. Энцефалит вирусын таратады. Жирен тоқалтіс — бұлғын, сары күзен, ақкіс тәрізді терісі бағалы аңдардың азығы."Қазақ Энциклопедиясы"
Дереккөздер
Санат:Кеміргіштер