Мәмлүктер Қазақ Энциклопедиясы (, мамлук — «Иеліктегі адам» деп аударылады, «құл» деген мағынаны білдіреді) — ортағасырлық Ислам әлеміндегі билеушіге тікелей бағынышты, құл текті жауынгер. Олар Ислам қоғамына кәсіби сарбаз ретінде еніп, уақыт өте келе мемлекеттік билікті басып алатындай деңгейге жеткен олигархиялық қауымдастыққа айналды. Жалпы алғанда, бұл термин IX ғасырдан XIX ғасырға дейін Ислам әлемінде қызмет еткен, нәсілі ақ, құл текті әскерлерге қатысты қолданылған. Осы тұрғыдан алғанда, мәмлүк — түрлі билеушілер мен мемлекет қайраткерлерінің гвардиясында қызмет еткен, өзіндік әлеуметтік және құқықтық мәртебесі бар айрықша жауынгер.

Алғашқыда мәмлүктер Еуразия даласынан (Дешті Қыпшақ) шыққан ең алдымен, қыпшақтар бастаған түркі текті құлдар болды, бірақ әскери құлдық институты уақыт өте келе черкес, грузин және балқандық текті халықтарды да қамтып, аясын кеңейтті. Мәмлүк иерархиясына тек ақ нәсілді жауынгерлер ғана қабылданатын, ал эфиопиялықтар, батыс африкалықтар мен үндістер бұл қауымдастыққа тек ақтаулар (хадымдар) ретінде ғана кіре алды.

Уақыт өте келе мәмлүктер араб әулеттері басқарған түрлі мұсылман қоғамдарындағы қуатты әскери тапқа айналды. Әсіресе Мысыр мен Сирияда, сонымен қатар Осман империясы, Левант, Месопотамия және Үндістанда мәмлүктер саяси және әскери билікке ие болды. Кей жағдайларда олар сұлтан лауазымына дейін көтерілсе, басқа жерлерде әмір немесе бей ретінде аймақтық билікті ұстап тұрды.

Мәмлүктердің ең ұзақ сақталған мұрасы — ортағасырлық Мысырдағы жауынгер-құлдардан бастау алған рыцарлық әскери тап. Олар Мысыр мен Сирияны орталық еткен сұлтандықты басып алып, оны Мәмлүк сұлтандығы (1250–1517) ретінде басқарды. Мәмлүк сұлтандығы Айн-Жалұт шайқасында Илхандар мемлекетін (моңғолдарды) жеңуімен аты шықты. Бұған дейін олар 1154–1169 және 1213–1221 жылдары Батыс Еуропаның христиан кресшілерімен соғысып, оларды Мысыр мен Левант жерінен біржола қуып шықты. 1302 жылы Руад аралын басып алуымен Мәмлүк сұлтандығы соңғы кресшілерді Леванттан шығарып, Крест жорықтары дәуіріне нүкте қойды.

Мәмлүктер меншік ретінде сатып алынғанымен, олар іс жүзінде құлдыққа сатылған жалдамалы әскерлер болды. Олардың мәртебесі қару ұстауға немесе белгілі бір маңызды тапсырмаларды орындауға рұқсаты жоқ қарапайым құлдардан әлдеқайда жоғары еді. Мысыр сияқты аймақтарда, Әйюбилер әулетінен бастап Мұхаммед Әли заманына дейін, мәмлүктер «нағыз мырзалар» мен «нағыз жауынгерлер» деп есептелді. Олардың әлеуметтік мәртебесі Таяу Шығыстағы жалпы халықтан әлдеқайда жоғары болды.

Мәмлүк сұлтандығы ІХ ғасырдан бастап мұсылман әлемінде құлдарды жауйынгер ретінде пайдаланды. Олар көп жағдайда өздері көтеріліп, билікті тартып алып отырды. Мысырда Мәмлүктерден Айюб әулеті билеушілерінің арнаулы әскери ұланы жасақталған. 1250 жылы Мәмлүктердің қолбасшылар тобы Айюб әулетін тақтан құлатып, өкімет билігін басып алды. Мысырды Мәмлүктердің екі әулеті билеген: Бахрилер (түркілер, негізінен, қыпшақтар әулеті) — 1250 — 1390 жылдар. Бүржилер (Кавказдан шыққандардың әулеті) — 1390 — 1517 жылдар Мәмлүктердің жалпы саны 9 мыңнан 12 мыңға дейінгі аралыққа жетіп, 24 бейдің бас-қаруында болды. Мәмлүктер тұсында 13 — 14 ғ-ларда басқару жүйесі қайта құрылып, суармалы егіншілік мәдениетінің дамуы байқалды. Түркі тіліндегі оқулықтар, әдеби шығармалар араб тіліне аударылды. Мәмлүктер өздеріне дейін қалыптасқан әскери құрылымды сақтады. 13 ғ-да Мәмлүктер әскері Хулагу әулеті әскерін талқандап (1260 ж. 3 қыркүйектегі Айн Джалуттегі шайқас), Сирия мен Палестинадан кресшілерді ығыстырды, 1273 ж. Исмаили — ассасиндерді талқандады. Мәмлүктер дің аса көрнекті сұлтандары — Айбек (1250 — 57), Бейбарыс (1260 — 1277), Қалаун (1279 — 90), Барсбей (1422 — 38), Гури (1501 — 16). Айбек пен Бейбарыстың сұлтандығы аралығында (1257 — 1260) Байғұш пен Құтыз билік етті. 1516 — 1517 жылдары түрік сұлтаны I Сәлім Сирия, Египет пен Палестинаны жаулап алып, Мәмлүктердің үстемдігін жойды. Түріктердің жаулап алуынан соң Мысырдағы жердің бір бөлігі Мәмлүктердің билігінде қалды. Мәмлүктер Каирдегі түрік пашасына алым төлеп тұруға міндеттенді. 17 ғасырдың соңында Осман империясының әлсіреуі Мәмлүктердің өз билігін қалпына келтіруіне мүмкіндік берді (1711 — 1798). Тек Египет билеушісі Мұхаммед Әлидің (1805 — 49) кезінде Мәмлүктерден жер тартып алынды (1808), ал 1811 жылы барлық Мәмлүк бейлері өлтірілді.

Дереккөздер

Санат:Жауынгерлік құралымдар Санат:Мәмлүктер