Ақжүзгін, ақ қабық жүзгін () – тарандар тұқымдасына, жүзгін туысына жататын эндемик өсімдік.
Қазақстанда Каспий, Арал теңіздері жағалауларында, Атырау, Қостанай, Семей, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, Қызылқұмның шөлді аймақтарында, Балқаш-Алакөл ойысында кездеседі. Биіктігі 1,5-2 м. Көп жылдық бұтақтарының қабығы ақ түсті, жас бұтақтары түзу де, қисық та болып бунақтанып өседі. Жапырағы жіңішке, таспа тәрізді, ұзындығы 2-4 мм келеді. Гүлдері өте ұсақ (ұзындығы 4 мм) және ол жапырақ қолтығында орналасқан.
Көкек — мамыр айында гүлдеп, мамыр — маусымда жеміс береді. Тұқымы арқылы көбейеді. Жемісі – сопақ, қатты қабықты жаңғақ тәріздес. Ақжүзгіннің пісіп қатпаған жемісіне ашқылтым шырын жиналады. Ол шырын аз да болса адамның шөлін басады. Сондықтан Ақжүзгінді кейде “қандым” деп атайды. Піскен жеміс құрамында 8%-ке дейін илік заттар болады. Гүлінен аралар бал жинайды. Тері илеуге, сондай-ақ бояуыш зат, отын, жемшөп ретінде пайдаланады. Қой мен түйе сүйсініп жейді. Бұталарынан алынатын фенол препараты медицинада қолданылады. Сусымалы құмда, қарға тосқауыл ретінде шөл, шөлейт жерлерде арнайы өсіріледі.«Маңғыстау өсімдіктерінің каталогы», Ақтау, 2006;.Қазақ Энциклопедиясы
Дереккөздер
Санат:Таран тұқымдасы