thumb|right|150px|Цимбал

Цимбал, цимбалы (грек. kymbalon — кимвал) — ішекті соқпалы Беларусь ұлттық музыка аспабы. Жайпақ ағаштан сыртқы тұрқы трапеция пішінінде жасалып, оның бет жағына ішектер тағылады. Цимбал аспабының дыбысы 2 ағаш таяқша немесе 2 — 5-темір ішекті әуен сазына қарай тоқпақшамен соғу арқылы шығады. Диапазоны үлкен октаваның ми және үшінші октаваның ми нотасына дейін болады. Цимбал ежелден келе жатқан музыкалық аспаптар қатарына жатады; оның алғашқы суреті ежелгі ассириялық ескерткіштерде кездеседі. 11 ғ-да Еуропаға Таяу Шығыс елдерінен келген Цимбал 17 — 19 ғ-да зиялы қауым арасында (әсіресе Венгрияда, Словакияда) кеңінен тарағанымен, 20 ғ-да халық аспабы ретінде ғана сақталып қалды. Цимбал аспабы молдованның цамбал, грузиннің сантури, өзбектердің чанг, т.б. муз. аспаптарына жақын. Қазіргі заманда Цимбал аспабы Беларусь, Венгрия, Украина, Польша, Румыния және Словакияда қолданылады. Ciлтемелер : «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, XVIII том

Санат:Музыкатану Санат:Музыкалық аспаптар