Нидерланд Ұлттық футбол құрама командасы () — Нидерландыны халықаралық матчтар мен футболдан турнирлерде ұсынады. Команда елдегі футбол ұйымының негізгі басқарушысы Нидерланд федерациясының Корольдық футбол қауымдастығы басқаруымен жиналады.

Тарихы Тұтасқан (тотальды) футбол мен 80-90 жж Нидерланд футбол құрамасы 1904 жылы-ақ құрылып, алғашқы кездесуін 1905 жылы 30 сәуір күні Бельгияға қарсы өткізіп, сырт алаңда 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Бірақ ұзақ жылдар бойы әлемді мықтылығымен мойындата алмады, 1934, 1938 жылдары әлем чемпионатына қатысқанымен, бірінші раундта-ақ жарыстан шығып қалды.

Жетпісінші жылдардың басында Йохан Кройф, Ари Хаан, Роб Ренсенбринк, Йохан Неескенс, Джонни Реп секілді футболшылар өсіп-жетілген соң құрама анағұрлым күшейді. Ұзақ жылдарды араға тастап, 1974 жылы ГФР-де өткен әлем чемпионатына қатысты. Бұл турнирде құраманы Ринус Михелс жаттықтырып, футбол ойнаудың жаңа үлгісін әлемге танытты. Ол "Тұтасқан футбол" деп аталатын тактика болатын. Ол — күллі команда мүшелері бір жұдырықтай жұмылып, алаңның кез-келген тұсында қарсыластарын ықтырып әкете алатын жаңа әдіс-тұғын. Топтық турнирден іркілимей өтті де, екінші айналымда Аргентина, ГДР, Бразилия секілді құрамалармен бір топқа түсіп, үш ойында да жеңіске жетті. Тек финалда ғана ГФР құрамасынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.

1976 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалда сүрінді де, 1978 жылғы әлем чемпионатында тағы да финалға дейін жетті. Бұл жолы құрамада Йохан Кройф жоқ болса да, команда 1974 жылғыдан кем ойнамады. Топтық турнирде екінші орынмен шыққанымен, екінші айналымда Италия мен Аустрияны ұтып, ГФР құрамасымен тең ойнады да, финалға шықты. Финалда Аргентинадан 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Осы чемпионаттан соң тұтасқан футбол өкілдері біртіндеп құрамадан кете бастады да, 1980 жылғы Еуропа чемпионатында Нидерланд құрамасы топтан шыға алмай қалды.

ӘЧ-1998 Сәкен Сыбанбайдың мақаласынан

Сонау 70-жылдарда қатарынан екі рет финалға шыққан суперкомандадан кейін Голландия біраз уақыт әлемдегі жетекші елдердің санатынан шығып қалды. 1982, 1986 жылдары тіпті финалдық турнирге де бара алмады. 1990 жылы топтық кезеңдегі 3 ойында бір рет те жеңіске жете алмағаны аз болғандай, 1/8 финалда немістерден ұтылып қалды. 1994 жылы ширек финалда Бразилияға жол берді. Ақыры 1998 жылы алтын жүлденің өзінен үміті бар өте мықты команда жасақталды.

Дегенмен, бірінші турдағы Голландия – Бельгия (0:0) құрамаларының ойыны жанкүйер үмітін ақтай алмады. Екі команданың да шабуылынан гөрі қорғанысы мығым болды. Голландия әдеттегідей үш шабуылшымен ойнаса да, жеңіске жете алған жоқ. Доп соғудың орнына Клюйверт дөрекілік көрсетіп, 81-минутта төрешіден «қызыл қағаз» «сыйға» алды да, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Екінші турда Хиддинк шәкірттері Оңтүстік Кореяны талқандап тастады – 5:0! Үшінші турда 18-минутқа дейін-ақ екі гол соғып тастағанымен, ойын соңында мексикалықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды – 2:2.

1/8 финалда Голландия футболшылары 2:1 есебімен югославтарды ұтты. Комленович таразы басын теңестірген соң арада небәрі үш минут өткенде төреші Хиддинк командасының қақпасына 11 метрлік белгіледі. Бірақ Миятович соққының дәлдігіне емес, күшіне көбірек маңыз берсе керек, доппен қақпа маңдайшасын солқ еткізді де қойды. Осыдан кейін-ақ псхологиялық үстемдік голланд футболшыларына ауысып жүре берді. Ақыры матч соңында Давидс алыстан бағыттаған әдемі соққысымен командасын ширек финалға алып шықты.

Қорғаныстан гөрі шабуылға көбірек көңіл бөлетін Голландия және Аргентина құрамаларының ширекфиналдық белдесуі де қызықты өтті. Клюйвертке Бергкамп баспен өте ыңғайлы пас тастаса, Клаудио Лопеске тек Веронның пасы ғана емес, жасанды офсайд жасауда қателескен голланд қорғаушылары да «көмектесті». Таймның басында Кокудың соққысы бағанаға тисе, Давидс пен Йонктың алыстан тепкен доптарына Роа тосқауыл бола білді. Аргентиналықтар да қарап қалған жоқ, 37-минутта Ортега тепкен доп қақпа бағанасына сарт ете түсіп, Ван дер Сардың зәресін алды.

Екінші таймда Голландия тоқтаусыз шабуылдаумен болды. Аргентиналықтардың сәл осалдау тұсы қос қаптал екенін ұққан олар алаңның ана шетінен де, мына шетінен де минут сайын қауіп төндіріп, қарсыласын қатты састырды. Ортега мен оның әріптестеріне алаң ортасынан әрі қарай өтудің өзі мұңға айналды. Тек 63-минутта ғана олар қарсы шабуыл ұйымдастыру бақытына ие болып еді, Батистута керемет сойқан соққымен оң жақ бағананы солқ еткізді. Алайда бұл қақпаның дірілі басылмай жатып, қарсы жаққа гол кіріп кете жаздады. Ойынға қосылғанына он секунд өтпей-ақ Овермарс оң қанаттан әуелетіп айып алаңына пас тастап еді, Клюйверт оны баспен дәл «тоғыздыққа» тураласа да, сілеусінше секірген Роа әрең дегенде сыртқа қағып үлгерді.

Матч аяқталуға 17 минут қалғанда екінші ескертуін алған голланд қорғаушысы Нуман алаңнан қуылды. Еуропалықтар, амал жоқ, артқа шегінді. Дегенмен Аргентина футболшылары шабуылда шапшаңдық пен жинақылық таныта алмай, бір ойыншысы кем қарсыласын тықсыра түсудің орнына... өз қақпасына доп жіберіп алды. Бәріне кінәлі Ортега еді: ол голланд қақпашысын баспен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алды. Дәл осыны күтіп тұрғандай Франк Де Бур 50 метр қашықтықтан Бергкампқа ғажап пас тастады. Ол әлгі оқиғадан соң абыржып қалған Айяланы алдап өтіп, жеңіс добын соқты...

Жартылай финалдағы Бразилия – Голландия матчы тамаша футбол спектаклі болды. Тең өткен бірінші тайм бітіп, екінші кезең бастала бере Загаллоның командасы алға шықты: Ривалдоның сол қанаттан тастаған добына қорғаушылардан бұрын жеткен Роналдо оны жанұшыра ұмтылған қақпашыдан асырып, торға дәл түсірді. Голландтықтар көп есеңгіреген жоқ. Екінші таймда әлем чемпиондарын кәдімгідей тықсыра бастады. Шабуылшы Клюйверт бүкіл матч бойына қақпаны 9 рет нысанаға алды, бірақ үнемі қателесумен болды. Оның тек 10-соққысы ғана нысанаға дарыды: әмбебап Коку бразилиялықтар иеленіп кеткен доптың өзін асқан жанкештілікпен тартып алып, оң қанатта жалғыз тұрған Рональд Де Бурға жеткізді. Егіздің сыңары оң аяғына оңтайлы келе қалған ала допты әуелетіп Клюйвертке қарай асырды – 1:1. Тең аяқталған ойыннан соңғы пенальти сериясында әдеттегідей ең жақсы ойнаған футболшылар қателесті (Коку мен Р. Де Бур).

Голландия-1998, сөз жоқ, финалда ойнауға әбден лайық еді... Ал қола жүлде үшін таласта көңіл-күйі түскен голландықтар Хорватиядан ұтылып қалды (1:2). Жаңа ғасырда 2000 жылғы Еуропа чемпионаты Нидерланды мен Бельгияда өтті. Нидерланды құрамасы алаң иелері ретінде жақсы ойын көрсетті, топтық турнирде үш ойында да жеңіске жетті (қарсыластарының бірі 1998 жылғы әлем чемпионы мен болашақ чемпион Франция еді). 1/4 финалда Югославияны 6:1 есебімен ұтып, қарсыластарының бәрін шошытты. Бірақ голдарының бәрін осы матчта соғып тауысқандай, жартылай финалда Италиямен ойында жолдары болмай-ақ қойды. Матч барысында Клюйверт пен Франк де бур екі рет пенальтиден мүлт кетті. Оның үстіне италиялықтар 10 ойыншымен ғана қалды да, басымдық толықтай Нидерланды жақта болды. Алайда негізгі және қосымша уақытта есеп ашылмай, пенальтилер сериясында 1:3 есебімен ұтылды да, жарыстан шығып қалды.

2002 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмады. 2004 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін жетіп, Португалиядан 1:2 есебімен ұтылып қалды. 2006 жылғы әлем біріншілігінде де Португалия бұларға тосқауыл болды: 1/8 финалда 0:1 есебімен жеңілді.

2008 жылғы Еуропа чемпионатын сұмдық бастағанымен (топтық кезеңде Франция, Италия, Румыния құрамаларын тізе бүктірді), 1/4 финалда күтпеген жерде Ресейден 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Одан кейінгі ірі турнирлерде 2010 және 2014 жылғы әлем чемпионаттарында жарқырай алды, 2010 жылы финалда Испаниядан, 2014 жылы жартылай финалда Аргентинадан сүрінді. 2016 жылы Еуропа чемпионаты мен 2018 жылғы әлем біріншілігіне жолдама ала алмады.

2018/19 жылғы Ұлттар Лигасында топтық турнирде Франция мен Германияны артқа тастап, жартылай финалға шықты.

Рекордшылар 2018 жылғы 8 қыркүйек күнгі

Көп ойын өткізгендер ФутболшыЖЖМатчГолМинут1Уэсли Снейдер2003—20181343197502Эдвин ван дер Сар1995—2008130 -8911 4633Франк де Бур1990—20041121392714Рафаэл ван дер Варт2001—20131092569385Джованни ван Бронкхорст1996—2010106682156Дирк Кёйт2003—20141042468757Робин ван Перси2005 — 1025073178Филлип Коку1996—20061011080019Арьен Роббен2003—20179637739410Джон Хейтинга2004—20138777031Кларенс Зеедорф1994—20088711598212Марк Овермарс1993—20048617575513Йорис Матейсен2003—20128437007Арон Винтер1987—2000846514215Руд Крол1969—19838347399

Көп гол соққандар ФутболшыЖЖГолМатчорт.есМинутМинут/гол1Робин ван Перси2004—501020,4973171462Клас-Ян Хюнтелар2006 — 42760,5543391033Патрик Клюйверт1994—200440790,5158161454Деннис Бергкамп1990—200037790,476339171Арьен Роббен2003—201737960,3967951846Фас Вилкес1946—196135380,923450997Руд ван Нистелрой1998—201135700,5045431308Абе Ленстра1940—195933470,704260129Йохан Кройф1966—197733480,69428213010Уэсли Снейдер2003—2018311340,23975031511Беб Бакхёйс1928—193728231,2220707412Кик Смит1935—194626290,9258710013Рафаэл ван дер Варт2001—2013251090,23693827814Марко ван Бастен1983—199224580,414844202Дирк Кёйт2003—2014241040,236875287

Атақты бапкерлері (Бәрі де нидерландылықтар)

Ринус Михелс (1974; 1984—1988) Эрнст Хаппель (1978) Дик Адвокат (1992—1994; 2002—2004; 2017) Гус Хиддинк (1994—1998; 2014—2015) Франк Райкард (1998—2000) Луи ван Гал (2000—2002; 2012—2014) Марко ван Бастен (2004—2008) Берт ван Марвейк (2008—2012) Данни Блинд (2015—2017)

Жетістіктері Еуропа чемпионы: 1988 Еуропаның қола жүлдегері: 1992, 2000, 2004 Әлемнің күміс жүлдегері: 1974, 1978, 2010 Әлемнің чемпионатының жартылай финалисі: 1998 Дереккөздер

Сілтемелер Құраманың 1905 жылдан бергі барлық матчтары

Санат:Нидерланд Ұлттық футбол құрамасы