Әдет-ғұрыптары

Қазақ ұлты, мейлі кім болсын, қонақтарын «құдайдай күтіп», мал сойып қызу қарсы алады. Абыройлы қонақтар келгенде ауыл болып жиналып, «көк қасқа тай», «ақсарбас қой» сойып күтеді. Малы жоқтары барын аямайды, өздері жемей сақтаған қымбатты тағамдарын меймандарының алдына қояды. Ал жатарда: «қонақты қондырма, қондырғансоң тоңдырма»,-деп ең жақсы көрпе-тондарын соларға жабады, аттарын отқа қояды. Бұларға жамбас ақы тілемейді. Кетерінде хош айтып, қолтығынан алып аттандырып салады. Тіпті, қазақтардың тары-талқан жеп отыратын тақыр кедейлері де қонақтарын ренжітіп көрген емес. Бұл ғадеттер әлі де бар. Қазақтың дәстүрлі де, даңқты осы ұлттық салты жөнінде шетелдік бір саяхатшының: «егер экватор сызығын бойлап ылғи қазақ ауылдары қонып отырған болса, мен жер шарын бір тиын ақша жұмсамай айналып шыққан болар едім»-деген сөзі өте дәл айтылғаң. Жер бетіндегі қазақтар ішінде «кең қолтық керей» атанып осы қонақжайлықты күні бүгінге дейін сақтап отырғандар Қытайдың Алтай аймағы мен Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарынан көбірек кездеседі, мүбәдә жолыңыз түсіп сондай үйдің біріне түсе қалсаңыз, олар сіздің кім екеніңізді сұрап жатпай-ақ ақсарбас ала жүгіреді. Үйіне қонақ түскеніне мәз болса, қонақты ыразы етіп аттандырып салғанына екі мәз болады. Қазақтар тамақтың алды-артында қол жуып бата жасайды. Тамақтану үстінде көп сөйлемейді, ренжімейді. Қақырынып-түкірінбейді, құлақ-мұрынын шұқымайды. Ырымы жасалып кесілген басты үй иесіне, құлағын баласына ұсынады. Табақ келіндерге қайтарылады. Келіндер сәлем етіп қабылдайды. Әңгіме- кеңес тамақ артынан шертіледі. Түнде сақал-мұртын, шаш-тырнақ алмайды. Шаш-тырнақтарын күн ашық күні, ас- тамақ, ішіп-жем, ыдыс-аяқ, орын-көрпеден аулақ жерде алып, өртеп жібереді немесе көміп тастайды. Көп санды қазақтар жұма күні кір жумайды, сейсенбі күні жолаушы шықпайды. Қазақ әйелдері алғашқы жаңбыр жауып, күн күркіреген күні: «сүт көп, көмір аз»,- деп белдеу айлана бір шөміш сүт шашып шығады. Мұнысы табиғаттан құлшылық тілегені болса керек. Сыпыртқымен бала ұрмайды, оның «әр талында бірден шайтан тұрады»,- деп есептеп, сібірткімен бала ұрғандарды өте жек көрген. Бұл ғадет олардың аурулардан сақтанып, тазалықты қастерлейтіндігін, әсіресе, балалар денсаулығына өте көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Қазақ малшылары таң сәріден тұрып, тамақтанып малын өрістетіп, кешке дейін мал соңында болады. Кеште мал сауып, малдарын қоралайды. Мұны «ел орынға отырған уақыт» деп атайды. Кешкі ас-суларын ішкен соң, қора (қотан депте атайды) шетіне қарақшы тігіп күзет қойып барып ұйқыға жатады. Шопандар жаз мезгілі түстерде қойды қорада жусатады. Ал, күздің қысқарған күз мезгіліндегі түстерде қойды қораға әкелмейді. Мұндайда олардың түскі қорегі – «қорықтық» болады. «Қорықтық» дегеніміз-үлкен ағаш саптаяққа (қойшылар мұны қанжығаға байлап жүреді) екі-үш кесек, қатты қыздырылған ақ тасты салып пысырған қой-ешкі сүті.

Түндерде дала және киіз үй ішінде жағылған оттарды сөндіріп, немесе көміп барып жатады. Мал күзетіндегілер кештерде «Бастанғы» жасап ән айтып, «Алтыбақан» теуіп сауық құрған күндері болмаса, бет алды от жақпайды. Сөйтіп олар тек өз қоралары ғана емес, айнала төңіректің өрт апатының кетіп қалмауынан ежелден сақсынып отырған. Шынжаң қазақтары адамдар ара бауырмалдық, ар-ұят дегендерді де басты орынға қояды. Күн көріс нашар жанұяларға аудан, ауыл, туыс-туған болып көмектесіп, оның «торқалы той мен топырақты өлімін» бірге көтеріседі. Қытай қазақтарының ішінен «қайыршы, тілемші» атауын естімейсіз. әрі көрмейсіз. Адамдар ара шындықты айту өте жоғары орында тұрады. Өтірік айту, ұрлық істеу – кешірілмес күнә саналады. Біреу уағдасына жете алмаса басқалар оған «ұят болады» десе, бұл үлкен мін саналады. «Ұят» атты бір ауыз сөз-ақ талай жанды көрге сүйрейді.

Қазақ жаралмыштан ауыл үйге ылаң салатын барлық қылмыскерлерді жек көріп оларға қарғыс жаудырып келген. Осылардың ішінде, әсіресе өз күшіне сүйеніп жан бақпайтын, адал қауымның қан-терін сүліктей соратын- ұрлықшы қиянатшы, өтірікші, зинақор, арсыз-намыссыз, содыр-сойқандарды тіпті де жек көрген. Оларда адамгершілік, махаббат, достық, талап-талант атаулы болмайды деп есептеген. Қазақ ауылдары әлмисақтан қазірге дейін көрші қонған елге «Ерулік» көшетін елге «қонақасы» берсе, ал, шаршап-шалдығып көшіп келе жатқан елге арнаулы адамдар жол сусынын ұсынып келген. Қазақтың ежелден келе жатқан береке-бірлігінің бейнесі сияқты бұл ғадет қазірден жалғасып келеді(101). Шынжаң қазақтарының көшпелі тұрмысының әлі аяқталмауына байланысты ежелгі әдет-ғұрыптарымыздың көбі қаз-қалпында сақталуда. Кейде Алматы қаласындағы қазақтың мемлекетінің Орталық мұражайын аралап жүріп, қазақтың малшаруашылығына байланысты әр түрлі жәдігерлерінің Шынжаңда әлі күнге қолданылып жүргенін байқаймыз, содан Шыңжаңды «қазақ этнографиясының тірі музейі» дегіміз келеді.

Торқалы той, топырақты өлім

Қазақ халқының бүкіл өмірі той-думанмен өтеді. Адам өмірге келгеннен о дүние құшағына аттанғанға дейінгі тұтас бір өмірінің тойсыз өтетін сәттері аз болса керек. Шілдехана, жарысы қазан, ат қою салты, ат тергеу, сүйінші, ит көйлек, бесікке салу, тыштыма, қырқынан шығу (қарын шаш), тұсау кесу, байғазы, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу, баланы оқыту, құдалық, қарғы бау, құдаласу, ұрын бару, жыртыс той, қоржын той, қыз танысу, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы, әмеңгерлік, аужар, беташар, көрімдік, өлі-тірі, отау той секілді дәстүрлердің көбі тоймен өтеді. Соның ішінде Шынжаң қазақтарында баланың өмірге келгеннен кейінгі барлық салттары қазақ дәстүріне сай атқарылып келеді. Шілдехана, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу салттары дерлік шағын той түрінде өтеді. Қытай қазақтарының балаға ат қою дәстүрі заман ауқымына қарай әр мезгілде әртүрлі болып отырған. 18-19-ғасырларда ислам дінінің ықпалындағы аттар көбірек қабылданса, 20-ғасырға келгенде «хан», «бек» жалғанған аттар көбірек қойылатын еді. Хан, бек қосымшасының жалғануы ерте заманнан келе жатқан дәстүр болса да, қазақ хандықтарынан кейін біршама кең қолданысқан енген. Әсіресе, Қытай, Моңғолия қазақтарының қазақ хандығының аумағынан алыстап Қытай хандықтарына бағынышты болған дәуірінде қазақ хандарының ұрпағын төрелікке әкелумен «Хан» қосымшасы тіпті де көп жалғанатын болған. Атап айтқанда «қыйыр қонып шет жайласақ та қазақ хандығына бағыныштымыз» дейтін ішкі арман-тілегінің бейнеленуі еді. Мысалы: сол тұстағы белгілі адамдардың атын айтар болсақ, Қасымхан, Жеңісхан, Сейілхан, Шәріпхан, Есімқан Иманбайұлы, Дәлелхан, Бөкейхан секілділер. Соңғы кездері «сүндетке отырғызу» үлкен той түрінде атқарылып келеді. Қытайдағы жоспарлы туу саясаты бойынша әр отбасында 2-3 баладан артық бала болмайтындықтан олар баланың бесікке шыққан мезгілін үлкен белес санайы. Ал қыз баласы ғана барлар сүндет тойдың орнына «сырға салу» тойын жасап, сүндет той жасаушыларға кеткен қаржысын қайтарып алады. Кейінгі кезде Шыңжаң қазақтарында «оқуға аттану тойы», «қоныс тойы» деген тойларда өткізілетін болды. Оқуға аттану тойы-баласы университетке түсетін болғанда немесе шетелге оқуға аттанса жасайтын алысқа аттандыру, ақ жол тілеу тойы, Қоныс тойы-жаңадан үй салып кірерде немесе жаңа отауға арнап үй салып соның босағасын аттарда жасалатын шаңырақ тойы. Қыз бен жігіттің некеленуі төңірегіндегі тойларда белгілі салтанатпен өтеді.

Өлім- жітім салты

Қазақ «Ажалдан қашып құтылмақ жоқ», «Қарыс жерден қаза бар», «Тумақ – сүннәт, өлмек - парыз» деп қарайды. Ажал діни жолмен айтқанда, Алла тағаланың пенденің маңдайына жазған дәмінің таусылуы. Күллі адам одан қашып құтыла алмайды. Ал, өлген адамның соңғы парызын өтеу, яғни бақиға аттандыру тірілерге сын. ҚХР қазақтарында көбінесе ислам шарттары негізге алынып, жергілікті әдет-ғұрып, ырым-жосындар да бірге жүреді. Оымен қоса ежелгі шамандық діннің кейбір жоралғылары да ілесіп келген. Ескерте кетер жәй – Қытай қазақтарының өлім шығару салты өзге елдердегі қандастарымыздағы үрдістермен ұқсас, бәлкім, басқаша шығар. Оны оқырман өзі пайымдар. Жалпылай алғанда бұл жоралғы төмендегідей ретпен жүргізіледі.

Адам қатты қиналып ауырғанда, ажал қаупі төнгенде оның басында отырған адам немесе өзі «Лайілолла Мұхаммед Расулалла» деп әлденеше рет қайталап, «иман» айтады. Бұл «Бір Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деген мағынадағы сөз. Адамның ажалға қарсылығының жоқ екенін айтып, өлімнің иманды болып, ұжымаққа баруы үшін тілеген дұға іспетті. Алдымен қайтыс болған марқұмның көзін уқалап, жауып аузын жұмдырады. Ақтық бұлмен иегін төмен түсірмеу үшін төбесінен орай таңады. Қол – аяғын бесікке бөлеген балаша, жазады. Марқұмның барлық жақын туыстарына, жанашыр дос-жарандарына «хабар» айтылады. Хабар айтуды жақын туыстарына ат үсті немесе төтелей айта салмайды. Ауыл ақсақалдары бас қоса барып, жұбату сөздерімен жеткізеді.

Мәйіт үйдің оң жағына жатқызылады. Жатқызылмас бұрын мәйіттің астынан 20 – 30 см. тереңдікте, ені 40 – 50 см. адам бойымен деңгейлес шағын ұра қазылып, таза тақтай төселеді. Оның үстіне ақыреттік бұл (мата) жайылады. Өліктің беті (жүзі) құбылаға қаратылады. Тұсына шымылдық құрылады. Сүйек үстайтын молла немесе ауыл ақсақалы киімін шешіндіріп алады да, үстіне денесімен бірдей таза ақ пұл жабады. Онан кейін «құйындыру» немесе «дене дәретін» алдыру жоралғысы бойынша қолының басынан бастап жуылып, аузын шайқап «дәрет алу» рәсиматын өтейді. Оң иығынан бастап, бүкіл денесі сабынды, таза сумен кемінде үш рет қайталай жуылады. Оған көбінесе 3-4 адам араласады. Бірі басын, екіншісі белін, үшіншісі аяқ жағын жуады. Бір адам құман үстап су құйып тұрады. Мұны әдетте «басына түскен, беліне түскен, аяғына түскен» деп атайды. Қаза болушы әйел адам болғанда жоғарыдағы жоралғы әйелдер жағынан атқарылады. Мұнда да иманы бар, намаз оқитын, таза жүретін, ауылдың салиқалы бәйбішелері таңдалады. Әдетте қайтыс болған адамның қазан толмасының үстін, жүрек тұсын, жамбы тектес бағалы ауыр металмен не таспен бастырып қоятын жәйт те болады. Бұл адамның ішінің кеппеуі үшін, бір жағынан ыстық кезде салқындық үшін қажет. «кеудеңді қара тас бассын» дейтін қарғыс осыған қаратылған. Кей жерде жоғарыдағы бір «құйындыру» мен жұмысты тәмамдаса, кей жерде шығарарда және де «шығару дәреті» немесе «ақырет дәреті» делініп тағы да жуындырылады. Ақырет киімін, яғни кебінді молла немесе жөн-жорылғы білетін ауыл ақсақалының бірі дайындайды. Ер адамның ақырет киімі үш қабат болады. Әуелі таза, ақ пұл жейде ретінде басынан мойын шығара кигізіп, мөлшеріне дейін ұзындықта өлшеніп жасалады. Онан соң сыртынан екі қабат, басынан бір қарыс, аяғынан бір қарыс артылта орайды. Орау барысында бүйі, шаян, тышқан қатарлы ұсақ жәндіктердің зақымдап бүлдірмеуі үшін қалампыр тектес иісті дәрі-дәрмек себіліп, бірге оралады. Әйелдердің ақырет киімі бес қабат болады. Әуелі басына жаулық ретінде бір, алжапқыш ретінде тағы бір қабат тізесіне дейін оралады. Үшінші ішкі көйлек ретінде қызыл асығына түсерліктей бір қабат, сыртынан ерлердікіне ұқсас екі қабат оралады. Орап болған соң, басындағы артылған бір қарыс бөлектен, мәйіттің ортан белінен, аяққы артылған бөлектен үш жерден буады. Бұл пәсім «құйындыру», «киіндіру», «арулау» деп әртүрде айтыла береді. Мәйіті жуылып, кебінге оралған соң енді «иман киіз» дайындалады. Әдемілеп басқан, жұқа, таза, ақ киізден адамның бойынан 2 – 3 қарыс артық, екі орауға жетерліктей өлшеніп алынады. Осы ақ киізбен мәйітті қаусыра екі қабат орайды. Сыртынан ақ құрмен орап байлайды. Мәйіттің үстіне, (бетіне) кілем жабады. Мәйіт көбінесе үйде бір түнетіліп шығарылады. Алыстан келетін туыстарын күтіп, 2 – 3 күн еру болатын кезі де болады. Мәйітті үйден шығарарда, кейде сыртта тақыл (соңғы иман) оқылады. Діни нанымда қайтыс болған адамның құлағы үш күнге дейін ашық жатады, сөзді естиді, бірақ сөйлей алмайды деп қарайды.