Тербеліс-діріл ауруының диагностикасы қиын, ол ауру табылып, диагноз қойылған жағдайда дәрігерлер көп жағдайда әкімшіліктерге дәлелдеуіне мәжбүр болады, сол себептен диагноз қойылмай әсіресе кәсіптік өндірістер жекешелінген заманда статистикалық тіркеуге алынбайтыны кездеседі. Тербеліс-діріл ауруы XX ғасырдың ауруы, техникалық үдерістердің өндіріске еніп, өрлеуінен дамыған ауру. Тербеліс-діріл ауруы кәсіптік сырқаттардың ішінде бірінші орындардың бірін алады және де оның төмендеуі әліге дейін байқалмайды. Әртүрлі елдердің региондарында тербеліс-діріл ауруы (ТА) тұрғындардың арасында 21-26%-да кездеседі. Бұл ауру әсіресе техникасы жақсы дамыған елдерде көп тараған, Жапонияда, Германияда, Англияда, Швецияда. Бұл елдерде таулы кен өнеркәсіптері жақсы дамыған, әсіресе пневмовиброқұралымен бөлшектерді өңдегенде, шойын балғамен жұмыс істегендерде жиі кездесетіні мәлім. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (БДҰ) діріл ауруы бойынша комитет құрылған, оның төрағасы болып Мәскеу медицина университетінің профессоры, гигиена және кәсіптік аурулары институтының директоры Н.Ф.Измеров тағайындалған, құрамына Санкт-Петербург СГМУ кәсіптік аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор В.Г.Артамонова кіреді. Бұл комитеттің құрылуы осы сырқаттың кең таралғандығын дәлелдейді. Көбіне ауру 20-26 жас аралығында байқалады. Осының бәрі бұл аурудың мәселесі бар екенін көрсетеді. Тарихы. Бірінші рет 1911 жылы Лорига (Англия) шойын балғамен жұмыс істегендердің арасында саусақтардың ағарғандығы жайында жазды. 1917 жылы Алиса Гамильтон оны «өлген сау-сақтардың неврозы» деп атады. М.Е.Маршак (1924 ж.) әртүрлі бөлшектерді шегелеумен айналысқан жұмысшылардың саусақтарының ағарғандығын байқаған. Е.Ц. Андреева-Галанина (1952 ж. еңбек гигиенасы мен кәсіптік сырқаттар кафедрасының бірінші меңгерушісі) алғашында мынадай диагноздар қойды: «Ангионевроз. Псевдо-Рейно сырқаты» деп. «Тербеліс-діріл сырқаты» деген диагноз қойылғанда, тіпті тербелу мен діріл әсері көрсетілген жағдайда да дәрігерге қиын тиеді. Тек елімізде 1955 жылы «Тербеліс-діріл ауыруы» (вибрационная болезнь) - деген термин пайда болды, бірақ оны дүние жүзінде бірден қабылдай қойған жоқ. Бүгінгі күнге дейін тербеліс сырқаты бірінші мәселелік ауру болып табылады. Қазірде аурудың диагностикасында қателіктер көп болуда, мысалы: кәсіптік әсері бар науқасты клиникаға жібергенде Рейно ауруы, сирингомиелия, жүйелі склеродермия аурулары қойылғандарға клинникалық анализ жүргізгенде, науқастарда тербеліс-діріл ауруы болғаны анықталады. Этиологиясы Тербеліс-діріл ауруы өндіріс үдерісіндегі дірілді жұмыстардың әсерінен пайда болатын ерекше кәсіптік ауру. Тербелістің негізгі сипаттары: бұл тербеліс жиілігі мен шайқалуы (амплитудасы) және де оның туындылары - жылдамдық пен шапшаңдылық. Тербеліс жиілігі герцпен өлшенеді (секундына бір тербеліс), ал амплитуда мм/сек өлшенеді. Тербеліс жиілігі 8-16 Гц болса, онда бұны төменгі жиіліктегі тербеліс дейді, ал 31-63 Гц орташа және 125-1000 Гц үлкен жиіліктегі тербелістеріне жатқызады. Тербеліс-діріл ауруын негізінен тудыратын 16-250 Гц жиіліктері. Тербеліс жылдамдығын қабылдау табалдырығы 10-4 м/с, ал ауру сезімінің табалдырығы 1 м/с-на тең. Ілеспелі өндірістік факторлар: шу, тоңу, статистикалық-динамикалық ауыртпалықтар, шарасыз жұмыстар, жалпы иммундық реактивтіліктің төмендеуі патологияның тез дамуына және сырқаттың клиникалық көрінісінің өзгеруіне әсер етеді. Жұмысшының тербеліспен қатысуына қарай:
1) жергілікті;
2) жалпы;
3) үйлестірілген тербелістерді ажыратады. Жергілікті тербеліс діріл ауруы көбіне соқпалы немесе айналмалы механикаландырылған аспаптармен жұмыс істейтіндердің көбіне қолы арқылы беріледі. Ал жұмыс орнының шайқалуы жалпы тербелісті тудырады. Үйлестірілген тербеліс деген жалпы және жергілікті тербелістер қосылғанда болады. Тербеліс-діріл сырқаты көбінесе көлікте, металл өңдеу, машина жасау, таукендерін қопару құрылыс жұмысында жеңіл өнеркәсіптерінде, ауыл шаруашылығында және т.б. жерлерде жұмыс істейтін жұмысшыларда кездеседі. Көптеген көліктердің жұмысы тербеліспен бірге жүреді. Тербеліске келесі мамандықтар ұшырайды: металл құю, металл қысқартушылар, шегелеушілер, бұрғылаушылар, тас кесушілер, жонушылар, өңдеп тегістеушілер, жылтыратушылар, ұштаушылар, зімпарашылар, слесарь құрастырушылар, орман құлатушылар, бетон құюшылар, дәрі жасаушылар, бульдозерді жүргізушілер, тракторшылар, ұшқыштар, теңізшілер т.б.Қарап отырсаңыздар біздің Қазақстанда бұл ауру жиі кездесуі мүмкін. Ол мына өндіріс дамыған қалаларда: Павлодар, Екібастүз, Шымкентте, Өскеменде, Қарағанды, Тараз, Орал, Жаңатас, Жезқазған, т.б. қалаларда жұмыс істеген жұмысшыларда кездеседі. Ал Алматыда мақта-мата комбинатында, ауыр машина жасау зауыты, жиһаз жасау фабрикасы және т.б. өндірістерді айтуға болады. Патогенезі. Тербеліс ауыруының патогенезі өзінің дамуымен, полиморфологиялық түрлерімен ерекшеленеді. Ауру нерв, жүрек қан тамырлар жүйесінің, тірек қимыл аппараттарының ішкі органдардың қызметтерінің рефлекторлық бұзылыстарымен өтеді. Оның пайда болуына негізінен нейрогуморалдық, нейрогормоналдық, рефлекторлық және реттеу механизмдерінің бұзылыстары жатады. Тербеліс ағзалардың барлық тінімен қабылданады, негізінен басты нерв және сүйек тіндерімен, кейінгі жақсы өткізгіш және резонатор, діріл тері қабатында, қолдың, табанның, бұлшықеттің тамырларында орналасқан тербеліс сезімталдығымен, яғни Фатер-Пачини денешіктерімен қабылданып, тиісті орталықтарға жеткізіледі. Тербеліс ұзақ уақыт шеткі рецепторларға әсер етсе, тербеліс сезімтал талшықтар арқылы жоғары орталықтарға тез тарайды. Афференттік импульстар рефлекторлық түрде жұлынның вегетативтік симпатикалық түйіндеріндегі тамыр орталығына одан ретикулярлық формация бағаналарына, ми қыртысына өтеді, аймақтық қан айналымы мен гомеостаз бұзылады. Қозу тербеліс орталықтарынан көршілес аймақтарға беріліп, шеткі қанайналымын, ауру сезімін, температуралық және тербеліс сезімдерінің бұзылуына әкеледі. В.Г.Артамонова оның әріптестері (1990), Э.А.Дрогичина, Н.Б.Метлина (1971), Т.Какаду т.б. зерттеулері бойынша орталық нерв жүйесі реттелу қызметінің бұзылуынан тамырлар тонусының, әсіресе шеткі айналымында айқын ангиоспазм немесе атония бұзылыстарына әкеледі. Сонымен қатар катехоламиндердің алмасу үдерістері бұзылады, катехоламиндердің басында көбеюі, кейін азаюы, организмнің бейімделу қабілетінің әлсіреуі байқалады. Бұл да одан сайын микроциркуляцияның капиллярлық алмасу үдерісін жоғарылатып, бұлар оттегінің жетуін және жиналуын, тотығу-тотықсыздану үдерістерін бұзады, тамырлардың өткізгіштігі өте жоғарылайды. Осыдан тербеліс сезімталдығы айқын өзгеріп, тамырдың тарылуы айқындала түседі. Кейіннен дистрофиялық ангиотрофикалық (қантамырлар неврозынан, қантамырлардың қоректену алмауы) патологиялық үдеріс пайда болады. Ангиотрофикалық бұзылыстар негізінен нерв, жүрек-қантамыр, тірек-қимыл аппаратарында, көбінесе бұлшықеттерде, сүйектерде, иық буындарында байқалады. Қазір тербелістің әсерінен вегетативтік-тамырлық реттеудің рефлекторлық бұзылуы да дәлелденген. Осыдан ауру сезімі, тоңу, сүйектердің, бұлшықеттердің ангиотрофикалық, астеновегетативтік бұзылыстар дамиды. Тербелістің гипертония ауруының тез дамуына әсер беретіні де белгілі. Тербеліс-діріл ауруының жіктелуі Көріну дәрежесіне қарай бірінші жіктелуін А.А. Дрогичина мен Н.Б. Метлина 1959 ж. ұсынды. Бұнда аурудың 3 дәрежесін ажыратады:
• Бастапқы, айқын емес I кезеңі - жеңіл дәреже.
• Орташа дамыған II кезеңі - орташа дәреже.
• Айқын дамыған III кезеңі - ауыр дәреже.
1963 жылы Е.Ц.Андреева-Галанина, В.Г.Артамонова аурудың жіктелуін ұсынды, онда тербеліс ауруы 3 түрге бөлінген:
1. жергілікті тербеліс әсерінен болған;
2. жалпы тербеліс пен сілкінудің әсерінен болған;
3. үйлестірілген тербеліс әсерінен болған.
1967 ж. Э.А. Дрогичина мен Н.Б. Метлина көбінесе кездесетін 7 клиникалық синдромдардан құрастырған (ангиодистониялық, ангиоспастикалық, вегетативтік-полиневритикалық, невротикалық синдром, вегетомиофасциттік, диэнцефалдық және вестибулярлық) жіктелуді ұсынды. 1971 және 1997 жылдар жіктелуі бойынша Санкт-Петербург қаласындағы санитарлық-гигиеналық институтының кәсіптік аурулар кафедрасы ұсынған тербеліс-діріл ауруымен ауыратын науқастардың құрылымы көрсетілген.
Жалпы тербеліс-дірілден болған тербеліс-діріл ауруының жіктелуі (М.Б.Метлина, В.Г.Артамонова т.б., 1989 ж.).
І-дәрежелі(алғашқы көріністер):
1. ангиодистониялық синдром (церебральді немесе шеткі);
2. вегетативті-вестибулярлық синдром;
3. сенсорлық (вегетативті-сенсорлық) аяқ-қолдың полиневропатиялық синдромы.
ІІ-дәрежелі (орташа ауырлық көріністер): 1. церебралдық-шеткі ангиодистониялық синдром; 2. сенсорлық полиневропатиялық синдром: а) полирадикулярлық бұзылыстармен; б) екіншілік бел-сегізкөз түбірлік синдроммен (бел-сегізкөз остеохондрозының нәтижесінде); в) нерв жүйесінің қызметтік бұзылыстарымен (неврастения синдромы).
ІІІ-дәрежелі (ауыр көріністер):
1. сенсорлық-моторлық полиневропатиялық синдром;
2. дисциркуляторлық энцефалопатиялар шеткі полиневропатиямен қосарланған синдром (энцефалополиневропатиялық синдром). Клиникасы. Аурудың клиникасы әртүрлі және көптеген ағзалар мен жүйелердің зақымдануымен, оның ішінде көбінесе шеткі қанайналымы, нерв жүйесі, тірек-қозғалыс аппаратының өзгеруімен көрінеді.