Неогегельшілдік – 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Гегель философиясын қайта жаңғырту негізінде қалыптасқан идеалистік философиядағы ағым. Н. Бүкіл Еуропа елдерінде, АҚШ-та таралып, саяси әлеуметтік жағдайлармен байланысты әр түрлі сипатта болды. Ұлыбританияда Н-тің (19 ғ-дың 80 жылдары) өкілдері Э. және П.Кердтер, Ф.Брэдли, Р.Холдейн, Д.Бейли болды. АҚШ-та гегельшілдік У.Т. Харрис бастаған Сент-Луи мектебі арқылы дамыды. Нидерландыда гегель ілімін таратқан Г.Болланд Гегельді И.Кантқа қарсы қоюдан бас тартып, олардың ілімін ойлаудың классикалық кезеңінің бастамасы мен соңы деп, ал Гегель логикасы Канттың ақылды сынауының жалғасы деп есепткді. Италияда Неогегельшілдік 19-20 ғ-дың аралығында пайда болды. Неогегельшілдіктің негізін салушы Б.Кроче мен Дж.Джентиле ұзақ жылдар бойы өзара айтысумен болды. Итальян Неогегельшілдігінің іштей жікке бөлінуі әлеуметтік мәселелерді шешуде Б.Кроченің бурж. либералдық, ал Джентиленің тоталитарлық (жаппайлық) бағытты ұстауымен байланысты. Итальян Неогегельшілдігінің алғашқы кезеңі (Неогегельшілдіг шығуынан бастап 1-дүниежүзілік соғыстың аяқталуына дейін) – Кроче мен Джентиленің бірігіп марксизмге және позитивизмге қарсы шығуы. Екінші кезеңде 1-дүниежүзілік жүзілік соғыстан 2-дүниежүзілік соғысқа дейін екі жіктің арасындағы философиялық және саяси келіспеушіліктің тереңдей түсуі нәтижесінде екі ағымға бөлінді. Кроче фаш. режимге қарсы болса, ал Джентиле фашизм пидеологтарының бірі болды. 19-20 ғ-дың аралығында Неогегельшілдікке жақын қорытындыларға келген неокантшылдықтың теоретиктері Марбург мектебі (Г. Коген, П. Наторп, Э. Кассирер)және Баден мектебі (В. Виндельбанд пен Г.Риккерт Германияда бірінші болып “гегельшілдіктің қайта өріс ала бастағанын” жариялады). 1905 ж. жас Гегель жөнінде кітап шығарған В.Дильтей Германияда Неогегельшілдіктің қалыптасуына елеулі ықпал етті. Гегель еңбектерін бастырып шығарушы Дильтейдің шәкірті неміс Неогегельшілдіктің жетекшісі Г.Глокнер таным теориясын эстетика мәселелеріне ирроционалдық бағытта телумен шұғылданды. Неміс Н-і тарих философиясы мен мәдениет философиясы, әсіресе мемлекет пен құқық мәселелері елеулі орын алды (Т.Геринг, Т. Литт, Ю. Биндер т.б.). Жалпы адамзат пен жеке адам мәселесін шешуде бурж. даралықты сынап, жалпы адамзаттықты (ұлт, мемлекет) дәріптеді. Неміс Неогегельшілдіктің өрістеуінің ең шыңы Гегельдің өлуіне 100 жыл (1931) толуына байланысты халықар. Гегельдік одақтың құрылуы болды. Соғыстан кейінгі дәуірде Неогегельшілдікті қалпына келтіруге әрекеттенгендер (ФРГ-де) Т.Литт, Г. Вейн т.б. болды. Россиядағы Неогегельшілдігтің ірі өкілі И.А.Ильин Гегель ілімін діни-философиялық дәстүрмен ұштастыруға тырысты. Францияда Неогегельшілдік (30 жылдары) экзистенциализммен ұштасып тарала бастады. Арнайы философиялық бағыт ретінде Неогегельшілдік 30 жылдармен аяқталады.
Дереккөздер
Қазақ совет энцеклопедиясы