Көптеген миелома (Миелом ауруы, жайылмалы плазмацитома, Рустицкий-Каллер ауруы) – В-жасуша ажырауының соңғы өнімі болып табылатын және қалыпты жағдайда антиденелер өндіретін плазмалық жасушаның қатерлі ісігі.
Эпидемиологиясы Көптеген миелома ДДҰ жіктемесіне сәйкес (1997-2001) қатерлігі төмен дәрежелі В-жасушаның лимфоидтық ісігіне жатады. Ол барлық қан жүйесі ауруларының 10 %-ын және барлық қатерлі ісіктер туындататын аурулардың 1 %-ын құрайды. Қатерлі ісіктер өлімінің 2 %-да көптеген миелома себеп болады екен. 1980-1990 жылдары аурудың тіркелу жиілігі 100 000 тұрғынға жылына 1,2-1,5 жаңа жағдай құраса, соңғы жылдары аурушаңдық көрсеткішінің өсуі байқалып, Еуропа Одағы елдерінде 100 000 адамға жылына 5,7 жаңа жағдаймен анықталады екен. АҚШ тұрғындары арасында ақ нәсіл адамдармен салыстырғанда қара нәсіл өкілдерінде көптеген миелома 2,3 есе жиі байқалады (100 000 тұрғынға жылына 4,3 және 9,9 жаңа жағдайға сәйкес). Көптеген миелома негізінен 60-70 жастағы адамдарда жиі кездесетін, бірақ қазір ол 50 жасқа дейінгі адамдарда да жиірек табылып жатыр. Әйелдермен салыстырғанда ерлер жиі ауырады.
Этиолгиясы Көптеген миеломаның арнайы этиолгиялық факторлары белгісіз. Әдебиеттерде дерттің дамуына иондаушы радиация, химиялық өндірістердің қалдықтары, қоршаған ортаның басқа да зиянды әсерлері туралы көптеп жазылуда. Иондаушы радиацияның маңызы атомдық жарылыстан 20 жыл өткен соң жапондықтар арасында осы аурудың жиіленуімен дәлелденген.
Көптеген миеломаға гендік бейімділіктің және цитогенетикалық бұзылыстардың үлкен қызметі анықталған. Кейбір науқастарда c-myc пен Н-ras онкогендердің өте жабысқақтығы (гиперэкскрециясы) табылған. Сонымен p53 пен Rb-1 супрессорлық гендердің мутациясы да жазылған.
Аурудың дамуында В-лимфоциттердің созылмалы антигендік ынталандырылуы және олардың плазмалық жасушасына өтуімен парапротеиндердің көп өндірілуінің қызметі жоққа шығарылмаған. Көптеген миеломаға мұнай өнімдері, бензол, астбеспен ұзақ уақыт жұмыс істеу де алып келуі мүмкін деген жорамалдар бар. Сондай-ақ В-жасушаның шексіз көбеюіне Т-лимфоцит-супрессорлардың жеткіліксіз белсенуінің маңызы бар.
Патогенезі Көптеген миелома кезінде ісіктік трансформация плазмалық жасушаларға дейін жетілу мен ажырау қабілеті сақталған В-лимфоцит жасушалар не плазмобластар деңгейінде жүреді. Иммунологиялық белгілері бойынша біртекті IgG, IgМ, IgА, IgЕ, IgD сыныбына жататын иммуноглобулиндерді (парапротеиндерді) өндіретін плазмалық жасушаның клоны пайда болады. Сонымен қатар ісіктік жасушалар тек қана бос жеңіл не ауыр тізбектерді синтездейтін көптеген миеломаның түрлері де бар. Бос жеңіл тізбектер несепте Бенс – Джонс протеині түрінде табылады.
Соңғы жылдары миеломдық жасушалардың көбеюіне цитокиндердің зор қызмет атқаратыны анықталған. Плазмалық жасуша иммуноглобулиндермен бірге остеокласт белсендіруші факторды (интерлейкин-1-β), интерферонды, ісік некрозының факторын, интерлейкин-5 синтездейді. Қазіргі кезде фибробластар, макрофагтар мен остеобластар өндіретін интерлейкин-6 цитокиніне көп назар аударуда. Интерлейкин-6 плазмалы миеломдық жасушалардың өсу факторын және олардың апоптозын тежейді, сондай-ақ р53 пен Rb-1 гендердің мутациясына да ықпал етеді. Бұл науқастардың қан сарысуында интерлейкин-6 мөлшері жоғарылайды, ол сүйек миындағы строма жасушалары қызметінің артуына және олардың цитокиндерді көп бөлуіне байланысты. Миеломдық жасушалардың пролиферациясына интерлейкин-6 әсерін ГМ-КЫФ және интерлейкин-3 күшейтсе, жоғары мөлшердегі α-интерферон тежейді.
Аурудың патогенездік сатыларын созылмалы (айқын) және жедел (соңғы) деп екіге бөлуге болады Созылмалы сатысында ісіктің патоморфологиялық субстраты орташа не төмен көбею белсенділікке ие болып, ісік біркелкі миеломдық жасушалардан тұрады, бұл кезде миелодепрессия мен интоксикация симптомдары орташа білінеді, ісік сүйек миынан және сүйектің қыртыс қабатынан шықпайды. Кейін дерттің үдеуіне байланысты ісіктік клонда қайтадан онкогендік мутация жүріп, пролиферацияға өте қабілетті қатерлі жасушалардың субклоны түзіліп, ісіктік жасушаның апоптозы бұзылады, ауру соңғы сатыға өтеді. Бұл сатыда ісік сүйек миынан тыс шығып, ішкі ағзаларға метастаз береді, ауыр миелодепрессия дамып, айқын интоксикация байқалады. Соңғы сатысында ісіктің морфологиялық субстраты өзгеріп, лимфосаркомаға өтуі мүмкін. Көптеген миелома кезінде плазмалы жасушалардың патологиялық көбеюі келесі патофизиологиялық өзгерістерге алып келеді:
• сүйектердің деструкциясы және сүйек миының зақымдануы, қан өндірілудің бұзылысы (анемия, лейкопения, тромбоцитопения); • иммундық тапшылық және миеломдық жасушалардың өмір сүру нәтижесінде пайда болған өнімдердің қалыпты иммундық жүйенің қызметін төмендетуге байланысты инфекциялық-қабыну үрдісіне аса бейімділік; • парапротеиндер секрециясына байланысты клиникалық көріністердің айқындалуы – қан тұтқырлығының жоғарылау синдромы, криоглобулинемия, амилоидоз, гемостаз бұзылысы, миеломдық нефропатия.
Клиникалық көрінісі, зертханалық және құрал-саймандық зерттеулері Көптеген миеломаның ағымында симптомсыз, клиникалық көріністердің айқындалу және соңғы кезеңдерін ажыратады.
Симптомсыз кезеңі Көптеген миеломада симптомсыз кезең әртүрлі ұзақтыққа созылады (5-15 жыл, сирек одан да ұзақ). Бұл кезеңде науқастар өзін қанағаттанарлықтай сезініп, еңбекке қабілеттілігі сақталады, ішкі ағзалар мен сүйек жүйесінің клиникалық зақымдану белгілері болмайды. Бірақ, міндетті түрде (әдетте, кездейсоқ тексерілгенде) ЭТЖ жоғарылауы, протеиндердің электрофорезінде қан сарысуында М-компонент пен түсініксіз протеинурия табылады. Сүйек миында плазмалық жасушалардың саны қалыпты күйде сақталады.
Клиникалық көріністердің айқындалу кезеңі Бұл кезең айқын клиникалық көріністерге, көптеген субъективті сезімдерге, сүйек пен ішкі ағзалардың зақымдану симптомдарына бай болады. Науқастар айқын жалпы әлсіздікке, еңбек ету қабілетінің нашарлауына, бас айналуына, жұмыс күнінің соңында шаршауға, тәбетінің төмендеуіне, тыныс алу жүйесінің жиі-жиі қабынуына, сүйектердің қақсауына шағымданып дәрігерге қаралады.
Клиникалық көріністердің айқындалу кезеңінде келесі синдромдарды кездестіруге болады.
Сүйек патологиясы синдромы Көптеген миелома кезінде сүйектің зақымдануы жетекші клиникалық синдром болып табылады және клиникалық көріністердің айқындалу кезеңінде барлық науқастарда анықталады. Сүйектің зақымдануларының негізгі факторлары: • сүйектегі ісіктің өсуі (миеломатоздық); • ісік жасушалары остеокласт белсендіруші факторды (интерлейкин -1-β) өндіріп, олар өз кезегінде лимфотоксинді, ісіктік-β некрозының факторын, интерлейкин-6 белсендігін күшейтеді.
Аталған факторлар сүйек тінінің еруіне (лизис) алып келеді. Ең алдымен жалпақ сүйектер (бас сауыты, жамбас, төс, қабырға) және омыртқалар, сирек түтікті сүйектер (негізінен эпифиз) зақымданады.
И.А. Кассирский, Г.А. Алексеев (1970) көптеген миелома кезіндегі сүйектердің зақымдануының клиникалық көрінісінде классикалық үштік симптомдардың – ауырсыну, ісік, сынудың болуын көрсетеді.
Сүйектердің ауырсынуы (оссалгия) 80-90 % науқастарда байқалады. Алғашында оссалгия күшті емес, тұрақсыз, жиі бел-сегізкөз аймағындағы зақымданған омыртқалар деңгейінде, кеудеде орналасып, төсек тәртібін сақтаса жылдам басылады (обырдың сүйекке берген метастазынан айырмашылығы). Бірақ дерттің үдеуіне байланысты сүйектегі ауырсыну күшейе түседі, мазасыздық тудыртады, қозғалғанда, денені бұрғанда, еңкейгенде ауырсыну күрт, қарқынды болады. Кейбір науқастарда қол мен аяқтың ірі буындарында ауырсыну мазалап, кейде шатасып оларға ревматоидты артрит диагнозы қойылады. Кенеттен ауырсыну сүйек сынуының белгісі болуы мүмкін. Сүйектің сынуы аз ғана физикалық күштемеде, қолайсыз қозғалыста, сүйекті басқанда байқалады.
Науқасты қарағанда, әсіресе дерттің кеш кезеңінде сүйектердің негізінен бас сауыты, қабырға, төс, омыртқалар, сирек – ұзын түтікті сүйектердің эпифиздерінде ісіктік деформация табылады. Сырт қараған кезде сүйектердің деформациясы жиі байқалмауы мүмкін, бірақ, қаққанда (перкуссияда) олардың айқын ауырсынуы анықталады. Омыртқалардың денесінің отыруы (тығыздалуы), басылуы және сыныуына байланысты науқастың бойы кішірейеді.
Рентгенологиялық зерттеуде сүйектердің зақымдануы диаметрі әртүрлі (бірнеше мм-ден 2-5 см дейін) дөңгелек пішінді ақау (деструкция ошақтары) ретінде, әсіресе, бас сүйегінің ошақты деструкциясы («шұрқ тесікті бас сүйегі», «күйе жалаған жүн») өте жақсы көрінеді. Бас сүйегі жұқа болғандықтан, ісік оны тез бұзып кемікті затқа өседі. Сондықтан көптеген миелома кезінде ең алдымен бас сүйегінің рентгенографиясы жасалады.
Деструкция ошақтары мен остеолизис басқа да жалпақ сүйектерде – жауырын, қабырға, жамбас сүйектерінде табылады. Жиі «ара ұясына» ұқсас көптеген остеолизистік ошақтар анықталады. Сүйектегі деструктивті үрдістер сынумен асқынады және ол рентгенограммада жақсы көрінеді. Солитарлық миеломаның рентгендік белгісі 2 % жағдайда қалталарға ұқсайды.
Омыртқалардағы деструктивті-остеопороздық үрдістер олардың пішіндерін өзгертіп (қиықты, қабыршақты-тәрізді, «балық» омыртқасы) басылу сынықтарына алып келеді. Омыртқаның ауыр зақымдануында олардың контурлары мүлдем жоғалуы мүмкін. Кейбір науқастарда сүйектің зақымдануы жекелеген ошақты деструкциясы (остеолизис) емес, жайылмалы остеопорозбен көрініп, сынумен асқынады.
Кейде, әсіресе дерттің бастапқы кезеңінде сүйек зақымдануының рентгенологиялық белгілері болмайды, бірақ бұл жағдайларда деструкция мен трабекуланың жұқарғанын анықтауға микрорадиографиялық зерттеу көмектеседі.
Көптеген миелома кезіндегі сүйек зақымдануының рентгендік белгілерін қалқанша безінің, сүт безінің, қуық асты безінің, гипернефроидтық обыр және басқа да қатерлі ісіктері кезіндегі метастаздармен, сондай-ақ басқа да этиологиялық остеопороздармен (әсіресе, сенильдік) ажырату қажет.
Қан өндірілу жүйесінің зақымдануы Қан өндірілу жүйесі көптеген миеломаның бастапқы кезеңінде зақымданады, бірақ оның клиникалық көріністері айқын болмайды. Дерттің үдеуіне байланысты анемия дамиды. Кейде анемия алғашқы және басым келетін белгісі болуы мүмкін. Анемия бір жағынан плазмалы (миеломдық) жасуша көбеюінің нәтижесінде қызыл қан өндірілу өскіншесінің қысылуынан, екінші жағынан миеломдық нефропатия кезінде дамыған созылмалы бүйрек жетіспеушілігі салдарынан азот қалдықтарының улы әсерінен, ал үшінші жағынан цитокин ИЛ-1 және ісік-β-некрозының факторына байланысты эритропоэтин өндірілуінің төмендеуінен туындайды. Анемия тері мен көзге көрінетін сілемей қабаттардың айқын боздығымен, ентігумен байқалады. Әдетте, анемия нормохромды нормоцитарлық сипатты көрсетіп, ретикулоциттер саны қалыпты не аз болады. Қан жұғындысында эритроциттер «тиын бағанасын» түзіп, есептеуді қиындатады.
Тромбоциттер мен лейкоциттер саны қалыпты болады. Көптеген миеломаның соңғы кезеңінде нейтропения, кейде тромбоцитопения табылып, қанда панцитопения синдромы байқалуы мүмкін.
Қанда плазмалы жасушалар көптеп анықталады.
Тұрақты түрде ЭТЖ-ның жоғарылауы көптеген миеломаның классикалық белгісіне жатады.
Төс пункциясын зерттеу – ең маңызды тәсілі және онда плазмалы жасушалар 10 %-дан көп болады. Миелограммада плазмалы жасушалар жетілудің әртүрлі дәрежесінде, яғни плазмобластар, проплазмоциттер мен жетілген плазмалы жасуша түрінде кездеседі. Неғұрлым ісіктің субстраты жас жасуша болса, соғұрлым оның болжамы нашар болады. Кейде миеломдық жасушаларды бояған кезде тамшылы фукцинофильді қосымшалар – Рассел денешігі табылады. Кейбір кезде миеломдық жасушаларда таяқ, ромб, тік бұрыш тәрізді протеиндердің кристалдары анықталады. Оны «Бенс-Джонс протеинінің кристалдары» деп санайды. Миелограммада көптеген миеломаның жайылмалы түрінде плазмалы жасушалар барлық кезде табылса, көптеген ошақты немесе солитарлық түрінде пунктат қалыпты болып көрінуі мүмкін. Ондай жағдайда төс пункциясын әр жерден қайталап алу қажет және трепанобиопсия немесе зақымданған сүйекті (қабырғаны, жауырынды және т.б.) кесіп зерттеу керек.
Протеидердің патологиясы синдромы