Самарқан көтерілісі — патшалық Ресейдің саясатына қарсы Самарқан қаласында болған көтеріліс. Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан соң өлке генерал-губернаторы К.П. Кауфманның басшылығымен орыс әскерлері Бұхар әмірлігіне қарасты жерлерді жаулауға кірісті. Озық үлгідегі қару-жарақпен жасақталған орыс әскерлеріне Бұхар әмірі Мұзаффар тегеурінді қарсылық көрсете алмауы себепті, 1868 жылы 2 мамырда Самарқан қаласы шайқассыз орыс әскерлерінің қолына өтті. Бұл хабар өлке халқы арасында тез тарап, Орталық Азиядағы түркі-мұсылман халықтарының қасиетті орны саналатын Самарқанды орыстардан азат етуге деген наразылық күшейте түсті. Самарқан төңірегінде жергілікті халықтан жасақтар құрылды. Нұратада Сыздық сұлтан бастаған 2000 қазақ жігіттерінен құрылған жасақ та Самарқанды азат етуге қатысатындықтарын білдірді. Кауфман Самарқанда 650 адамнан тұратын гарнизонды қалдырып, қалған әскерімен халық жасақтарына тойтарыс беруге аттанды. Осындай сәтте, 21 мамыр күні Самарқан тұрғындары көтеріліске шығып, орыс гарнизонын қаладан қуып шығуға әрекеттенді. Орыс гарнизоны әлсіз қаруланған көтерілісшілерден қаладағы қамалға тығылып аман қалды. Губернатор көтерілістің басталғанын естісімен Самарқанға оралып, оларды аяусыз жазалады. Бұл көтеріліс Түркістан халқының азаттық күресінің онан әрі өрістеуіне ықпал етті.Қазақ Энциклопедиясы, 7 том
Дереккөздер
Санат:Тарих