Шығу тарихы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың қазан айында Республиканың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат Қазақстанда тұрақты, динамикалы экономикасы бар мемлекет құрудың ұзақ жылдарға бағытталған даму жолын көрсетіп берді. «Қазақстан – 2030» Стратегиясын іске асырудағы алғашқы кезең 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасы болды. Бағдарлама бәсекелестікке лайықты экономикасы мен өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған, әлеуметтік саланың қызмет көрсету деңгейін қолжетерліктей дәрежеге жеткізу міндеттерін анықтап берді. Стратегияны жүзеге асыру кезеңінде көптеген басты салаларда ілгері дамуға қол жеткізілді. Бүгінгі жеткен орасан жетістіктеріміз, Қазақстан азаматтарының алға қарай жасаған ұмтылыстарының бірізділігін сақтаудың, экономиканы жетілдірудің, заманауи азаматтық қоғам құрудың негізін анықтап берді деп мықты сеніммен айта аламыз. Дегенмен, 2010 жылға дейінгі Стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде алдыңғы қатарлы салалар айтарлықтай дамығанымен, көпшілігінің жоспарлары аяғына дейін жеткізілмей отыр. Қазақстанның даму жағдайында да елеулі өзгерістер болды. Әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты 2007 жылғы әлемдік дағдарыс Қазақстанға да өз әсерін тигізді. Экономикамызды әлемдік дағдарыстың көлеңкелі тұстарынан сақтандыратын шаралар қабылдау қажеттілігі туды. Осыған орай «Қазақстан – 2030» Стратегиясының келесі кезеңі – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасы қабылданды. Ол дағдарыс кезеңінде бәсекелесуге қабілетті экономиканы қалпына келтірудің негізін салуға бағытталған. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында мемлекеттік қызметте бес басты бағыт болады.

Бірінші бағыт Келешектегі сапалы дамудың негізін салуға мүмкіндік жасайтын іскерлік жағдайды жақсарту, қаржы секторын нығайту және заң жүйесін жетілдіру мақсатында кешенді шаралар жасау қарастырылып жатыр. 2020 – Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыра бастаған алғашқы жылдар, әкімшілік шараларды жеңілдету, олардың айқындығын күшейту , отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар бизнестерін жүргізу бағасын түсіру барысындағы белсенді іс-шаралардың бастамашысы болды. Болжам бойынша 2020 жылға қарай экономиканың шикізаттың емес секторында отандық және шетелдік инвестициялар 30 пайызға өседі. Ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) салынған шетел инвестициясының үлесі 10 пайызға өседі. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің де үлесі 7-10 пайызға көтеріледі. Экономиканың дамуы мен диверсификациясы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында және оның шамадан шығып кетпеуі үшін ресми саясат жүргізіледі, ол елдің экономикалық көрсеткіштері жоғарылаған жағдайда үкіметтің шығынын тежеп, экономика құлдыраған кезде оны көтеріп отырады. Осыған қарамастан 2020 жылға қарай шикізаттың емес бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан аспауы керек. Кредиттік-ақша саясаты инфляцияны құрықтау шарасының тиімділігін арттырады. Теңгені айырбастау бағасының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекелестік тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Дағдарыстан кейінгі кезең ішінде экономиканы қалпына келтіру барысында қаржы секторын мемлекет тарапынан қолдау сақталады. Жалпы оның дамуы елдің индустриалды-инновациялық дамуын жеделдетуге қаржы ресурсын тартуға бағытталады. Елдің қаржы секторына деген сенімін қалпына келтіру және оның қызмет көрсету ауқымын кеңейту бағытында жұмыстар жасалады. Қаржылық қызмет көрсету саласының тұтынушыларының құқығы мен мүддесін қорғау механизмін кеңейтуге, ішкі бақылауға тиімді жүйе енгізуге және қаржы мекемелерінің менеджмент тәуекелділігіне, сонымен қатар олардың қызметінің айқын болуына ерекше орын беріледі. Ішкі ресурстардың дамуына байланысты көпжақты қаржылық қызмет көрсететін нарықтық қор да дамиды. Сенімді құқықтық ортаны қалыптастыруға келетін болсақ, соттардың ашық және тәуелсіз болуына және сот корпусының кәсіби шеберлігін арттыруға, келешекте заң шығару мәселесін жетілдіруге, ескірген заң нормаларын жоюға, жалпы алғанда халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеруге және кәсіби заңдық көмек көрсетуге басты назар аударылады. Екінші бағыт Экономикалық диверсификация мұнай өңдеу мен мұнай-газ секторы инфрақұрылымдары; металлургия мен дайын металл бұйымдарын шығару; химия, фармацевтика және қорғаныс өндірісі; ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығару, сонымен бірге энергетика, көлік және коммуникациялардың озық дамуы сияқты басым бағыттар есебінен қамтамасыз етіледі. Осы салалардың дамуы экономикалық модельді өзгертіп, шикізат бағытының индустриалды-инновациялық бағытқа өтуіне мүмкіндік жасайды. Әсіресе бұл «болашақ экономика» секторының дамуына қатысты, олар таяу екі онжылдықтарда өте маңызды болуы керек. Бұлар информациялық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар, балама энергетика, ғарыштық қызмет. Ұтымды, әлеуетті дамыған экономика аймағын қалыптастыру мақсатындағы экономика диверсификациясы, экономикалық даму орталықтарын құру жоспарларымен үйлестіріледі. Іскер адамдар мен туристерді қызықтыратын, бәсекелестікке төтеп бере алатын экономикасы мен қоршаған ортасы жанға жайлы қала ретінде, елордамыз – Астананың әрі қарай дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Экономикалық диверсификация қарқынын күшейту барысында мемлекет тиімсіз жобалардың іске асуына қарсы тұрады, мемлекет есебінен қаржыландырылатын барлық жобаларға қаржылық және экономикалық тиімді стандарттар енгізіледі. Осыған орай мемлекет қаражатының жұмсалуының ашық және айқын болуы күшейтіледі. 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің құрамындағы қайта өңдеу өндірісінің үлесін 13 пайызға дейін жеткізу, шикізаттың емес экспорттың жалпы экспорт көлеміндегі үлесін 45 пайыздан кем емес көрсеткішке дейін көтеру жоспарланып отыр. Қайта өңдеумен айналысатын өндірістік салаларда еңбек өнімділігі 2 есе, агроөнеркәсіп кешендерінде 4 еседен кем емес болуы керек. Ішкі жалпы өнімнің энергетикалық сыйымдылығы 25 пайызға төмендейді. Энергетикалық сектордың даму шеңберінде Қазақстан зарарлы техникалық газдың ауаға тарауы жөнінен жаһандық мақсаттарға жетуге жағдай жасайды. Арзан электр қуатын алудың бірден-бір жолы атом энергетикасын дамытумен атом электр станциясын салу. Көлік қатынастарынан дамытудың негізгі бағыты көлік инфрақұрылымын құрайтын 4 құрамдас негізгі бөліктерін өзара біріктіру: теміржол, автомобиль, ауа және су. 2020 жылға дейін 1400 жаңа теміржол линиялары, мысалы Бейнеу – Шалқар, Жезқазған – Сексеуіл, олар 2017 жылы іске қосылады. 2014 жылға қарсы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автожолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігін қайта құру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, екінші онжылдықтың аяғына қарай республика көлемінде 16 мың шақырымға жуық республикалық маңыздағы автожолдар салынып, күрделі жөндеуден өтеді. Әуе жолы саласындағы стратегиялық алға қойған мақсаттардың да бағыты осал емес. 2020 жылға дейін республикада 4 халықаралық әуежай-хабалар болуы қажет, ал әуежай ИКАО категориясына ие болады. Қазақстан порттарының өткізу мүмкіндігі 2020 жылға дейін 48 млн тоннаға жеткізіледі. Телекоммуникация саласын ынталандыру әрі қарай дамиды, заманауи ИКТ саласы құрылады, телекоммуникациялық және электрондық қызмет көрсету кең етек жаяды. Халықты телефон байланысымен толық қамту және кең түрдегі Интернетке қол жеткізу, «Электронды үкімет», «Электронды әкімшілік» жобаларын жүзеге асыру шеңберінде әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетудің 50 пайыздан кем емес бөлігін электрондық формаға кешіру жоспарланып отыр. Қазақстанда бұл жоба 2015 жылы жүзеге асады, бұдан арғы бес жылда ИКТ-ның халыққа базалық қызмет көрсетуі қолжетерлік болады. Негізгі күш отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына бағытталған, тиімді сауда саясатына жұмсалады. Әзірше өтімді жоба Белоруссия, Қазақстан, Ресей Кеден одағын дамыту болып отыр. Үш мемлекетті интеграциялаудың келесі сатысы – Бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстан ТМД елдері арасындағы интеграциялық жұмыстар барысын қолдай отырып, Әлемдік сауда ұйымына мүше болу барысын жеделдетеді. Үшінші бағыт Кез келген мемлекеттің тұрақты және жүйелі дамуындағы басты факторлар адамдар ресурсының саны мен сапасы. Адам – прогресстің, инновация мен өндірістің дамуының негізгі қозғаушы күші. Осылайша, болашақ он жылдың ішінде адамдар капиталына салынған инвестициялар күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. Бір бағыт шеңберінде, мемлекет назары 3 мәселеге аударылады. Олар білім беру саласын модернизациялау, денсаулық саласын реформациялау мен еңбек ресурстарына ықпалды саясат жүргізу. 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгіден жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейдегі білім саласы модернизацияланады. Соңғы жылдары жыл сайын балабақшалар мен мектептер ашылуда, мұндай қарқын тәуелсіздікке қол жеткен он бес жыл ішінде болған емес. Жалпы білім беру саласы 12 жылдық білім беру моделіне көшеді, оқушы он жылда жалпы орта білім алып шықса, қалған екі жылда кәсіптік орта білім беріледі. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы заманауи еңбек нарығының сұранысына сәйкес жүйеге қол жеткізеді, ал білім стандарттары Ұлттық мамандық жүйесі арқылы кәсіби стандарттарға сәйкес құрылады. Орта, техникалық және кәсіби білім беру салаларына электронды оқыту жүйесі енгізіледі. Жоғарғы оқу орындарына корпоративтік менеджмент қағидасы енгізілген, академиялық еркіндіктер беріледі. 2020 жылға дейін Қазақстанның кем дегенде екі жоғарғы оқу орнына әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері рейтингісіне ену мақсаты қойылады. Орта білім беру жүйесіндегі модернизациялауға жағдай туғызатын ең маңызды жобалардың бірі, «Назарбаев Зияткерлік мекептері» және «Назарбаев Университет». Ол еліміздің барлық жерлеріндегі балалар бақшалары мен 12 жылдық білім беру салаларына арналған оқу-тәрбие бағдарламаларын дайындайтын, енгізетін және тәжірибеден өткізетін алаң болады. Университет отандық инженерлік-техникалық және ғалым мамандарды дайындауда, заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымдарын құруда, озық, сапалы білімді қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік білім беру саласын әрі қарай да қаржыландыру жүйесін жақсарта түседі. Денсаулық сақтау жүйесінің кезек күттірмейтін міндеттері медициналық жәрдемнің сапалы және қолжетерлік болуы. Осы бағытта мемлекеттік медициналық мекемелерді басқару бағыттары қайта қаралады, инвестициялық саясат жүргізу қарастырылады, нәтижелілікке биімделген қаржыландыру және медициналық қызмет көрсету ақысын төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл шаралар медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады, 2020 жылға дейін халқымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жылға жетеді, осыған орай өлім көрсеткіші (30 пайызға), қауіпті аурулармен ауру (мысалы, өкпе құрты ауруы 20 пайызға) төмендейді. Әлбетте, жалпы бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысы, салауатты өмір салтын енгізу мен жеке адамдардың денсаулықтарына деген ниеттестік принципі, денсаулық сақтау саласымен қатар қазақстандықтардың күнделікті өмірлік және мемлекет саясатын ажырамас бөлігі болады. Білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласындағы реформалардан басқа мемлекет еңбек жағдайының қауіпсіздігіне, елімізге білікті мамандардың келуіне, соның ішінде өзінің тарихи отанына келіп, еліміздің экономикалық дамуына өз үлесін қосқысы келетін отандастарымызға жағдай жасайтын көші-қонды басқарудың ұтымды болуына ерекше көңіл бөлетін болады. Төртінші бағыт Мұндағы басты мақсат, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелерін күшейту және тиімді тұрғын үй мен коммуналдық қызмет көрсету. Ондаған жылдар бойы тиімділікке негізделген атаулы әлеуметтік көмек жүйесі қалыптаса береді. Негізгі әлеуметтік және зейнетақы төлемдері өсіп, тұрғындарды әлеуметтік сақтандырудың көлемі кеңейтіліп, әлеуметтік қолдауға зәрулердің жағдайлары лайықты қамтамасыз етіледі. Атаулы әлеуметтік жүйенің әрі қарай дамуы мен көмекті қажет ететін тұрғындардың әлсіз бөлігін қолдау, әлеуметтік тәуекелділікті азайту мен кедейлікті жеңуге бағытталады. Осыған байланысты халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздар қатарын азайтуға бағытталған кешенді шаралар өткізіледі.