Шырма балық () – тұқытәрізділер отрядына жататын майда балықтар тұқымдасы. Бұрын осы тұқымдастың құрамында талма балықтар туыс ретінде қарастырылған. Олардан айырмашылығы: көзінің астында жиналмалы тікенегі бар, кейде ол терінің астында болады, екі жағынан қысыңқы басының жақтары жалаңаш, құйрық қанаты тік немесе доғал, созылыңқы денесі екі бүйірінен қысыңқы, үш жұп мұртшасының біреуі тұмсығының ұшында, екі жұбы үстіңгі ернінде орналасқан. Шырма балық Еуропа мен Азия су айдындарында тараған. Қазақстан суларында 3 туысының өкілдері кездеседі. Кәдімгі шырма балық (Mіsgurnus fossіlіs) – Еділ атырауындағы суларда; сібір шырма балығы (Cobіtіs melanoteuca) – Еділ, Жайық, Ертіс, Нұра өзендерінің су алаптарында; каспий шырма балығы (Sabanejewіa caspіa) – Каспий теңізі мен Жайық және Жем өзендерінде; алдыңғы азиялық шырма балық (Sabanejewіa aurata) пен оның түр тармағы арал шырма балығы (S. a. aralensіs) – Сырдария, Шу және Сарысу өзендерінің су алаптарында кездеседі. Шырма балықтың денесінің ұзындығы 8 – 15 см, 2 – 3 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Мамыр – маусым айларында уылдырығын (300-ден 3000-ға дейін, аналығының мөлшеріне байланысты) балдырлы жерлерге шашады. Негізінен су түбіндегі майда омыртқасыздар, зоопланктондар мен балдырлармен қоректенеді. Шырма балықтың кәсіптік маңызы шамалы, тек жыртқыш балықтарды аулағанда қармақ жемі ретінде пайдаланылады.

Дереккөздер

Қазақ энциклопедиясы, 9 т.

Санат:Тұқытәрізділер