Үлкен Қарақамыс — Есіл алабындағы көл.

Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы жерінде, Қарақамыс ауылынан оңтүстікке қарай 6 км жерде орналасқан.

Гидрографикасы Су айдынының аумағы 6,8 км2, су мол жылдары 10,5 км2-ге дейін ұлғаяды. Ұзындығы 4,6 км, ені 4,1 км. Жағалауының ұзындығы 20,4 км, ең терең жері 2,8 м. Су жиналатын алабы түгелімен дерлік жыртылған. Көл түбіндегі тұнбаның қалыңдығы 0,5 - 0,7 м. Суы сәл ащылау, көктемде жұмсарады, жаздың соңына қарай суы кермек татиды.

Жағалау сипаты Қазаншұңқырда жатқан көлдің жағалауы аласа, түбі тегіс, сазды. Жағалауында қатты сабақты өсімдіктер өскен. Қамыс, құрақ, шалғын, қияқ өскен. Құстардың келу, кету кезінде, әсіресе, күзде мұнда мыңдаған сұр, ақбас қаздар, сұр тырна, т.б. сулы-сазды жерді мекендейтін құстар көп болады.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:Жамбыл ауданы (Солтүстік Қазақстан облысы) көлдері Санат:Есіл су алабы