Қазақ тілі публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы (Qazcorpora) — қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы. Жоба «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылған.

Корпус қазақ тілінің бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдарының базасы ретінде қызмет етеді. Ол виртуалды кеңістікте мемлекеттік тілдің семантикалық аясын және ақпараттық таралу ауқымын зерттеуге мүмкіндік беретін ашық ақпараттық-анықтамалық жүйе болып табылады. Жүйе қазақ тіліндегі әдеби тіл стилі мен тілдік қолдану түрлерін қамтитын цифрландырылған мәтіндер базасын ұсынады.

Жүйе базасында 2,3 миллионнан астам сөзқолданыс тіркелген. Сөз таптары бойынша көрсеткіштер: зат есім – 4,9 млн, етістік – 1,5 млн, сын есім – 289 мың, сан есім – 1744 (қалғаны өзге сөз таптары). Жалпы корпус көлемі 5304 құжаттан, 309 153 сөйлемнен және 5,1 миллионнан астам сөзқолданыстан тұрады.

Корпусқа «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалардың электронды көшірмелері енгізілген. Мәтіндерге 12-20 параметрлік метабелгілер (мәтін авторы, тақырыбы, стилі, жанры, түрі, хронотоп, дереккөз, басылым мерзімі және т.б.) бекітілген.

Іздеу жүйесі Жүйенің іздеу функциясы келесі сүзгілер арқылы жүзеге асады: нақты сөз бойынша; морфологиялық негізде (сөздің түрленуі/жіктелуі бойынша); сөз табы бойынша; сөздің соңындағы тыныс белгілері арқылы.

Мақсаты және қолданылуы Корпус тіл білімі саласындағы ғылыми зерттеулерге, қазақ тілін оқытуға және лексикографиялық (сөздік құрастыру) жұмыстарға арналған. Ол лингвистерге, мектеп оқушылары мен мұғалімдерге, журналистер мен редакторларға грамматикалық формалар мен сөздердің қолданылу жиілігін статистикалық талдауға мүмкіндік береді.

Жоба авторлары Жоба жетекшісі — филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Н. Аитова, техникалық сүйемелдеу бойынша жетекшісі – М. Бақытқызы. Жобаны әзірлеуге келесі оқу орындары мен ұйымдардың мамандары қатысты: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті; Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті; Назарбаев Университеті; Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті; Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті; Баишев университеті; «Minialgo» ЖШС; «Qazkitap баспасы» ЖШС.

Сыртқы сілтемелер Qazcorpora ресми сайты Қолдану бойынша нұсқаулық

Санат:IT жобалар Санат:Қазақстан сайттары Санат:Қазақ тілді сайттар