Сфалерит (грек. sphaleros – алдамшы), мырыш алдамшысы – сульфидтер класына жататын минерал. Химиялық формуласы: ZnS, құрамында Zn – 67,1%, S – 32,9%. Изоморфты қоспалары: Fe, Cd, Қn, Mn, т.б. Түрөзгерістері: түсі ақ, қоспасыз сфалерит – клейофан; қара, темірі көп сфалерит – марматит; сұр, кадмийлі сфалерит – пршибрамит; ұнтақ, 2%-дай кадмийі бар сфалерит – брункит.
Кубтық сингонияда кристалданып, тетраэдр, кубоктаэдр, додекаэдр пішінді кристалдар түзеді. Агрегаттары түйірлі, қабыршақ, ұнтақ, колломорфты масса құрайды. Сфалерит – түссіз, ақ, қоспаларына байланысты қара, қызыл қоңыр, жасыл, қызғылт, сарғылт түске өзгереді. Алмастай жылтыр, жымдастығы жетілген; қаттығы 3,5 – 4,0, морт, тығыздығы 3,9 – 4,1 г/см3. Пьезо- және пироэлектрлік қасиеттері бар. Жаратылысы гидротермалдық, кейде пневматолиттік және шөгінділік. Тұтас түйір масса түрінде кварц, галенит, пирит, халькопириттермен бірге кездеседі. Тотыққанда смитсонитке айналады. Қазақстанда Кенді Алтай, Сарыарқа, Қаратау, Жетісу Алатауының полиметалл, мыс кендерінде кездеседі. Сфалерит кентасынан негізінен мырыш, кадмий, индий, галий өндіріледі. Ақ бояу, флюросценциялық экран жасауға қолданылады.
Дереккөздер «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Санат:Мырыш минералдары Санат:Сульфид минералдар Санат:Кендер