1936 жылғы КСРО Конституциясы (; бейресми атаулары: «Сталиндік конституция», сирек - «Социализмді жеңген конституция») — 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің Бүкілодақтық Төтенше VIII съезінде қабылданған және 1977 жылға дейін (өзгертулер және толықтырулармен) қолданыста болған КСРО-ның негізгі заңы.

Әзірлеуі және қабылдауы Алғышарттары 1924 жылғы Конституция бойынша заң шығару үдерісінің кемшіліктері 1920 жылдардағы ЖЭС кезеңінде байқалды: КСРО ХКК заң шығару атқарымдарының шамадан тыс жүктелуіне байланысты үкіметтің басқару мәселелеріне уақыты жетпеді. Маңызды себептердің бірі елде толық ұжымдастыру мен индустрияландырудан кейін заңдылықты қалпына келтіру қажеттілігі болды — партия бұл міндетті 1932 жылға белгіледі.

Дүниежүзілік революциядан КСРО-ның ұлттық мүдделерін қорғауға бет бұру 1934 жылы КСРО-да бағыт өзгерді: «дүниежүзілік революцияға назар аударудан үзілді-кесілді бас тарту, КСРО-ның ұлттық мүдделерін бірінші кезекте қорғауды жариялау және мұның бәрін конституцияда бекітуді талап ету» Сталиннің БК(б)П XVII съезінде парламентаризмді пайдалану мүмкіндігі туралы баяндамасында айтылды. 1934 жылы 25 маусымда ОК Саяси бюросы КСРО Кеңестерінің VII съезінің күн тәртібіне конституциялық мәселелер туралы баяндаманы енгізді.

1935 жылы 14 қаңтарда бұл құжатты дайындау В.М. Молотовқа тапсырылды. 25 қаңтарда Сталин Саяси Бюроның мүшелері мен мүшелігіне кандидаттарға, сондай-ақ Енукидзе мен Ждановқа жазған жазбасында былай деп түсіндірді: «Менің ойымша, КСРО конституциясына қатысты жағдай бастапқыда көрінгеннен әлдеқайда күрделі. Біріншіден, сайлау жүйесін оның көпқабаттылығын жою мағынасында ғана емес, өзгерту қажет. Сондай-ақ ашық дауыс беруді жабық (жасырын) дауыс берумен алмастыру мағынасында да өзгерту қажет. Бұл мәселеде жарты жолда тоқтамай, бізге соңына дейін баруға болады және баруға тиіспіз. Қазіргі уақытта еліміздегі тоқырау мен күштердің тепе-теңдігі соншалық, бұл мәселеде тек саяси жолмен жеңіске жетуге болады. Екіншіден, КСРО конституциясы негізінен 1918 жылы әзірленгенін есте ұстаған жөн. Мұндай жағдайда жасалған конституция қазіргі жағдайға және қазіргі қажеттіліктерге сәйкес келмейтіні анық. Осылайша, конституцияға өзгерістер екі бағытта жүргізілуі тиіс: а) оның сайлау жүйесін жетілдіру бағытында; ә) оның әлеуметтік-экономикалық негізін нақтылау бағытында».

Конституциялық комиссияның құрамы 1935 жылы 6 ақпанда өткен Кеңестердің VII Бүкілодақтық съезі КСРО Орталық Атқару Комитетіне ұсынып, ал ол -з кезегінде 1935 жылы 7 ақпанда БК(б)П ОК Бас хатшысы И.В.Сталинның және 12 шағын комиссияның төрағалығымен 31 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрды. Екі комиссияны — жалпы мәселелер бойынша және редакциялық комиссияны — Сталин, Молотов — экономикалық, Чубар — қаржы, Бухарин — заң, Радек — сайлау жүйесі, Вышинский — сот органдарының шағын комиссиясын, Акулов — орталық және жергілікті билік органдары шағын комиссияларын, Жданов – халық ағарту, Каганович – еңбек, Ворошилов – қорғаныс, Литвинов – сыртқы істерді басқарды. Комиссия отырысында Сталин 25 қаңтардағы өзінің жазбасына қатысты конституциялық реформаның ауқымын кеңейтіп, бар болған және негізгі заңда бекітілген биліктің біртұтас құрылымын, оның мәніне байланысты деп аталған кеңестік екі тәуелсіз тармаққа — дәстүрлі, классикалық Батыс Еуропа демократияларында қабылданған заң шығарушы және атқарушы билікке бөлуді ұсынды.

Негізгі заңды дайындауға олардың арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан партияның таңдаулы күштері жұмылдырылғаны анық. Алайда, бұл ымырасыз айырмашылықтар маңызды болғаны соншалықты, тіпті, 1935 жылдың күзінде жобадағы жұмыс Сталин толығымен сенетін адамдардың қолына шоғырланды. 1936 жылы сәуірде Сталиннің өзі редакциялаған «Алғашқы жазылған нобай» деп аталатын құжатты БК(б)П ОК мүшелері – БК(б)П ОК партиялық насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі және «Большевик» журналының бас редакторы А.И.Стецкий, БК(б)П ОК қарамағындағы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, КСРО ұжымшарлық құрылысты ұйымдастырушы және бұрынғы КСРО егін шаруашылығы комиссары (1929-1934 жж.) Я.А.Яковлев, БК(б)П ОК баспасөз және баспа бөлімінің меңгерушісі және «Правда» газетінің редакциялық алқасының мүшесі Б.М.Тал дайындаған.

Комиссия құрамында заңгерлердің болмауы бұл сала тәжірибелерінің революциялық догмаларынан арылмай, уақыт талабынан қалып қоюымен түсіндіріледі.

Мазмұны бойынша пікірталастар Бухарин өзін конституция мәтініндегі негізгі бөлігінің авторы деп есептедіМ. Геллер, А. Некрич. Ресей тарихы: 1917—1995 Ю. Г. Фельштинский. Бухаринмен әңгіме. Алдымен ол Сталин жақтастарының саясатына қайшы ЖЭС саясатын жалғастыру туралы өз идеясына сүйене отырып, плюрализмді және меншік нысандарының тең құқықтық мәртебесін нығайтуға тырысты. Ол сондай-ақ саяси және жеке, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарды, соның ішінде кәсіп таңдау және өзгерту құқығын біріктіруді ұсынды. Бухариннің демалу, тегін білім алу және әлеуметтік қамсыздандыру құқығы туралы идеялары конституция жобасында қолдау тапты.

Сайлау құқығы жөніндегі шағын комитет (Радек) Кеңес депутаттығына кандидаттарды партия органдарына, кәсіподақтарға, комсомолдарға және басқа да қоғамдық ұйымдарға ғана емес, азаматтарға, тіпті өзін-өзі ұсынған кандидаттарға да ұсыну құқығын беруді ұсынды. Украина ХКК төрағасы Любченко азаматтардың сайлау және басқа да саяси құқықтарындағы таптық шектеулерді жою мүмкін деп санады.

1936 жылы 17 сәуірдегі конституцияның «Алғашқы жазылған нобай» жобасын Сталин редакциялады. Оның түзетулерінде қоғамдық құрылым мәселелері (саяси жүйе, мемлекеттің экономикалық негіздері, меншік, жоғарғы билік органдары) егжей-тегжейлі көрсетіліп, қысқаша тұжырымдар нақтыланды. Сталин кейбір баптарды өзі аяқтаған, мысалы: «Қоғамдық шаруашылықпен және өндіріс құралдарындағы қоғамдық социалистік меншікпен қатар, заң жеке-дара шаруа мен қолөнершінің өзіндік еңбегіне негізделген және басқалардың еңбегін қанауды болдырмайтын шағын жеке шаруашылығына жол беріледі, сондай-ақ бұл шаруашылықтың өніміндегі жеке меншікке тең. КСРО-ның шаруашылық өмірі мемлекеттік жоспармен айқындалып, бағытталады және қоғамдық байлықты арттыру, еңбекшілердің материалдық және мәдени деңгейін ұдайы көтеру, КСРО-ның тәуелсіздігін нығайту және оның қорғаныс қабілетін нығайту мүдделерін басшылыққа алады. КСРО социализм қағидасын жүзеге асырады: әркімнен қабілетіне қарай, әркімге еңбегіне қарай».

1936 жылғы Конституцияда биліктің бөліну қағидасын жүзеге асырды: заң шығару тек КСРО Жоғарғы Кеңесіне жүктелді (тіпті оның Төралқасы да заң шығару бастамасы құқығын иеленбеді), Халық Комиссарлары Кеңесі атқарушы органға айналып, заң шығарушы өкілеттіктерін жоғалтты.

Талқылауы Жаңа Конституция, авторлар ойлағандай, Кеңес мемлекеті тарихындағы маңызды кезең – социализм құрылысын көрсетуі тиіс еді. 1936 жылы 12 маусымда Конституцияның жобасы жарияланып, алдағы 6 айда барлық деңгейде талқыланды.

Оны талқылауға алғаш рет 51,5 миллион адам, яғни елдің барлық ересек халқының 55 % қатысты. 1,5 миллион ұсыныстар, толықтырулар мен түзетулер енгізіліп, мерзімді баспасөзде жарияланды. Осылайша, I тараудың 1-бабында «жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті» дегеннің орнына «еңбекшілердің социалистік мемлекеті» деп жазу ұсынылды, өйткені «жұмысшы» мен «шаруа» сөздері ескірген және бұдан былай нақты мазмұнын білдірмейді».

И.С.Уншлихттің нұсқауымен ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы П.Туманов құрастырған анықтама «Еңбекшілердің жаңа 1936 жылғы 15 қазандағы КСРО Конституциясының жобасына келіп түскен ұсыныстар мен толықтырулардың алдын ала нәтижелерінің №3/13 ақпараттық түйіні» одақтық және автономиялы республикалардың ОАК-нен, облыстық және өлке атқару комитеттерінен жіберілген, 505 орталық және жергілікті газеттерде жарияланып, хаттармен баяндалған материалдар жинақталған. Олардың барлығы 13721 болса, оның 1161-і қайталанбағандар болды. Х тарау «Азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері» (6354 ұсыныс), XI тарау «Сайлау жүйесі» (3014), I тарау «Әлеуметтік құрылым» (1061) барынша қызығушылық тудырды. Ең аз ұсыныстар VI «Одақтық республикалардың мемлекеттік органдары» және VII тарауларға «Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикалардың мемлекеттік билігінің жоғары органдары» — тиісінше 15 және 11 болды. Баптар бойынша келіп түскен түзетулер статистикасы баптарға ең көп жауап 135 бапқа — 2366 ұсыныс, сондай-ақ сайлау құқығына, кәрілік кезіндегі әлеуметтік қамсыздандыру құқығына және демалу құқығына қатысты 120 (1567), 119 (1169) және 135-баптарға берілді. Мысалы, 120-бапты былайша тұжырымдау ұсынылды: «КСРО азаматтарының қартайған шағында, сондай-ақ ауырған немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан кездегі материалдық қамсыздандыруға құқығы бар. Бұл құқық жұмысшыларды кеңестік әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің кең дамуымен қамтамасыз етіледі: — жұмысшыларды мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, — ұжымшаршыларды әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету және тұрғындардың тегін пайдалануға арналған демалыс орындарының кең желісін еңбекшілерге ұсыну».

Партияның саяси бағытына қайшы келетін ұсыныстар (мысалы, жеке меншікке рұқсат беру немесе ұжымшарларды тарату) жарияланбай, «дұшпандық жауаптар» деген атпен мұрағаттарда сақталды.

Жаңа конституция 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің кезектен тыс VIII Бүкілодақтық съезінде қабылданып, 6 желтоқсанда КСРО ОАК және БОАК «Известияның» № 283 басылымында ресми түрде жарияланды.

Конституция құрылымы 1936 жылы қабылданған конституция 13 тарау мен 146 баптан тұрды.

1936 жылғы КСРО Конституциясының құрылымы: I тарау. Әлеуметтік құрылыс II тарау. Мемлекеттік құрылыс III тарау. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік билігінің жоғарғы органдары IV тарау. Одақтас республикалардың мемлекеттік билігінің жоғары органдары V тарау. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік басқарма органдары VI тарау. Одақтас республикалардың мемлекеттік басқарма органдары VII тарау. Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикалардың мемлекеттік билігінің жоғарғы органдары VIII тарау. Жергілікті мемлекеттік билік органдары IX тарау. Сот және прокуратура X тарау. Азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері XI тарау. Сайлау жүйесі XII тарау. Елтаңба, ту, астана XIII тарау. Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі

Мазмұны БК(б)П XVII съезі (1934 ж.) КСРО-да социализм жеңіп, негізінде құрылды деп жариялады. Бұл өндіріс құралдарына жеке меншіктің және қанаушы таптардың жойылғанын (демек, пролетариат диктатурасы өтіп кеткен кезең болды), социалистік өндірістік қатынастардың жеңгенін білдірді. Жаңа Конституция экономикалық негізін жоспарлы шаруашылықтың социалистік жүйесі және «мемлекеттік меншік нысаны (жалпыхалықтық меншік) немесе кооперативтік-ұжымшарлық меншік нысаны (жеке ұжымшарлар меншігі, кооперативтік бірлестіктердің меншігі) болған еңбек құралдары мен өндіріс құралдарына социалистік меншік деп жариялады.

Кеңес мемлекетінің тарихында алғаш рет 1936 жылғы Конституция барлық азаматтарға тең құқықты берді: жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы; еңбек және демалыс құқығы, кәрілік және ауру кезіндегі материалдық қамтамасыз ету, білім алу құқығы (тегін).

Ар-ождан, сөз, баспасөз, жиналыстар мен митингілер бостандығы, жеке адамның дербес құқықтылығы мен хат алмасу құпиясы жарияланды.

Жер, оның қойнауы, сулар, ормандар, зауыттар, шахталар, кен орындары, теміржол, су, жер және әуе көлігі, банктер, байланыс құралдары бүкілхалықтың мүлкі болып жарияланды; ұжымшарлар алып жатқан жерлер оларға мәңгілік пайдалануға берілді.

«Азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері» тарауының 126-бабында Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партия еңбекшілердің барлық қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарының «жетекші ядросының» өкілі болып жарияланды (1924 жылғы Конституцияда партия айтылмады).