Гладиатор () — 2000 жылғы режиссер Ридли Скотттың эпикалық тарихи драма жанрындағы фильмі. Гладиатор бүкіл әлем бойынша 465,4 миллион доллар жинап, 2000 жылдың ең көп табыс әкелген екінші фильм болды. Сыншылар актерлік шеберлікті, режиссураны, операторлық жұмысты, қойылым дизайнын және музыкалық партитураны жоғары бағалады. Фильм бес «Оскар» сыйлығын жеңіп алды, оның ішінде «Үздік Фильм» және Кроу үшін «Үздік Актер» номинациялары.
Гладиатор шыққаннан бері 2000-шы жылдардағы ең үздік фильмдердің бірі және бұрын-соңды түсірілген ең үлкен тарихи эпикалық фильмдердің бірі болып саналды. Фильм Ежелгі Грекия, Рим және әлем тарихындағы басқа да көрнекті кезеңдердің мәдениеттері туралы фильмдерге деген қызығушылықты жандандырды.
Гладиатордың жалғасы — «Гладиатор II» фильмі 2024 жылы жарық көрді.
Сюжеті 180 жыл. Рим қолбасшысы Максимус Децимус Меридиус Виндобона маңында герман тайпаларын тас-талқан етіп, еліне қайтуға жиналады. Алайда Император Марк Аврелий Максимусқа өз ұлы Коммодтың таққа лайық емес екенін айтады. Ол Рим республикасын қалпына келтіру үшін Максимустың регент ретінде билікті қолға алғанын қалайды. Бұл шешімге ызаланған Коммод әкесін жасырын түрде өлтіреді.
Өзін жаңа император деп жариялаған Коммод Максимустан адалдық сертін талап етеді, бірақ қолбасшы одан бас тартады. Квинт бастаған преториандық ұландар Максимусты тұтқындап, оның да, отбасының да көзі жойылатынын мәлімдейді. Ажалдан сытылып шыққан Максимус күзетшілерді өлтіріп, жараланғанына қарамастан, Тургалиум маңындағы үйіне қарай шабады. Бірақ кешігіп қалады: әйелі мен ұлы аяусыз өлтірілген еді. Жақындарын жерлеп жатып, алған жарақаты мен қайғыдан ес-түссіз құлайды. Оны құл саудагерлері тауып алып, Зуккабарға апарады да, Проксимо есімді гладиаторлар баптаушысына сатып жібереді.
Максимус жергілікті шайқастарда өзінің жауынгерлік шеберлігімен көзге түсіп, халықтың ықыласына бөленеді. Көп ұзамай ол «Испаниялық» деген лақап атқа ие болып, карфагендік Жұба және германиялық Хаген есімді гладиаторлармен дос болады. Бұл уақытта Римде Коммод әкесін еске алу және бұқара халықтың қолдауына ие болу үшін 150 күндік гладиаторлық ойындар бастайды. Бұны естіген Проксимо Максимусқа кезінде өзінің де гладиатор болғанын және оған Марк Аврелийдің бостандық сыйлағанын айтады. Ол Максимусқа еркіндікке жетудің жалғыз жолы — «халықтың жүрегін жаулап алу» екенін түсіндіреді.
Проксимо өз гладиаторларын Римдегі Колизей шайқастарына алып келеді. Жүзін дулығамен жасырған Максимус аренаға карфагендік жауынгер ретінде шығып, Зама шайқасын қайта сахналауға қатысады. Көптің күтпеген жерінен ол өз жасағын жеңіске бастап, бүкіл көрерменнің ықыласына бөленеді. Жеңімпаздарды құттықтау үшін Колизей аренасына Коммод пен оның кішкентай жиені Люций түседі. Люцийді көрген Максимус Коммодқа тап беруден бас тартады. Ал император одан бетпердесін шешуді талап етеді. Максимус дулығасын шешіп, өзінің кім екенін ашады және Коммодтан міндетті түрде кек алатынын мәлімдейді. Ашуға булыққан император Максимусты өлім жазасына кеспек болады, бірақ қалың бұқараның қысымымен оны тірі қалдыруға мәжбүр болады. Сол күні кешке Максимусқа бұрынғы сүйіктісі, әрі Коммодтың әпкесі Луцилла келеді. Алайда оған сенбеген Максимус көмегінен бас тартады.
Коммод Максимус пен жеңіліс көрмеген галлиялық Тигрдің арасында жекпе-жек ұйымдастырады. Шайқас кезінде Максимусқа қарсы бірнеше жолбарыс жіберілсе де, ол бәрін жеңіп шығады. Халықтың қалауымен Коммод Максимусқа Тигрді өлтіруді бұйырады, бірақ Максимус императордың әміріне қарсы шығып, қарсыласының өмірін қимайды. Бұған сүйсінген халық жаппай «Қайырымды Максимус!» деп ұрандатады, бұл Коммодтың ызасын одан сайын тұтандырады. Максимустың шамына тию үшін Коммод оның отбасының аяусыз өлтірілгенін айтып мазақтайды, бірақ Максимус бойын ашуға алдырмай, сабыр сақтайды. Күн өткен сайын үрейі артқан Коммод кеңесшісі Фалькоға әрбір сенатордың соңынан тыңшы қоюды бұйырады. Ал Максимусты өлтіруге батпайды, өйткені оның халық көзінде қаһарман әрі құрбан ретінде қалуынан қорқады.
Максимус өзінің бұрынғы көмекшісі Цицероннан ескі легиондарының әлі де өзіне адал екенін біледі. Ол жасырын түрде Луцилламен және ықпалды сенатор Гракхпен кездеседі. Олар Максимустың Римнен қашып, Остиядағы легиондарына қосылуына көмектесуге келіседі. Осылайша Максимус Коммодты тақтан тайдырып, билікті Рим Сенатына қайтарып бермек болады. Алайда көп ұзамай преториандықтар Гракхты тұтқындайды. Түнде Луцилла Максимуспен кездесіп, оның қашу жолын ұйымдастырады және олар сүйіседі. Кішкентай Люций байқаусызда бұл астыртын әрекеттің шетін шығарып алады, бұны сезген Коммод бала мен Луцилланы қорқытып, сес көрсетеді. Коммод преториандықтарды гладиаторлардың казармасына шабуыл жасауға жібереді. Қанды шайқас кезінде Проксимо мен оның адамдары Максимустың қашып үлгеруі үшін өз өмірлерін құрбан етеді. Максимус Цицеронмен кездесетін жерге жеткенімен, Коммодтың сарбаздары Цицеронды өлтіріп, Максимусты қолға түсіреді.
Коммод Луцилладан өзіне тақ мұрагерін сыйлауды талап етеді. Халықтың алдында беделін қайтару үшін ол Максимусты Колизейде жекпе-жекке шақырады. Өзіне басымдық қамтамасыз ету үшін шайқас алдында оны жасырын түрде қанжармен жаралайды. Ауыр жарақатына қарамастан, Максимус жекпе-жек кезінде Коммодты қарусыздандырады. Квинт пен преториандықтар Коммодқа көмектесуден бас тартқан соң, император жасырулы пышағын суырып алады, бірақ Максимус оның бетін қайтарып, көзін жояды.
Максимус алған жарақатынан көз жұмбас бұрын саяси реформалар жасауды, гладиатор достарына бостандық беруді және Гракхты сенатор шеніне қайта тағайындауды сұрайды. Ол жан тапсырып жатып, о дүниеде әйелімен және ұлымен қауышып жатқанын елестетеді. Достары мен серіктестері оны «Рим сарбазы» деп ұлықтап, денесін аренадан иықтарына салып алып шығады. Сол түні Жұба Колизейге келіп, Максимус жан тапсырған жерге оның әйелі мен ұлының мүсіншелерін көмеді.
Рөлдерде
Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант(тар) Нәтиже «Оскар»«Үздік фильм» Дуглас Уик, Дэвид Францони, Бранко Лустиг «Үздік режиссерлік жұмыс» Ридли Скотт «Үздік актер» Рассел Кроу «Үздік көмекші актер» Хоакин Феникс «Үздік түпнұсқалық сценарий»Дэвид Францони, Джон Логан, Уильям Николсон «Үздік қоюшы суретші жұмысы» Артур Макс, Криспиан Саллис «Үздік операторлық жұмыс» Джон Мэтисон «Үздік костюм дизайны» Дженти Йетс «Үздік монтаж» Пьетро Скалия «Үздік саундтрек» Ханс Циммер «Үздік дыбыс» Скотт Миллан, Боб Бимер, Кен Уэстон «Үздік визуалды әсерлер»Джон Нельсон, Нил Корбоулд, Тим Бёрк, Роберт Харви
Дереккөздер
Санат:2000 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Ридли Скотт фильмдері Санат:DreamWorks Pictures фильмдері Санат:Universal Pictures фильмдері Санат:АҚШ драма-фильмдері Санат:АҚШ тарихи фильмдері Санат:Ежелгі Рим туралы фильмдер