Жұмабек Жарылқасынұлы Аққұлов (1 мамыр 1943 жылы туған, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы) – жырау, Сыр сүлейлері шығармаларын насихаттаушы, зерттеуші.

Өмірбаяны Аққұлов Жұмабек Жарылқасынұлы – қазақтың жыраулық дәстүрін насихаттаушы, Сыр сүлейлерінің шығармаларын зерттеуші. 1971 жылы Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) «Музыка және ән» мамандығын тәмамдаған.

Еңбек жолын Жалағаш ауданындағы балалар музыка мектебінде оқытушы, кейін директор болып бастады. 1971-1994 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде әдіскер, ал 1994-2008 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ облыстық мәдениет саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы болған.СЫР ЕЛІ. Энциклопедия / Бас ред. Б.С. Каримова. 2-басылым. – Алматы: «Тау-Қайнар» ЖШС, 2024.

Шығармашылық қызметі Жұмабек Аққұлов 1955 жылдан бастап жыраулық өнерді насихаттап келеді. Оның орындауындағы шығармалар «Қайталанбас дауыстар», «Сыр әуендері», «Сыр саңлақтары» жинақтарына, сондай-ақ «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты музыкалық альманахқа (2008) енгізілді.

Ол әйгілі «Шаһнама» эпопеясын таспаға түсірген 23 жыраудың бірі. Сонымен қатар, Тұрмағамбет Ізтілеуов мұраларына арналған 400-ден астам туындысы 23 сағаттық таспаға жазылған. 1840 жылдары Сайыпназар ахун жазған «Мұхаммед-Ханафия» дастанын өз орындауында таспаға түсіріп, оның ноталық жазбасын күйші Төлеген Тоғжанмен бірлесе отырып жарыққа шығарды.

Марапаттары мен атақтары

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері (2004) Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері (2008) Жалағаш ауданының «Алтын Арай» халық ән-би ансамблімен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола жүлдегері (1981) КСРО Композиторлар Одағының Құрмет грамотасы (1983) Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттары Жалағаш ауданының Құрметті азаматы (2014)

Дереккөздер