2025 жылғы 2 қыркүйекте АҚШ билігінің мәлімдеуінше, АҚШ қарулы күштері есірткі тасымалдады деп күдік келтірілген жоғары жылдамдықты катерге соққы жасаған. Кеме Венесуэла аумағынан шыққан және шабуыл кезінде халықаралық суларда болған, болжам бойынша АҚШ бағытына бет алған. 2025 жылғы қазан айының соңына дейін «есірткі терроризміне қатысы бар» деп сипатталған кемелерге қарсы осындай бірнеше соққы жасалды. Бұл әрекеттер бірқатар оңтүстікамерикалық мемлекеттердің билігі мен құқық қорғау ұйымдарының наразылығын туғызды.

АҚШ ресми тұлғаларының мәлімдемелері АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 2 қыркүйекте соққы «есірткі тасымалдаушы кеме» деп сипатталған катерге жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, катер бортында АҚШ билігі шетелдік террористік ұйым деп таныған венесуэлалық Tren de Aragua қылмыстық тобының 11 мүшесі болған. Трамптың сөзінше, олардың барлығы қаза тапқан. Сондай-ақ ол Truth Social әлеуметтік желісінде катердің жойылған сәті түсірілген бейнежазбаны жариялады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио операцияның Кариб теңізінің оңтүстік бөлігінде өткенін нақтылады. 2025 жылғы 6 қыркүйекте ол: «Оны ұстап алудың орнына, президенттің бұйрығымен біз оны жарып жібердік. Бұл тағы да қайталануы мүмкін. Бәлкім, дәл қазір де болып жатқан шығар», - деп мәлімдеді.

Мәліметтерге сәйкес, катерге жасалған алғашқы соққыдан кейін бортта болған бірнеше адам тірі қалған. Алайда кейіннен катердің сынықтарына жармасып, суда қалған сол адамдарға екінші соққы жасалып, олардың барлығы жойылғаны туралы айтылды.

2025 жылғы 15 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір венесуэлалық кемеге соққы жасалғанын және оның бортында үш «наркотеррорист» болғанын мәлімдеді. 2025 жылғы қазан айының соңына қарай «наркотеррористерді» тасымалдады деп айыпталған венесуэлалық кемелерге қарсы осыған ұқсас бірнеше соққы жасалғаны хабарланды.

Венесуэла ресми тұлғаларының мәлімдемелері Венесуэланың ақпарат және коммуникация министрі Фредди Няньес Telegram желісінде АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған катердің жойылуы бейнеленген видео жасанды интеллект көмегімен жасалған деп мәлімдеді. Оның айтуынша: «Марко Рубио президентіне өтірік айтуын жалғастырып отыр: енді ол ИИ арқылы жасалған видеоны (бұл қазірдің өзінде расталған) “дәлел” ретінде ұсынып отыр». Няньес өз мәлімдемесіне Gemini жүйесінің жауабын қоса тіркеді. Онда видеоны «жасанды интеллект арқылы жасалған болуы мүмкін» деп бағалап, оның «нақты жарылысқа емес, қарапайым анимацияға көбірек ұқсайтыны» атап өтілген. Сонымен қатар, Reuters агенттігі жүргізген сараптама бейнематериалда қолдан жасалған белгілерді анықтамағанын хабарлады.

АҚШ саясаткерлері мен халықаралық құқық сарапшыларының мәлімдемелері X әлеуметтік желісінде бір саяси комментатор «басқа мемлекеттің азаматтарын тиісті құқықтық рәсімсіз өлтіру — соғыс қылмысы болып табылады» деп жазды. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бұған жауап ретінде наркокартель мүшелерін жоюды «әскерді қолданудың ең асыл әрі тиімді жолы» деп атап, «оны қалай атайтының маған бәрібір» деді. Бұл ұстанымды АҚШ Сенатының ішкі қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетін басқаратын республикашыл сенатор Рэнд Пол сынға алды. Оның айтуынша, «сотсыз өлтіруді мадақтау — жиіркенішті әрі ессіздік, бұл сотсыз және тергеусіз өлім жазасын орындаумен бірдей».

Халықаралық құқық саласындағы сарапшылардың пікірінше, катерді адамдарымен бірге жою, тіпті олар шын мәнінде есірткі тасымалдаған болса да, халықаралық құқық нормаларын да, АҚШ-тың өз заңнамасын да бұзады.

Дереккөздер

Санат:2025 жылдағы АҚШ Санат:2025 жылдағы Венесуэла Санат:Кариб теңізіндегі халықаралық оқиғалар