«Голливудта болған оқиға» () — режиссер Квентин Тарантиноның 2019 жылы жарық көрген комедиялық драмасы. Бұл Тарантиноның тоғызыншы туындысы және ол 1960-жылдардағы Голливудтың «алтын ғасырының» соңына арналған махаббат хаты іспеттес.

Фильм желісі 1969 жылғы Лос Анжелесте өрбиді. Оқиға ортасында мансабы құлдырап бара жатқан теледидар актері Рик Далтон (Леонардо Ди Каприо) және оның көпжылдық досы әрі дублері Клифф Бут (Брэд Питт) тұрады. Олар өзгеріп жатқан Голливуд индустриясынан өз орындарын табуға тырысады. Параллельді түрде Риктің көршісі — жас актриса Шэрон Тейттің (Марго Робби) күнделікті өмірі және Чарльз Мэнсонның жетекшілігіндегі «отбасы» деп аталатын деструктивті сектаның әрекеттері көрсетіледі. Режиссер шынайы тарихи трагедияны өзгертіп, көрерменге баламалы, ертегі стиліндегі аяқталуды ұсынады.

Фильмді қаржыландырумен Columbia Pictures, Heyday Films және Тарантиноның Visiona Romantica компаниялары айналысты. Түсірілім жұмыстары 1960-жылдардың атмосферасын дәл беру үшін Лос Анжелестің нақты локацияларында жүргізілді. Тарантино бұл туындыда цифрлық технологиядан бас тартып, дәстүрлі 35-мм таспаға түсіру және практикалық эффектілерді қолдану арқылы классикалық киноның эстетикасын қайта жаңғыртты.

«Голливудта болған оқиға» фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылы 21 мамырда Канн кинофестивалінде өтті. Фильм сыншылардың жоғары бағасына ие болып, прокатта үлкен табысқа жетті. 90–96 миллион долларлық бюджетпен түсірілген бұл туынды әлемдік кассада 392.1 миллион доллар жинап, коммерциялық тұрғыдан табысты болды. Туынды он «Оскар» номинациясына ұсынылып, «Үздік көмекші актер» (Брэд Питт) және «Үздік қоюшы суретші жұмысы» санаттарында жеңіске жетті.

Фильм 2010-жылдардағы және XXI ғасырдың ең ұлы туындыларының бірі ретінде танылды. АҚШ Сценарийшілер гильдиясы (Writers Guild of America) бұл фильмнің сценарийін XXI ғасырдың ең үздік сценарийлері тізімінде 22-орынға қойды. Тарантиноның өзі «Голливудта болған оқиғаны» өзі түсірген фильмдердің ішіндегі ең сүйікті туындысы екенін атап өткен.

2021 жылы Тарантиноның жазушы ретіндегі дебюті — фильмнің желісіне негізделген аттас роман жарық көрді. Қазіргі уақытта фильмнің жалғасы — «Клифф Буттың бастан кешкендері» (The Adventures of Cliff Booth) түсірілу үстінде. Бұл жобаның сценарийін Тарантино жазған, ал режиссері — Дэвид Финчер. Басты рөлді тағы да Брэд Питт сомдайды. Фильмнің премьерасы 2026 жылға жоспарланған.

Сюжеті Фильм оқиғасы 1969 жылдың ақпанынан тамыз айына дейінгі аралықты қамтиды. Сюжет үш негізгі желіге бөлінген: Рик Далтонның мансабы, Клифф Буттың күнделікті өмірі және Шэрон Тейттің Голливудтағы өмірі.

Ақпан, 1969 жыл Рик Далтон (Леонардо Ди Каприо) — кезінде танымал болған «Bounty Law» вестерн-сериалының жұлдызы, бірақ қазір оның мансабы құлдырап барады. Ол негізінен жас актерлерді танымал ету үшін олардан жеңілетін антагонистердің рөлін сомдап жүр. Продюсер Марвин Шварц (Аль Пачино) оған Италияға барып, «спагетти-вестерндерге» түсуді ұсынады, бірақ Рик мұны мансабының соңы деп қабылдап, қатты күйзеледі.

Риктің ең жақын досы — оның жеке драйвері әрі каскадері Клифф Бут (Брэд Питт). Клифф — әйелін өлтірді деген қауесетке байланысты Голливудта жұмыс табудан қалған, сабырлы әрі жұмбақ адам. Ол Риктің Голливуд төбесіндегі үйінде шаруаларға көмектесіп, трейлерде иті Брэндимен бірге тұрады. Риктің көрші үйіне атақты режиссер Роман Полански мен оның жас әйелі Шэрон Тейт (Марго Робби) көшіп келеді. Рик көршілері арқылы мансабын қайта тіктеуді армандайды.

Спан ранчосы Бір күні Клифф қала ішінде «Пуссикэт» есімді хиппи қызды көлікпен жеткізіп тастайды. Қыз оны Спан ранчосына — кезінде вестерндер түсірілген, ал қазір Чарльз Мэнсонның сектасы мекендейтін жерге апарады. Клифф ферма иесі, ескі танысы Джордж Спанды тексермек болып үйге кіреді. Хиппилердің қарсылығына қарамастан, ол соқыр әрі қауқарсыз Спанның аман екеніне көз жеткізеді. Ранчодан кетерде Клифф секта мүшелерінің бірімен төбелесіп, оның көлігінің дөңгелегін жарып кеткені үшін сабап тастайды.

Тамыз, 1969 жыл Рик Италияда алты ай болып, төрт фильмге түсіп, Франческа Капуччи есімді әйел алып оралады. Ол ақша үнемдеу үшін Клиффпен қоштасуға мәжбүр болады. 1969 жылдың 8 тамызында, Рик пен Клифф соңғы рет ішіп, қоштасу кешін өткізеді.

Сол түні Чарльз Мэнсонның бұйрығымен сектаның төрт мүшесі («Текс», «Сэди», «Кэти» және «Флауэрчайлд») Роман Поланскидің үйіндегілерді өлтіруге келеді. Алайда, олардың көлігінің шуынан ашуланған Рик Далтон көшеге шығып, оларды балағаттап қуып жібереді. Секта мүшелері жоспарын өзгертіп: «Бізге кішкентай кезімізден адам өлтіруді үйреткен актерді өлтірейік», — деп Риктің үйіне басып кіреді.

Баламалы аяқталу Үйде Клифф Бут пен оның иті Брэнди қылмыскерлерге қатал тойтарыс береді. Клифф пен Брэнди екі қылмыскердің көзін жояды, ал соңғы қалған «Сэди» бассейнінде демалып жатқан Риктің үстіне құлап түседі. Рик өзінің «Bounty Law» фильмінен қалған нағыз отшашарды алып шығып, оны өртеп жібереді.

Оқиға соңында Клиффті ауруханаға алып кетеді. Шуды естіген Шэрон Тейттің достары Рикті қонаққа шақырады. Шынайы тарихта сол түні қаза тапқан Шэрон Тейт бұл фильмде тірі қалады, ал Рик Далтон өзі армандаған «көршілерімен» танысып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Рөлдерде

Леонардо Ди Каприо — Рик Далтон Брэд Питт — Клифф Бут Марго Робби — Шэрон Тейт Эмиль Хирш — Джей Себринг Маргарет Куэлли — «Пуссикэт» (Рут Энн Мурхаус) Тимоти Олифант — Джеймс Стейси Джулия Баттерз — Труди Фрейзер Остин Батлер — «Текс» (Текс Уотсон) Дакота Фэннинг — «Сквики» (Линетт Фромм) Брюс Дерн — Джордж Спан Майк Мо — Брюс Ли Люк Перри — Уэйн Мондер Дэмиэн Льюис — Стив Маккуин Аль Пачино — Марвин Шварц Николас Хэммонд — Сэм Уонамейкер Саманта Робинсон — Абигейл Фолджер Рафал Заверуха — Роман Полански Лоренца Изцо — Франческа Капуччи Коста Ронин — Войцех Фриковский Деймон Херриман — Чарльз Мэнсон Лина Данэм — «Джипси» (Кэтрин Шэр) Мэдисен Бити — «Кэти» (Патрисия Кренвинкель) Майки Мэдисон — «Сэди» (Сьюзан Аткинс) Джеймс Лэндри Хеберт — «Клем» (Стив Гроган) Майя Хоук — «Гүлді бала» (Линда Касабиан) Виктория Педретти — «Лулу» (Лесли Ван Хаутен) Сидни Суини — Снейк Харли Куинн Смит — Фрогги Канзас Боулинг — «Блу» (Сандра Гуд) Паркер Лав Боулинг — Тэдпоул Кэссиди Вик Хайс — Сандэнс Даниэль Харрис — Энджел Румер Уиллис — Джоанна Петтет Дрима Уокер — Конни Стивенс Ребекка Риттенхаус — Мишель Филлипс Рэйчел Редлифф — Мама Касс Ребекка Гейхарт — Билли Бут Скут Макнейри — «Бизнес» Боб Гилберт Курт Рассел — Рэнди Миллер / кадр сыртындағы дауыс Зои Белл — Джанет Миллер Кори Бертон — Bounty Law жарнамасының дауысы Майкл Мэдсен — Шериф Хакетт Джозефин Валентина Кларк — «Хэппи Кэппи» Ронни Заппа — «Топхэт» Рип Торн — Армия генералы (титрда жоқ)

Шығарылымы және қабылдануы

2017 жылдың шілдесінде жарияланған «Голливудта болған оқиға» — Тарантиноның Харви Вайнштейнсіз және оның Miramax пен The Weinstein Company компанияларынсыз түсірген алғашқы туындысы болды. Бұл ондаған актрисаның Вайнштейнге қарсы сексуалдық қудалау айыптарын тағуынан кейін орын алды. Sony Pictures студиясы Тарантиноның бірнеше шартын, соның ішінде фильмнің соңғы монтажына толық иелік ету құқығын орындау арқылы жобаны өз иелігіне алды.

«Голливудта болған оқиға» фильмінің тұсаукесері 2019 жылдың 21 мамырында Канн кинофестивалінде өтті — бұл Тарантиноның «Қойыртпақ шығарма» (Pulp Fiction) фильмі осы фестивальде алғаш көрсетілгеніне тура 25 жыл толған күн еді. 2019 жылдың 20 наурызында фильмнің алғашқы тизер-трейлері жарық көрді. Фильмді 2019 жылдың 26 шілдесінде АҚШ-та Sony Pictures Releasing компаниясына қарасты Columbia Pictures студисяы кинотеатрларға шығарды. Бастапқыда премьера Шэрон Тейттің өлтірілгеніне 50 жыл толуына орай 2019 жылдың 9 тамызына жоспарланған болатын. 2019 жылдың 25 қазанында кинотеатрларда төрт қосымша сахна қосылған фильмнің кеңейтілген нұсқасы прокатқа шықты.

Фильмнің Қытайдағы премьерасы бастапқыда 2019 жылдың 25 қазанына жоспарланғанымен, көрсетілімге бірнеше күн қалғанда белгісіз мерзімге шегеріліп, прокаттан алынып тасталды. Брюс Лидің қызы Шэннон Ли фильмдегі әкесінің бейнесіне («қайшылықты бейнеленуіне») наразылық білдіріп, Қытайдың Ұлттық кино әкімшілігіне шағым түсірген. Алайда Квентин Тарантино Қытай нарығы үшін фильмді қайта монтаждаудан бас тартты.

Голливудта болған оқиға» АҚШ пен Канадада 142,5 миллион доллар, ал басқа аймақтарда 249,6 миллион доллар жинап, әлемдік прокатта жалпы есеппен 392,1 миллион доллар табыс тапты. Кассалық жиынтығы жағынан бұл туынды Тарантино мансабында тек «Азат етілген Джанго» фильміне жол беріп, екінші орынға тұрақтады.

Rotten Tomatoes шолулар агрегаторында 580 сыншының 86%-ы фильмге оң баға берген. Сайттың сыншылардың ортақ пікірінде: «Өзінің еркіндігімен баурап алатын әрі кәсіби деңгейде шебер өңделген «Голливудта болған оқиға» фильмі Тарантиноның өршіл талпыныстарын кемелденген режиссерлік көзқараспен ұштастыра білген», — деп тұжырымдалған.

Фильм көптеген сыншылардың нұсқасы бойынша жылдың үздік он фильмінің қатарынан көрінді.

Марапаттары мен номинациялары Марапаттары мен номинациялары Марапат Жыл Санат Номинант НәтижеКанн кинофестивалі<center>2019«Алтын пальма бұтағы»Квентин Тарантино«Palm Dog» сыйлығыБрэнди (ит)Оскар<center>2020Үздік фильмДэвид Хейман, Шеннон Макинтош, Квентин ТарантиноҮздік режиссерКвентин ТарантиноҮздік актерЛеонардо Ди КаприоҮздік көмекші актерБрэд ПиттҮздік түпнұсқалық сценарийКвентин ТарантиноҮздік операторлық жұмысРоберт РичардсонҮздік қоюшы суретші жұмысыБарбара Линг, Нэнси ХэйҮздік костюм дизайныАрианна ФиллипсҮздік дыбыс монтажыУайли СтейтманҮздік дыбысМайкл Минкер, Кристиан П. Минклер, Марк УланоАлтын глобус<center>2020Үздік фильм — комедия немесе мюзикл«Голливудта болған оқиға»Үздік режиссерКвентин ТарантиноҮздік актер — комедия немесе мюзиклЛеонардо Ди КаприоҮздік көмекші актерБрэд ПиттҮздік сценарийКвентин ТарантиноBAFTA<center>2020Үздік фильмДэвид Хейман, Шеннон Макинтош, Квентин ТарантиноҮздік режиссерлік жұмысКвентин ТарантиноҮздік актерЛеонардо Ди КаприоҮздік көмекші актерБрэд ПиттҮздік көмекші актрисаМарго РоббиҮздік түпнұсқалық сценарийКвентин ТарантиноҮздік кастингВиктория ТомасҮздік монтажФред РаскинҮздік қоюшы суретші жұмысыБарбара Линг, Нэнси ХэйҮздік костюм дизайныАрианна ФиллипсСезар<center>2020Үздік шетелдік фильм«Голливудта болған оқиға»

Жалғасы 2025 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, Netflix компаниясы Квентин Тарантинодан фильм сценарийін сатып алып, режиссерлік тізгінді Дэвид Финчерге тапсырған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Леонардо Ди Каприо мен Брэд Питт өздерінің Рик Далтон және Клифф Бут бейнелеріне қайта оралу үшін келіссөздер үстінде.

Сол айдың соңында Deadline Hollywood басылымы фильмнің «The Continuing Adventures of Cliff Booth» (Клифф Буттың жалғасқан хикаялары) деп аталатынын және онда Буттың Голливуд студиясының «фиксері» (мәселелерді шешуші маманы) ретіндегі өмірі баяндалатынын хабарлады. Сол жылдың соңында фильмге Элизабет Дебики, Скотт Каан және Яхья Абдул-Матин II кастинг арқылы қабылданды. Фильм 2026 жылы шектеулі кинотеатрлар мен Netflix платформасында жарыққа шығады деп жоспарлануда.

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Квентин Тарантино фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:2019 жылғы АҚШ фильмдері Санат:АҚШ комедиялық драма фильмдері Санат:Columbia Pictures фильмдері Санат:Heyday Films фильмдері