Ерзат Дулат (1996 жылы туған, Алматы) — қазақстандық зерттеуші, жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы маман, кәсіпкер. Бейнеконтентті генерациялауға арналған Higgsfield AI стартабының негізін қалаушы және техникалық директоры (CTO). Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша «30-дан кіші 30» рейтингінің қатысушысы.

Өмірбаяны

Білімі Ерзат Алматы қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФМШ) түлегі. Жоғары сыныптарда бағдарламалық инженерияға, компьютерлік жүйелер құруға және шынайы мәселелерді шешетін қосымшалар жасауға қызыға бастады.

Ерзаттың бағдарламалауға келуіне шабыт бергендердің бірі — Арман Сүлейменов болды. Мектеп кезінде физика мен математикадан көптеген олимпиадалардың жеңімпазы атанған.

Американдық физик-теоретик Митио Какудың «Болашақ физикасы» атты еңбегін оқығаннан кейін бәрі өзгерді. Ерзат Какудың жасанды интеллект туралы тарауына қалай арбалғанын еске алады. Оның айтуынша, Қазақстанда оған қажетті білім деңгейі болмаған, ал шетелде оқу отбасы үшін тым қымбатқа түскен. Сондықтан жоғары білім алудан саналы түрде бас тартып, өзін-өзі оқыту (self-education) жолын таңдаған.

2013 жылдан бастап бағдарламалаумен, кейінірек машиналық оқытумен (Machine Learning) терең айналыса бастады.

2014 жылы ол бағдарламашыларға арналған мамандандырылған GitHub әлеуметтік желісіне тіркеліп, өз идеяларын жариялай бастады. Оның зерттеулері Гарвард университеті мен әлемдік жетекші зертханаларда талқыланып, қолданыс тапты.

ChatGPT-дің негізін қалаушы Сэм Альтман Ерзаттың зерттеулеріне жоғары баға беріп, жеке хат жазған. 2018 жылы OpenAI-дің тең құрылтайшысы Джон Шульман оны өз командасына шақырғанымен, Ерзат өз жобаларын дамытуды жөн көрген.

Kaspi.kz, Kolesa Group және ERG сияқты ірі компанияларда машиналық оқыту бөлімдерін құруға және мамандарды оқытуға атсалысты.

Higgsfield AI 2023 жылдың мамыр айында Ерзат инвестор Мұрат Әбдірахмановқа өз стартапының таныстырылымын жасады. Инвестор жобаға сеніп, $250 мың инвестиция салды. Осы қаражатқа Ерзат команда жинап, әзірлеуге кірісті. Кейінірек Кремний алқабының инвесторы Николай Давыдовтың көмегімен Ерзат Алекс Машрабовпен (Snapchat-тың ЖИ бойынша бұрынғы директоры) танысып, ол бірлесіп Higgsfield AI стартабын құрды. Компания Diffuse атты мобильді қосымшаны ұсынды. Бұл қолданба мәтіндік сұраныс (prompt) немесе селфи фото негізінде жоғары сапалы бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді.

Бастапқыда олар нейрожелілерді оқытуға арналған инфрақұрылым жасағысы келгенімен, кейіннен контент жасауға арналған foundation AI-model құруға бел буды. 2023 жылы олар алғашқы инвестициялар арқылы $1 млн жинады. Команданың негізін оның РФМШ-да бірге оқыған достары мен таныстары құрады. 2024 жылдың сәуірінде стартап Menlo Ventures венчурлық қорынан және басқа да инвесторлардан $8 млн инвестиция тартты. Оған дейін қазақстандық инвестор Мұрат Әбдірахманов жобаға $250 мың алғашқы капитал салған болатын. Ерзат Дулат Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуде компанияның 90%-ын қазақстандық мамандар құрайтынын айтты. Дереккөздер

Санат:Кәсіпкерлер Санат:Республикалық физика-математика мектебінің түлектері