«Батыс майданда өзгеріс жоқ» () (1930) — режиссер Льюис Майлстоунның түсірген ақ-қара түсті эпикалық әскери драмасы, Эрих Мария Ремарктың аттас романының экранизациясы. Басты рөлдерде — Лью Эйрс, Луис Волхайм, Джон Рэй, Слим Саммервилл және Уильям Бейкуэлл.
1930 жылғы қарашада өткен «Оскар» сыйлығының үшінші марапаттау рәсімінде «Үздік фильм» және «Үздік режиссёр» номинациялары бойынша екі мүсіншені жеңіп алды.
1990 жылы «мәдени, тарихи немесе эстетикалық маңызы бар» туынды ретінде Конгресс кітапханасының АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енгізілді.
Америка кино институтының (AFI) нұсқасы бойынша, «10 жанрдан 10 үздік фильм» тізімінде бұл туынды «үздік эпикалық фильмдер» арасында 7-орынға ие болды.
Сюжеті
Фильм романнан алынған алғысөзбен басталады: «Бұл хикая айыптау да, мойындау да, тіпті бастан кешкен оқиға да емес, өйткені ажалмен бетпе-бет келгендер үшін өлім — ермек емес. Бұл — соғыс талқанын шығарған ұрпақ туралы, тіпті снарядтан аман қалса да, оның құрбанына айналғандар туралы айтуға талпыныс...»
Туынды милитаристік-шовинистік насихатқа елітіп, мектеп партасынан бірден майданға өз еркімен аттанған «жоғалған ұрпақтың» тағдырын баяндайды.
Оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германияда басталады. Мектеп мұғалімі профессор Канторектің патриоттық рухтағы жалынды үндеуіне жігерленген Пауль Боймер мен оның сыныптастары майданға өз еріктерімен аттанады. Олар соғысты ерлік пен даңққа толы қызықты оқиға ретінде елестетеді. Алайда, оқу-жаттығу лагерінде қатал капрал Химмельштосстың қолынан өткен соң, олардың алғашқы иллюзиялары бұзыла бастайды. Нағыз соғыстың сұмдығы олар алдыңғы шепке келгенде ғана ашылады. Мұнда олар үнемі атқылаудан, аштықтан және өлімнен көз ашпайды. Тәжірибелі сарбаз Станислаус Катчинский (Кат) жас жігіттерге аман қалудың жолдарын үйретіп, олардың қамқоршысына айналады.
Уақыт өте келе Пауль достарының бірінен соң бірінің қаза тапқанына куә болады. Оның жақын досы Франц Кеммерих госпитальда аяғын кескеннен кейін ауыр жағдайда көз жұмады. Соғыс даласындағы траншеяда Пауль француз сарбазы Жерар Дювальды өлтіреді. Өліп бара жатқан жаудың қасында түнеген Пауль соғыстың мағынасыздығын, қарсы алдындағы адамның да өзі сияқты қарапайым жан екенін түсініп, қатты рухани күйзеліске түседі.
Пауль жараланып, үйіне демалысқа келгенде, тылдағы адамдардың соғыс туралы түсінігінің мүлдем бөлек екенін көреді. Оның бұрынғы мұғалімі әлі де жастарды өлімге айдап, патриотизм туралы ұрандатып жүргенін көргенде, Пауль өзін туған жерінде бөтен сезінеді. Ол үшін енді жалғыз «отбасы» — майдандағы қалған достары ғана болып қалады. Ол майданға қайтып оралады, бірақ көп ұзамай оның ең жақын досы Кат та қаза табады. Фильмнің соңында, 1918 жылдың қазан айында, майдан шебінде тыныштық орнаған күні, Пауль траншеядан сыртқа ұмсынып, әдемі көбелекті ұстамақ болады. Осы сәтте мергеннің оғы тиіп, Пауль Боймер қаза табады.
Рөлдерде
Лью Эйрс — Пауль Боймер Луис Волхайм — капрал Станислаус «Кат» Катчински, Боймердің қызметтесі Джон Рэй — капрал Химмельштосс, бұрынғы хат тасушы Арнольд Люси — профессор Канторек, Боймердің мектеп мұғалімі Бен Александр — Франц Кеммерих, Боймердің сыныптасы Оуэн Дэвис (кіші) — Петер Уолтер Роджерс — Йозеф Бем, Боймердің сыныптасы Уильям Бейкуэлл — Альберт Кропп, Боймердің сыныптасы Рассел Глисон — Мюллер «Бесінші», Боймердің сыныптасы Ричард Александер — Хайе Вестхус, Боймердің қызметтесі Берил Мерсер — фрау Боймер Слим Саммервилл — Тьяден
Титрларда көрсетілмегендер: Йола д’Арвиль — Сюзанна, француз шаруа әйелі Эдмунд Брис — герр Мейер Хейни Конклин — Йозеф Хамахер, госпитальдағы пациент Винс Барнетт — аспаздың көмекшісі
Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант Нәтиже Оскар Үздік фильм Universal Pictures (Карл Леммле) Үздік режиссер Льюис Майлстоун Үздік бейімделген сценарий Джордж Эбботт, Максвелл Андерсон және Дел Эндрюс Үздік операторлық жұмыс Артур Эдисон
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:1930 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:Льюис Майлстоун фильмдері Санат:Universal Pictures фильмдері Санат:АҚШ ақ-қара түсті фильмдері Санат:АҚШ драма-фильмдері Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер Санат:АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі Санат:Эрих Мария Ремарк шығармаларының экрандаулары Санат:Германия романдарының экрандаулары Санат:АҚШ әскери фильмдері Санат:АҚШ эпикалық фильмдері