Анбар Атын Фарманқұл қызы (1870–1906/15) — өзбек ақыны, өзбек поэзиясындағы Қоқан мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі.
Ол 1870 жылы Қоқан хандығының астанасы — Қоқан қаласында кедей етікшінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Фарманқұл Марғылан қаласының тумасы және танымал өзбек ақыны Увайсидің жиені болған. Анасы — Ашурбиби де етікшілер әулетінен шыққан.
Жеті жасынан бастап өз махалласындағы қыздарға арналған арнайы мұсылман мектебіне бара бастады. Кейіннен өзі де осындай мектепте мұғалім болып, атын мәртебесіне ие болды. Поэзияға ерте жастан қызыға бастады. Увайси мен Науаи стилінде жазуға талпынды. 1905 жылы өзінің диуанын аяқтады, оған 41 ғазал, 4 мұхаммас, бір-бірден қытъа мен мұстахзад енді. Диуанда оның өлеңмен өрілген өмірбаяны да қамтылды. Негізінен лирикалық жанрда жазды. Өлеңдерін көбіне махаббат пен әйел сезімдеріне арнағанымен, сонымен бірге туындыларында сол кездегі қоғамның қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелері де атап өтіледі. Сондай-ақ болашақ дәуір туралы толғауларын да жазған. Шығармаларын негізінен өзбек тілінде, бірақ кейбір туындыларын парсы (тәжік) тілінде де жазды. Жалпы алғанда жүзден астам шығарманың авторы.
Ол көптеген өзбек ақын-жазушыларымен, соның ішінде Фурқат, Завқи және Муқимимен таныс болған. Бір деректер бойынша 1915 жылы, ал басқа мәліметтер бойынша 1906 жылы қайтыс болған. Оның шығармалары кеңес дәуірінде белсенді түрде жарияланып тұрды, ал ақынның жеке қолжазбалары Өзбекстан Ғылым академиясының Шығыстану институтының қорында сақтаулы.
Әдебиет Анбар Отин / Национальная энциклопедия Узбекистана / Ташкент, 2000–2005. Ҳусаинова Ф. Демократ шоира Анбар Отин. Тошкент, 1964. Каримов Ғ. Ўзбек адабиёти тарихи. Тошкент, 1975. Ўзбек адабиёти тарихи, 5-жилдлик, 5-жилд. Тошкент, 1980.
Санат:Өзбек хандықтарының мәдениет және өнер қайраткерлері