Восе көтерілісі () — 1888 жылы Бұхара әмірлігінің шығыс аудандарында орын алған тәжік дехқандарының (шаруаларының) қарулы көтерілісі. Көтеріліс басшысы — Восе есімді шаруа.
Себептері 1880-жылдардың басында Бұхара әмірлігінің шығыс аудандарын — Күләб алқабын — құрғақшылық жайлады. 1884 жылы Балжуан бектігіндегі (қазіргі Тәжікстанның Балжувон ауданы) барлық дерлік егінді құртқан шегірткелердің қаптауы құрғақшылықты одан әрі қиындатты. 1885 жылы диқандар мол өнім жинады, бірақ дәл осы уақытта жергілікті билік ағымдағы жылдың барлық салықтарын және өткен өнімсіз жылдардағы берешектерді дереу төлеуді талап етті. Іс жүзінде бұл 1885 жылғы бүкіл өнім салық төлеуге кетуі керек дегенді білдірді. Наразы болған диқандар жергілікті тұрғын Восенің басшылығымен Бұхара шенеуніктерінің саясатына қарсы бірікті.
Көтеріліс барысы Көтеріліс ошағы Ховалинг ауданы болды. Онда диқандар жергілікті амлокдордың (салық жинаумен де айналысатын ұсақ әкімшілік бірлік билеушісі) иелігіне шабуыл жасады. Көтерілісшілер күзетті қуып жіберіп, иелікті басып алып, тонап кетті. Алғашқы сәтті қадамнан кейін Восе Күләб бектігінің басқа қыстақтарына шабарман жіберіп, жұртты көтеріліске қосылуға шақырды. Оның үндеуіне көптеген шаруалар үн қосты. Бірнеше мың адамнан тұратын жасақ жинаған Восе бектік орталығы — Балжуанға қарай аттанды.
Бастапқыда Восе салықтарды азайту туралы келіссөздер жүргізу үшін бірнеше адамнан тұратын делегация жіберді. Алайда делегация мүшелері соққыға жығылып, түрмеге қамалды. Хәкімнің (бектік басшысының) адамдары Восе мен оның жақтастарын қаруларын тастауға көндіруге тырысты, бірақ одан ештеңе шықпады. Содан кейін Бұхара сарбаздары Восенің жасағына шабуыл жасады, бірақ оларды талқандай алмады. Көтерілісшілер сарбаздарды жеңіп, Балжуанға басып кірді. Онда олар түрмедегі жолдастарын босатып, арсеналды (қару-жарақ қоймасын) иемденді. Хәкім мен әскердің аман қалған бөлігі қашуға мәжбүр болды.
Сол уақытта хәкім әскерін қайта жинап, үш күннен кейін көтерілісшілерден Балжуанды қайтарып алды. Восе жасағы шегініп, Каңгурт қыстағын иеленді. Онда оның күші жаңадан келіп қосылған диқандармен толықты. Бұл Восеге шабуылды қайта бастауға және Балжуанды екінші мәрте басып алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде көтерілісшілердің қолына үш ірі аудан — Балжуан, Каңгурт және Ховалинг өтті.
Көтерілісті басу үшін Ғиссардан сарбаздар жіберілді. Бұл Восені өз позицияларын тастап, қорғанысқа ыңғайлы Сарыпул қыстағына шегінуге мәжбүр етті. Алайда көп ұзамай көтерілісшілердің күші Бұхара әскерлері тарапынан талқандалып, олардың қалдықтары тауларға тарап кетті. Восе аз ғана адаммен Бұхара әскеріне тағы бірнеше мәрте шабуыл жасауға әрекеттенгенімен, одан еш нәтиже шықпады. Соңында Восе тұтқындалып, көп ұзамай Шаһрисабзда дарға асылды.
Естелік Восе көтерілісі тәжік фольклорында кеңінен көрініс тапты.
Кеңес дәуірінде Восенің құрметіне Тәжік КСР-інің аудандарының бірі, сондай-ақ осы ауданның орталығы аталды.
1930-жылдары М. Тұрсынзаде мен А. Дехоти «Восе көтерілісі» атты өлеңмен жазылған драма шығарды. 1939 жылы осы шығарманың желісімен Сталинабадта аттас опера сахналанды (музыкасы — С.А. Баласаняндікі).
1980 жылы «Советский писатель» баспасынан «Восе» тарихи романы жарық көрді (авторы — Сатым Ұлықзада).
Дереккөздер
Санат:Тәжікстан тарихы Санат:Шаруалар көтерілістері Санат:Бұхара әмірлігіндегі әскери қимылдар Санат:1885 жылғы қақтығыстар Санат:XIX ғасырдағы көтерілістер