Қазақ CCР тарихы (толық атауы: «Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан осы күнге дейін, орысша «История Казахской ССР с древнейших времён до наших дней») — 1943 жылы Алматыда жарық көрген алғашқы академиялық еңбек.

Тарихы Кітап Ұлы Отан соғысы жылдарында, 1942 жылы Алматыға эвакуацияланған КСРО Ғылым академиясының тарих институтының ғалымдары мен қазақстандық зерттеушілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде дайындалды. Кітаптың көлемі шамамен 670 бет, 10 мың данамен шықты (КазОГИЗ баспасы, Алматы).

Лениград пен Мәскеуден соғыстың қауіп-қатеріне байланысты Алматыға он бір атақты орыс тарихшысы көшіп келді. Олардың қатарында Анна Михайловна Панкратова, Борис Дмитриевич Греков, Николай Михайлович Дружинин, Михаил Порфирьевич Вяткин және Янис Янович Зутис секілді кеңес ғылымында кеңінен танымал ғалымдар болды. Бұл тарихшылардың Алматыға келуі Қазақстанның жан-жақты тарихи еңбегін жасау үшін таптырмас мүмкіндікке айналды. Ғалымдар Қазақстан тарихын көне заманнан бастап 1940 жылдарға дейін қамтитын көлемді еңбек жазуды көздеді. Бастаманы бірден байқаған Бекмаханов осы жобада өз көзқарасын білдіру үшін Қазақстан Коммунистік партиясының сол кезеңдегі ғылым саласына жауапты хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовпен пікір алмасты. Бекмаханов үкіметтің өкілі ретінде тағайындалып, Қазақстан тарихын жазуға қатысқан ғалымдардың жұмысын үйлестірді. Осыған байланысты ол уақытша қызметінен босатылғанымен, жалақысы сақталды. Сөйтіп, Бекмаханов Қазақстанның ғылыми негізде жазылған алғашқы тарихын әзірлеуге мүмкіндік алды және Ресейдің жетекші тарихшыларымен тығыз жұмыс істеді.

Орыс пен қазақ тарихшылары бірігіп «Қазақ КСР тарихы» атты еңбекті жазуға кірісті. Бұл кітаптың Кенесары Қасымұлына қатысты тарауын жазу міндеті Бекмахановқа жүктелді. Зерттеуге Қазақстанның белгілі тарихшы, әдебиетші және ғалымдары да қатысты. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов және Бейсембай Кенжебаев болды. 670 беттен тұратын «Қазақ КСР тарихы» кітабы 1943 жылдың жазында Алматыда жарық көрді.

Кітаптың редакторлары – А. М. Панкратова мен Мұхамеджан Әбдіхалықов. Бұл еңбек КСРО тарихынан басқа, одақтас республикалардың тарихын алғаш рет кешенді түрде жазуға жасалған алғашқы қадам еді. Сонымен бірге Қазақстан тарихын қазіргі заманғы ғылыми тұрғыдан тұтастай қарастырған алғашқы көлемді зерттеу болды.

Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, бастапқыда жоғары бағаланды. Мысалы, Орталық Азия бойынша маман, тарихшы А. В. Пияковский 1943 жылдың маусым айында «Правда» газетінде жарық көрген шолу мақаласында кітапты «марксистік-лениндік ғылыми зерттеулерге қосылған зор үлес» деп бағалады.

Кеңес Одағы Ғылым академиясының мүшесі, профессор А. И. Яковлев әділетсіз баға беріп, бұл кітаптың орыстарға қарсы жазылған зиянды еңбек екенін мәлімдеді. Мұндай пікір Сталиндік сыйлық комитетінің соңғы отырысында мүшелерді алаңдатып, нәтижесінде кітап марапатқа ие бола алмады. Яковлевтің пайымдауынша, барлық кеңестік республикалардың тарихы «орыс ұлтының мүддесі тұрғысынан» жазылуы керек еді. Оның пікірінше, әр елдің, әрбір республиканың ұлттық тарихын жеке-жеке жазу интернационализм қағидаларына қайшы келетін және зиянды әрекет болатын. Кітапты жазу барысында түрлі пікірталастар туындады. Бірақ тарихшылар жаңа тақырып болғандықтан, өз жұмысын зор қызығушылықпен атқарды.

Жинақталған материалдарға сүйене отырып, Бекмахановқа кандидаттық диссертация жазу ұсынылды. Осы кеңеске сүйене отырып, Бекмаханов «Ұлттық азаттық қозғалыстағы Кенесары көтерілісі» тақырыбында диссертация дайындап, 1943 жылдың 28 мамырында Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында оны сәтті қорғап шықты.

Кандидаттық диссертация тақырыбын кеңейте отырып, Ермұхан Бекмаханов кейін «1820-1840 жылдардағы Қазақстан» атты докторлық диссертациясын дайындады. 1946 жылы 14 қазанда Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында Ермұхан Бекмаханов өзінің докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

1944 жылдың мамыр-маусым айларында КСРО Орталық Комитетінің тарихшыларға арналған кеңес жиналысында «Қазақ КСР тарихы» кітабы сынға алынды. Жиналыста «идеологиялық қателіктер» көрсетілді. Кітаптағы қазақ халқының ұлттық күрестеріне қатысты мазмұнды түзету қажет деген шешім қабылданды. Аталмыш сын КСРО Коммунистік партиясының «Большевик» журналының 1945 жылғы №6 санында және Қазақстан Компартиясының «Большевик Казахстана» журналының 1945 жылғы №6 санында жарық көрген мақалалар арқылы ресми түрде жарияланды.

«Қазақ КСР тарихы» кітабы қайта қаралып, түзетілген нұсқасы «Қазақ КСР тарихы (Толықтырылған және өңделген басылым)» деген атаумен жарық көрді. Бұл еңбектің редакциясын І. Омаров пен А. М. Панкратова басқарды. Осылайша, 1943 жылы жарық көрген түпнұсқа нұсқа ресми түрде цензураға ұшырады.

1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, «Қазақ КСР тарихы» қайтадан сынға ұшырады. 1957-1959 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы мен Археология және этнография институты аталған еңбекті екі томдық кітап ретінде қайта жазды. 1977-1980 жылдары Бекмахановтың тарих кітабы Брежнев дәуірінде бес томдық басылым ретінде қайта кеңейтіліп шығарылды.

Авторларлық құрам Жауапты редакторлар Анна Михайловна Панкратова (КСРО Ғылым академиясының мүшесі-корреспонденті, кейін академигі) — ғылыми жетекші және негізгі редакторлардың бірі. Мұхаметжан Абдыкалыков (Қазақ КСР Орталық Комитетінің хатшысы, пропаганда саласы бойынша).

Авторлар Николай Михайлович Дружинин Андрей Павлович Кучкин Михаил Порфирьевич Вяткин Ермұхан Бекмаханов Александр Натанович Бернштам Мұхтар Омарханұлы Әуезов Сәбит Мұқанов Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов

Мазмұны Еңбек ежелгі дәуірден (археологиялық мәдениеттер, ерте мемлекеттер) бастап, орта ғасырлар (Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда), Қазақ хандығы, Ресей империясының отарлауы, 1916 жылғы көтеріліс, Қазан революциясы, азамат соғысы және социалистік құрылыс кезеңдерін қамтыды.

Ең даулы бөлігі — 14-тарау, онда Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс (1837–1847) баяндалды. Бұл тарау авторлардың (әсіресе М. Вяткиннің) ұстанымы бойынша жазылғанымен, кейін қатты сынға ұшырады. Кейбір ғалымдар көтерілісті «бай-ұлтшылдық» деп бағалады, ал басқалары оны халықтық қозғалыс ретінде қолдады. Осы мәселе бойынша 1943–1944 жылдары ЦК-ның арнайы редакциялық кеңестерінде қызу талқылаулар болды.

Кітапта қазақ халқының тарихы алғаш рет марксистік-лениндік методология негізінде, бірақ ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жазылды. Ол карталармен, суреттермен және иллюстрациялармен толықтырылды.

Ермұхан Бекмаханов ісі Ермұхан Бекмаханов ғылыми ұстанымы әсіресе 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты ұжымдық еңбектегі Кенесары қозғалысына арналған тарауынан және кейін 1947 жылы жарияланған «XIX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясынан айқын көрінді. Бұл еңбектерінде Бекмаханов Кенесары қозғалысын отаршылдыққа қарсы ұлттық сипаттағы күрес ретінде бағалады.

1948 жылдан бастап оның еңбектері Мәскеу мен Алматыдағы ғылыми мекемелерде арнайы талқыланып, Кенесары қозғалысын «феодалдық-монархиялық», «реакциялық» қозғалыс ретінде сипаттаған қарсы пікірлер күшейді.

1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихы мәселелері марксистік-лениндік тұрғыдан» атты мақала Бекмахановты айыптау науқанының шарықтау шегі болды. Осыдан кейін ол «буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасты дәріптеді» деген айыппен партия қатарынан шығарылып, университеттегі қызметінен босатылды. 1951 жылы оның ғылыми дәрежесі мен атақтары да кері қайтарылды.

1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалып, «антисоветтік үгіт-насихат жүргізді» деген айып тағылды. 1952 жылғы 4 желтоқсанда сот үкімімен 25 жылға еңбекпен түзеу лагеріне кесілді.

Сталин қайтыс болғаннан кейін саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты Бекмаханов ісі қайта қаралды. 1954 жылы 16 ақпанда ол толық ақталып, бостандыққа шықты. Ақталуына оның ғылыми жетекшісі Анна Панкратова мен бірқатар кеңес ғалымдарының араласуы ықпал етті. Кейін Бекмаханов жоғары оқу орнына қайта оралып, ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырды.

Дереккөздер

Санат:Тарихи еңбектер