Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған констииуция.
1995 жылғы Конституция Қазақстанның тәуелсіздігін түпкілікті ресімдеді. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюы үшін берік іргетас жасады, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғаудың кепілдіктерін белгіледі, елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетінің динамикалық дамуы үшін жағдай жасады.
Конституция негізінде барлық мемлекеттік басқару институттары қалыптасып, құқықтық негіздемемен қамтамасыз етілді. Кәсіби екі палаталы Парламент тиімді жұмыс жасайды, Үкімет басқаратын атқарушы билік органдары жаңа принциптер бойынша жұмыс істейді, адам құқықтарын сенімді қорғауға қабілетті тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты.
Конституция ағымдағы заңнаманы қалыптастырудың құқықтық негізі ретінде қызмет атқарады. Оның негізінде және ережелерін дамыту мақсатында алғашқы 15 жыл ішінде 1700-ден астам заң қабылданды.
1995 жылғы Конституция екі палаталы Парламент құрды: Сенат — жоғарғы палата Мәжіліс — төменгі палата. 1995 жылы желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.
1995 жылғы Конституция бойынша Конституциялық Сот жойылып, оның орнына Конституциялық Кеңес құрылды. Конституциялық Кеңес қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін алдын ала және кейінгі бақылау арқылы қадағалайды. Оның нормативтік қаулылары Конституцияның принциптері мен нормаларын дұрыс түсіндіруге ықпал етеді.
Тарихы
Тәуелсіздік алдындағы кезең
1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауымен Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болып қайта аталды. 1991 жылғы желтоқсанда бірнеше тарихи оқиға қатар жүрді: 1 желтоқсанда Мемлекет басшысы жалпыхалықтық сайлаумен алғаш рет сайланды, 10 желтоқсанда республика Қазақстан Республикасы деп қайта аталды, 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік туралы Заң» қабылданды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел ауыр экономикалық және саяси жағдайда болды. Халыққа жалақы, зейнетақы, стипендия төлеу мәселелері өткір тұрды. Қоғамда жаңа үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс жасап, кейде тұрақсыздыққа жол ашатын талаптар қоя бастады. Осы күрделі жағдайда жаңа мемлекеттің барлық салалары — экономика, саясат, әлеуметтік сала — үшін құқықтық нормалар мен ережелер жасау қажеттілігі туындады.
Осы кезеңде 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы ескіріп, жаңа тәуелсіз мемлекеттің талаптарына сай болмайтыны анықталды. 1990–1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Конституциясына үздіксіз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, алайда бұл шаралар жеткіліксіз болды.
Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы (1993)
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес тарапынан қабылданды. Бұл Конституцияны жасауға кең ауқымды жұмыс жүргізілді: 33 мыңнан астам ұжымдық талқылаулар өткізілді, 55 бапқа 1100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілді.
Конституциялық комиссияны Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқарды, комиссияның төрағасы орынбасары болып Зинаида Федотова тағайындалды. Сарапшылар тобын белгілі заңгер, ғылым докторы, профессор, академик Ғайрат Сапарғалиев басқарды. Комиссия құрамына Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Қолпақов, Талғат Донақов, Юрий Ким және басқалар кірді.
1993 жылғы Конституцияны дайындаудың ерекшелігі — оны жасауға барлық парламент комитеттерінің төрағалары, үкімет өкілдері мен ғалымдар кірген кең конституциялық комиссия қатысты. Алайда бұл жағдай кемшіліктерге де алып келді: кімде-кім болсын өзі атқаратын лауазымына сәйкес заңды «өзіне ыңғайлы» етіп жасауға тырысты — депутаттар заң шығарушы билікке, үкімет шенеуніктері атқарушы билікке көбірек өкілеттік беруге ұмтылды.
1993 жылғы Конституцияның басты кемшіліктерінің бірі ретінде адам құқықтары туралы бөлімнің болмауы аталды. Онда тек «Азамат құқықтары» деген бөлім болды, адам құқықтары туралы тек бір бапта қысқаша айтылып өтілді.
1993 жылғы саяси дағдарыс және жаңа Конституция қажеттілігі
1993 жылғы Конституцияда биліктің бөліну мәселелері толық шешілмеді. Президенттік басқару нысаны бекітілсе де, Жоғарғы Кеңес пен жергілікті халық депутаттары Кеңестері де кең өкілеттіктерге ие болды. Сонымен қатар бұл қайшылықтарды шешудің тетігі әзірленбеді.
1993 жылғы қарашада жергілікті халық депутаттары Кеңестері өзін-өзі таратты, 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес те өзін-өзі тарқатты. Осыдан кейін Конституцияға өзгерістер енгізу жұмыстары басталды.
1995 жылғы наурызда жаңа саяси дағдарыс туындады: Конституциялық Сот Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп таныды. Осы жағдайда жаңа Конституция дайындау мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Конституцияны дайындау. Сарапшылық-консультациялық Кеңес
1995 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен жаңа Конституция жобасы бойынша Президент жанынан Сарапшылық-консультациялық Кеңес құрылды. Кеңестің жұмысын аяқтауға 10 маусымға дейін, яғни бір айдан аз уақыт берілді. Конституция идеологы — Президент Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Ол өзінің кітабында 20 елдің конституциясын оқып шыққанын, содан кейін заңгерлерді шақырғанын жазды.
Лауазымды тұлғалар:
Шайкенов Нағашбай Амангалиұлы — Әділет министрі, заң ғылымдарының докторы (негізгі әзірлеуші) Қолпақов Константин Алексеевич — Жоғарғы Кеңестегі Президент өкілі, заң ғылымдарының кандидаты Мұхамеджанов Бауыржан Амангелдіұлы — Президент аппаратының заң бастамалары және құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі
Ғалымдар:
Сапарғалиев Ғайрат Сапарғалиұлы — академик, конституциялық құқық маманы Ким В.А. — профессор, конституциялық құқық маманы Котов А.Қ. — профессор, конституциялық құқық маманы Нүрпейісов Е.Қ. — профессор, конституциялық құқық маманы Басин Ю.Г. — профессор, азаматтық құқық маманы Сүлейменов М.Қ. — профессор, азаматтық құқық маманы (Кеңестің ғылыми жетекшісі)
Шетелдік сарапшылар:
Жак Аттали — Франция Мемлекеттік Кеңесінің кеңесшісі Роллан Дюма — Франция Конституциялық Кеңесінің төрағасы Алексеев Сергей Сергеевич — Ресей Федерациясының жеке құқық зерттеу орталығы Ғылыми кеңесінің төрағасы
Кеңес мүшелері «Алатау» санаториінде орналастырылып, жұмысқа кірісті. Лоббистік қысымды болдырмау мақсатында Президент оларға жобаны ешкіммен талқыламауды міндеттеді.
Конституция мәтінінің негізгі авторы Шайкенов Нағашбай Амангалиұлы (1947–2000) болды — заң ғылымдарының докторы, С.С. Алексеевтің шәкірті, Орал заң академиясының қызметкері. Президент оны өз кеңесшісі ретінде шақырып, кейін Әділет министрі қызметіне тағайындады.
Н.А. Шайкеновтің жұбайы Лидия Алексеевнаның естеліктері бойынша: «Нағашбай Амангалиұлының конституция жасауға жетекшілік еткен кезін жақсы есімде. Шығармашылық рухтың биіктігі, жігер тасып тұрды! Тоғыз адамнан тұрған топ бір ай демалыссыз жұмыс істеді. Тамақ ішуді де ұмытатын. Президентпен тәулік бойы дерлік байланыста болды, әрбір бапты талқылады».
Сарапшылық-консультациялық Кеңес мүшелері, оның ішінде Сүлейменов М.Қ. баяндауынша, олар автор емес, сарапшылар болды: олар дайын мәтінді талқылады, пікір білдірді, бірақ өздері мәтін жазбады.
Конституцияның жалпыхалықтық талқылануы және қабылдануы
Конституция жобасы кең жұртшылықтың назарына ұсынылды. Жоба бойынша халық арасында кеңінен талқылаулар жүргізілді. Сарапшылық-консультациялық Кеңес жобаны 1995 жылғы маусымда аяқтап, Президентке ұсынды.
1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Конституцияның мазмұны мен құрылымы
Жалпы ережелер
Конституция кіріспеден (преамбуладан) және бірнеше бөлімнен тұрады:
I бөлім — Жалпы ережелер II бөлім — Адам және азамат III бөлім — Президент IV бөлім — Парламент V бөлім — Үкімет VI бөлім — Конституциялық Кеңес VII бөлім — Соттар және сот төрелігі VIII бөлім — Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару IX бөлім — Қорытынды және өтпелі ережелер
Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары
1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы — 1995 жылғы Конституция (Жалпы ережелерден кейін) «Адам және азамат» деп аталатын бөліммен ашылады. Бұл Н.А. Шайкеновтің ұстанымын бейнелейді: Конституцияда адам құқықтары бірінші орынға қойылуы тиіс.
Конституцияның 12-бабы бойынша Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары Конституцияға сәйкес танылады және кепілдендіріледі. «Конституцияға сәйкес» деген сөздер адамның табиғи құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген жағдайда ғана құқықтық қорғауға ие болатынын білдіреді.
12-баптың 2-тармағы бойынша: «Адамның құқықтары мен бостандықтары туған кезінен бастап әрбір адамға тиесілі, олар абсолютті және иеліктен шығарылмайтын деп танылады, заңдар мен өзге де нормативтік актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайды».
Бұл тұжырымдамадан маңызды қорытынды шығады: Қазақстанның заңдары адам құқықтарының мазмұнын айқындамайды, керісінше, адамның құқықтары мен бостандықтары заңдардың мазмұны мен қолданылуын айқындайды.
12-баптың 5-тармағы бойынша: «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауы, конституциялық құрылысқа және қоғамдық имандылыққа қысым жасамауы тиіс».
Бұл ереже адам мен азамат құқықтарының өзге адамдардың құқықтарымен және бостандықтарымен, сондай-ақ құқықпен және адамгершілікпен ажырамас байланысын білдіреді.
Конституциялық реформалар
7 қазан 1998 жыл Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтеріліп, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енді. Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін артты.
2007 жылғы конституциялық реформа
2007 жылғы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Реформа нәтижесінде: Парламенттің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді Парламент санының ұлғаюы жүргізілді Мәжіліске сайлаудың тәртібі түбегейлі өзгертілді: пропорционалдық жүйе енгізілді Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды Мемлекеттік және қоғамдық институттардың өзара іс-қимылы жақсартылды
Реформа аясында Президент, Үкімет, Парламент туралы, Конституциялық Кеңес туралы, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы, жергілікті өзін-өзі басқару туралы, саяси партиялар туралы, сайлау туралы заңдарға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер енгізілді. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы, Жоғарғы сот кеңесі туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жаңа заңдар қабылданды.
Конституция қабылданғаннан бастап оған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияның кепілін беру, оны толықтыру және дамыту мақсатында 15 жыл ішінде оның негізінде 1700-ден астам заң қабылданды.
Қазақстанның елордасы Астана қаласы екендігі Конституцияға енгізілді. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді. Президент енді 7 жыл емес, 5 жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ президенттікке кандидат Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды.
Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін артып, 98 депутат жалпыға бірдей, тең және төте сайланатыны және қалған 9 депутатты Қазақстан Халқы ассамблеясы сайлайтыны жазылды.
2 ақпан 2011 жыл
41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды.
10 наурыз 2017 жыл