Балтышақ — маңғыт тайпасынан шыққан ірі әмір. Ол Алтын Орданың шығыс бөлігінің билеушісі Ұрыс ханға және оның ұлдарына қызмет еткен. Иса мен Едігенің әкесі болған.
Ұрыс ханның қызметінде жүрген кезінде Балтышақ жоғары лауазымдарға жете қойған жоқ. Оның мансабы Темір Мәлік ханның тұсында өрлей бастады. Бұл хан азғын мінезімен танылғандықтан, одан көптеген беделді адамдар, соның ішінде беклербек Қазаншы да теріс айналды. Соның нәтижесінде 1378 жылы Балтышақ беклербек болып тағайындалды. Осылайша ол Шыңғыс әулетінен шыққан хандар жанындағы маңғыт беклербектерінің ұзақ тізбегіндегі алғашқы тұлға болды.
Оның үлкен ұлы Иса да Көк Орда хандарына қызмет етті, ал кенже ұлы Едіге Әмір Темір қолдаған Тоқтамыстың жағында болды. Темір-Мәлік Тоқтамысқа қарсы соғыста шайқассыз жеңілді. Өйткені оның әскерінің көп бөлігі ханның азғын мінез-құлқына шыдамай, Тоқтамыс жағына өтіп кеткен еді. Балтышақ ханмен бірге тұтқынға түсті. Оған Тоқтамысқа қызмет ету ұсынылды, бірақ ол одан бас тартып, өзін өлім жазасына кесуді сұрады. Сондай-ақ өзінің қожайынымен бірге жерленуін өтінді. Бұл өтініші орындалды. Осы кезде оның екі ұлы — Иса мен Едіге — Тоқтамыстың айналасында жүрген болатын.
Дереккөздер
Санат:Алтын Орда билері