Импостор синдромы () — адамның өз жетістіктерін жеке қасиеттерінің, қабілеттерінің немесе еңбегінің нәтижесі ретінде қабылдай алмауымен сипатталатын психологиялық құбылыс. Өзінің біліктілігі мен жетістіктерін дәлелдейтін нақты фактілер болғанына қарамастан, бұл синдромға бейім адамдар өздерін алдамшы немесе жетістікке лайық емес тұлға ретінде қабылдайды.
Мұндай адамдар көбінесе өз табыстарын жеке қабілеттерімен емес, кездейсоқ сәттілікпен, дұрыс уақытта дұрыс жерде болумен немесе айналасындағыларды өз құзыреттілігіне сендіріп қоюымен түсіндіреді. Нәтижесінде олар өздерін шын мәнінде бар деңгейінен жоғары көрсетіп жүрмін деп ойлайды және кез келген уақытта олардың жеткіліксіз біліктілігі әшкереленуі мүмкін деген қорқыныш сезінеді Clance, Pauline R.; Imes, Suzanne A. The impostor phenomenon in high achieving women: Dynamics and therapeutic intervention // Psychotherapy: Theory, Research, and Practice. – 1978. – Т. 15, № 3. – Б. 241–247.
Зерттелу тарихы
«Импостор феномені» термині алғаш рет 1978 жылы психологтар Pauline R. Clance және Suzanne A. Imes жариялаған ғылыми мақалада қолданылды. Зерттеушілер көптеген табысты әйелдердің өз жетістіктерін лайықты бағаламайтынын және қоршаған адамдар олардың қабілеттерін шын мәнінде асыра бағалайды деп есептейтінін анықтаған McElwee, Rory O'Brien; Yurak, Tricia J. The Phenomenology Of The Impostor Phenomenon // Individual Differences Research. – 2010. – 5 қазан. – Т. 8, № 3. – Б. 184–197.
Импостор синдромы психикалық бұзылыс ретінде танылмайды және халықаралық медициналық жіктеу жүйелеріне енгізілмеген. Дегенмен бұл құбылыс көптеген психологтардың зерттеу нысанына айналған.
Зерттеулер көрсеткендей, кейбір адамдар импостор синдромына көбірек бейім болғанымен, ол тұлғаның тұрақты мінез-құлық қасиеті болып саналмайды. Ұзақ уақыт бойы бұл құбылыс адамның туа біткен ерекшелігі ретінде қарастырылып келсе, қазіргі зерттеулер оны белгілі бір жағдайлар мен сыртқы ықпалдарға берілетін психологиялық реакция ретінде түсіндіреді.
Қазіргі таңда импостор синдромы білім беру, кәсіби қызмет, ғылым және шығармашылық салаларында жиі кездесетін психологиялық құбылыс ретінде зерттеліп келеді.
Клиникалық көрінісі Импостор синдромы кезіндегі сезімдерді үш негізгі санатқа бөлуге болады:
Өзін алаяқ ретінде сезіну. Бұл жағдайда адам өзінің қол жеткізген жетістігіне немесе кәсіби мәртебесіне лайық емес екенін ойлайды және айналасындағылар оның қабілеттерін қате бағалап жүр деп есептейді. Мұндай ойлар көбіне әшкереленіп қалу қорқынышымен қатар жүреді. Мысалы, адам әріптестері оның кәсіби салада қаншалықты біліксіз екенін байқап қояды деп алаңдайды. Әшкерелену қорқынышы сәтсіздікке ұшырау үрейін күшейтеді, сондай-ақ жетістікке жетуден де қорқыныш тудыруы мүмкін, себебі жетістік үлкен жауапкершілікті талап етеді деп қабылданады. Жетістіктерін сыртқы себептермен түсіндіру. Адам өзінің жетістігін еңбегі мен қабілетінің нәтижесі деп емес, кездейсоқ сәттілікпен немесе басқа да сыртқы факторлармен байланыстырады. Сонымен қатар ол келесі жолы жолы болмай қалады деп қауіптенеді. Өз жетістіктерін төмен бағалау. Бұл жағдайда адам жасаған ісін тым оңай немесе ерекше назар аударуға тұрмайтын нәрсе деп қабылдайды.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, импостор синдромының қалыптасуына отбасы тәрбиесінің екі үлгісі жиі әсер етуі мүмкін.
Бірінші жағдайда ата-аналар балаларына әртүрлі баға беріп, оларға белгілі бір рөл немесе таңба тағады. Мысалы, олар бір баласын екіншісіне қарағанда ақылдырақ деп санап, кейінгі жетістіктеріне қарамастан осы пікірін өзгертпеуі мүмкін. Нәтижесінде «ақылды емес» деп қабылданған бала кейін жоғары бағалар алып немесе басқа баладан да үлкен жетістіктерге жетсе де, өзін қабілетті адам ретінде сезінбеуі мүмкін.
Екінші жағдайда ата-аналар баласын шамадан тыс идеализациялайды. Бала есейіп, өмірдің қиындықтарына тап болған кезде, ата-анасының өзі туралы қалыптастырған мінсіз бейнесіне күмән келтіре бастайды. Сонымен қатар ол қиындықтарын жасыруы мүмкін, себебі ата-анасының өзіне деген жоғары пікірін бұзғысы келмейді. Соның салдарынан адам өзін орташа немесе қабілеті төмен тұлға ретінде қабылдай бастайды High achievers suffering from imposter syndrome // News.com. – 10 желтоқсан 2013. – Қаралған күні: 16 қараша 2014.
Импостор синдромы нақты медициналық диагноз болып саналмайды. Кейбір адамдар бұл сезімдерді белгілі бір жағдайларда ғана бастан өткеруі мүмкін, ал басқа жағдайларда мұндай сезімдер мүлдем байқалмауы мүмкін.
Емі Когнитивті-мінез-құлықтық психотерапия адамның ойлау үдерісін зерттеп, оның неліктен өз жетістіктерін төмен бағалайтынын түсінуге бағытталған. Импостор синдромынан арылу үшін адам бойындағы белгілі бір қате түсініктерді жеңуі қажет. Мысалы, қарапайым қателік адамның қабілетсіздігін білдірмейтінін түсіну маңызды. Емдеудің мақсаты — адамға жағымсыз және өзіне зиян келтіретін ойларды анықтауды және олардан арылуды үйрету. Теориялық тұрғыдан алғанда, адам осындай ойларды тануды үйренген кезде, оларды шынайы жағдаймен салыстырып, өзінің ойлау жүйесіндегі қателерді анықтай алады.
Тағы бір тәсіл — когерентті терапия. Бұл әдіс мидағы лимбиялық бөлікке, эмоциялық орталыққа және оң жақ жарты шарға байланысты бейсаналық үдерістердің бар екені туралы болжамға негізделеді. Оның жақтаушыларының пікірінше, мұндай ішкі үдерістер тек терапиялық әңгімелер немесе рационалды ойлау арқылы толық өзгермейді. Сауығу адамның ішкі мағына қалыптастыру механизмдері өзгерген кезде жүзеге асады деп есептеледі. Соның нәтижесінде «көзге түспеу керек» және «әшкереленіп қалудан қорқу керек» деген ішкі талаптар әлсірейді. Бұл тұжырым Жан Пиаженің когнитивтік даму үдерісіндегі «аккомодация» ұғымымен де ұқсастыққа ие Ecker, Bruce. Unlocking the Emotional Brain. – New York, NY: Routledge, 2013.
Жазбаша терапия импостор синдромына бейім адамның ойын жүйелеуге мүмкіндік береді. Егер адам өзінің ішкі күмәндеріне ғана емес, нақты жетістіктеріне назар аударса, оларды шынайы жағдаймен салыстыра алады. Жазбаша түрде тіркелген жетістіктер кейін өз қабілетіне күмәнданған кезде еске салушы құрал ретінде қызмет етеді. Мұндай жаттығу адамның өзін қабілетсіз сезінуін азайтуға көмектесуі мүмкін. Moore, Lynda L. Not As Far As You Think: The Realities of Working Women. – Lexington, Mass.: Lexington Books, 1986.
Дереккөздер
Санат:Әлеуметтік психология