Алтын Орданың Елханатпен соғысы немесе Берке–Құлағу соғысы — 1260 жылдары Алтын Орда ханы Берке хан мен Елхан мемлекетінің билеушісі Құлағу хан арасында болған соғыс. Шайқастардың негізгі бөлігі Кавказ өңірінде өтті. Соғыс 1258 жылы Бағдаттың күйреуінен кейін басталып, Төле әулетінің азамат соғысымен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде Құбылай хан мен Арықбұға хан Ұлы хан (қаған) атағы үшін өзара күресті. Құбылай Құлағуды қолдаса, Арықбұға Берке ханмен одақтасты. Құлағу жаңа қағанды сайлау үшін Моңғолияға аттанғанымен, Айн Жалут шайқасында мәмлүктерден жеңілгеннен кейін Таяу Шығысқа қайта оралуға мәжбүр болды. Мәмлүктердің бұл жеңісі Берке ханды Елхан мемлекетіне қарсы жорық бастауға жігерлендірді. Берке–Құлағу соғысы, Төле әулетінің азамат соғысы және кейінгі Қайду–Құбылай соғысы Мөңке хан қайтыс болғаннан кейін Моңғол империясының біртұтас мемлекет ретінде ыдырай бастағанының маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

Алғышарттары 1252 жылы Берке хан ислам дінін қабылдап, 1257 жылы Ұлақшы хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың билеушісі болды. Ол ағасы Бату хан сияқты Мөңке ханға адал болды. Беркенің исламды қабылдағанын білсе де, Құлағу Парсы жерін жаулап алғаннан кейін 1258 жылы Бағдадты қиратты, Месопотамияны Моңғол империясының құрамына қосты және Левант пен Мәмлүк сұлтандығына қарсы жорық бастады. Мұсылман қалаларының күйретілуіне ашуланған Берке хан соғысқа дайындық ретінде жиені Ноғай ханға 1259 жылы Польшаға жорық жасап, болашақ соғысты қаржыландыру үшін олжа жинауды тапсырды. Жорық барысында Краков пен Сандомир сияқты қалалар тоналды. Кейін Берке Құтыз сұлтан және одан кейінгі Бейбарыс сұлтандар басқарған Мысыр мәмлүктерімен одақ құрды.

Сол жылы Мөңке хан Қытайдағы әскери жорық кезінде қайтыс болды. Парсы тарихшысы Рашид әд-Диннің жазуынша, Берке хан Мөңкеге Бағдадтың қиратылуына наразылық білдіріп былай деген:

Берке ислам дінін қабылдағанымен, алғашында моңғолдардың өзара соғысуына қарсы болды. Оның:

деген сөзі сақталған.

Алайда Елхан мемлекеті Солтүстік Иранның байлығын өз бақылауына алып, Алтын Орданың мәмлүктерге құл сатуына тыйым салуды талап етті. Бұл Алтын Орданың экономикасына айтарлықтай зиян келтірді. Соның нәтижесінде Берке хан Құлағуға қарсы жорықты қасиетті соғыс (жиһад) деп жариялады.

Соғыс

Бірінші кезең 1262 жылдың басында Берке хан алдыңғы шепке Ноғайдың қолбасшылығымен 30 мыңдық әскер жіберді, ал өзі негізгі қолмен кейіннен аттанды. Әскерлер Дербенттен өтіп, Ширван маңына келіп орналасты. Құлағу хан Иранның әр өңіріне таралған жасақтарын жинауға бұйрық беріп, 1262 жылдың тамызында негізгі әскерімен жорыққа шықты. Қазан айының ортасында Берке ханның әскері Шамахы маңында Ширамүн ноян басқарған Елхан мемлекетінің алдыңғы жасағын талқандады. Алайда 15 қарашада Елхан мемлекетінің қолбасшысы Абатай ноян Шабаран маңында қарсы шабуыл жасап, Берке әскеріне ауыр соққы берді. Бұл шайқаста көптеген жауынгер қаза тауып, Ноғай шегінуге мәжбүр болды. Құлағу жеңісті пайдаланып, қарсыласын қуа түсті. 1262 жылғы 7 желтоқсанда оның әскері Дербентке жетіп, қаланы басып алды. Кейінгі шайқастарда Берке әскері тағы да жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Елхан әскері оларды 15 желтоқсанға дейін үздіксіз қуды. Кейін Құлағу әскері Терек өзенінен өтті. Осы сәтте Берке хан әскері қайта шабуыл жасап, тәртіпсіз күйге түскен қарсыласқа ауыр соққы берді. 1263 жылғы 13 қаңтарда Терек өзенінің жағасында таңнан кешке дейін созылған шешуші шайқас өтті. Беркенің қосымша күштері үздіксіз келіп отырғандықтан, Елхан мемлекетінің әскері кейін шегіне бастады. Мұз қатқан өзеннен өту кезінде мұз жарылып, көптеген сарбаздар суға кетіп қаза тапты. Осы жеңістен кейін Берке хан әскері Дербентке қайта оралды.

Екінші кезең Құлағу хан қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Абақа хан билігінің алғашқы айында-ақ Ноғай Дербент арқылы ірі әскермен жорыққа шықты. Оның қозғалысы туралы хабар алған Абақаның ұлы Йошмұт қарсы аттанды. Екі әскер Ширванның солтүстігіндегі Ақсу өзенінің бойында кездесіп, қиян-кескі шайқас болды. Екі жақ та үлкен шығынға ұшырады. Ноғай көзінен жараланып, әскерімен бірге Ширванға шегінді. Абақа хан Кура өзенінен өткен кезде Берке хан шамамен 300 мың атты әскерімен келді. Абақа кейін қайта шегініп, өзендегі көпірлерді қиратты. Екі жақ он төрт күн бойы өзеннің екі жағалауында тұрып, бір-біріне оқ жаудырып тұрды. Кейін Берке хан өзеннен өтетін басқа өткел іздеу үшін Тбилиси бағытына бет алды. Алайда жолда ауырып қайтыс болды. Оның денесі Сарай-Бату қаласына жеткізілді, ал әскері тарап кетті. Осылайша Берке–Құлағу соғысы аяқталды.

Құлағу хан ағасы Құбылай ханды қолдағанымен, 1262 жылдан бастап Алтын Ордамен арадағы қатынас күрт нашарлады. Бұған Жошы әулеті ханзадаларының күмәнді жағдайда қаза табуы, соғыс олжасының әділетсіз бөлінуі және мұсылман халқына қарсы жасалған қырғындар себеп болды.

Берке хан Египет мәмлүктерімен одақ құрып, Арықбұғаны қолдады. Ал Құбылай Абақаға Алтын Ордаға қарсы жорық жасауды тапсырды. Арықбұға болса Ноғайды Елхан мемлекетіне қарсы аттандырды. Екі тарап та ауыр шығынға ұшырады. Құлағу Дербент асуы арқылы солтүстікке жорық жасап, Терек өзенінің жағасында Ноғайдың тосқауылына тап болды. Терек өзеніндегі шайқаста Елхан мемлекетінің әскері күйрей жеңіліп, мұздың жарылуы салдарынан мыңдаған жауынгер суға батып қаза тапты. Осыдан кейін Құлағу Әзербайжанға шегінді.

1264 жылғы 21 тамызда Арықбұға Шанду қаласында Құбылай ханға бағынды. Кейін Алтын Орда мен Шағатай ұлысының билеушілері де Құбылайдың Ұлы хан ретіндегі билігін мойындады. Осыдан соң Құбылай Сун әулетіне қарсы жорығына дайындықты бастады.

Дереккөздер

Санат:Алтын Орда Санат:Алтын Орда соғыстары Санат:Елхан мемлекетінің соғыстары