AllMusic (бұрын All-Music Guide және AMG ретінде белгілі) — американлық онлайн музыкалық деректер базасы. Онда үш миллионнан астам альбом мен 30 миллионнан астам трек, сондай-ақ музыканттар мен топтар туралы ақпарат жинақталған. 1991 жылы бастауы қаланған бұл деректер базасы Интернетте алғаш рет 1994 жылы қолжетімді болды. AllMusic 2015 жылдан бері RhythmOne компаниясына тиесілі.
Тарихы AllMusic сайты All-Music Guide деген атпен Майкл Эрлевайн — «құмар архивист, танымал астролог, будда ғалымы және музыкант» тарапынан құрылды. Ол 1970 жылдардың ортасында өз жұмысына компьютерлерді қолдануға қызығушылық танытып, 1977 жылы Matrix бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу компаниясын негізін қалады. 1990 жылдардың басында компакт-дискілер музыка жазатын негізгі форматқа айналған кезде, Эрлвин Литл Ричардтың ерте жазбалары бар компакт-диск сатып алдым деп ойлады. Алайда оны сатып алғаннан кейін бұл дискінің «соңғы күндердегі салбырап қалған көшірмесі» екенін біледі. Дискінің сипаттамасына көңілі толмаған ол музыкалық нұсқаулық жасау үшін метадеректерді пайдалануды ұйғарды. 1990 жылы Мичиган штатындағы Биг-Рапидс қаласында ол «Энрико Карузо индустрияға алғашқы үлкен серпін бергеннен бергі» барлық жазбаларды қамтитын ашық қолжетімді деректер базасын жасау мақсатында All Music Guide жобасының негізін қалады.
All Music Guide-тың 1992 жылы жарық көрген алғашқы басылымы 1200 беттік анықтамалық және қосымша дискісі бар All Music Guide: The Best CDs, Albums & Tapes: The Expert’s Guide to the Best Releases from Thousands of Artists in All Types of Music жинағы болды. Оның алғашқы онлайн нұсқасы 1994 жылы Gopher мәтіндік сайты ретінде іске қосылды. Веб-шолғыштар пайдаланушылар үшін ыңғайлы бола бастаған соң, сайт Дүниежүзілік торға көшірілді.
Эрлевайн All Music Guide платформасын әзірлеу үшін деректер базасының инженері Владимир Богдановты, ал контентті дайындау үшін өз жиені, жазушы Стивен Томас Эрлевайнды жұмысқа қабылдады. 1993 жылы командаға «энциклопедиялық музыкалық білімі бар», баламалы апталықтар мен фэнзиндерге мақала жазған «жазба фанаты» Крис Вудстра қосылды. Сайттың басты ерекшелігі ретінде 1400 музыкалық қосалқы жанр құрылды. 2016 жылы Tedium журналында жарияланған мақаласында Эрни Смит былай деп жазды: «AllMusic ерте интернет дәуіріндегі ең амбициялы сайттардың бірі болды және ол біздің поп-мәдениетті түсінуімізде іргетайлы маңызға ие. Себебі ол тек шолулар мен альбомдарды ғана қадағаламайды. Ол стилдерді, жанрлар мен қосалқы жанрларды, музыканың тональділігін және оның сатылатын платформаларын бақылайды. Содан кейін бұл деректерді өзара байланыстыра отырып, ол сізге классика сияқты жаппай жанр болсын, немесе сэдкор сияқты өте кішкентай бағыт болсын, кез келген музыка түрі туралы сауатты түрде әңгімелеп бере алады».
1996 жылы интернет бизнесін әрі қарай дамытуды мақсат еткен Alliance Entertainment Corp. компаниясы All Music сайтын Эрлевайннан 3,5 миллион долларға сатып алды. Оны сатқаннан кейін ол компаниядан кетті. Alliance 1999 жылы банкротқа ұшырағанын жариялап, оның активтерін Yucaipa Companies сатып алды.
1999 жылы All Music сайты Биг-Рэпидстен Анн-Арборға көшіріліп, ондағы қызметкерлер саны 12-ден 100 адамға дейін өсті. Сол жылдың ақпан айына қарай 350 000 альбом мен екі миллион трек каталогталды. All Music «тарихшылар, сыншылар және құмар коллекционерлердің қоспасы» жазған 30 000 әртістің өмірбаянын, 120 000 пластинка рецензиясын және 300 эссе жариялады. 1999 жылы Марк Деминг All Media Guide редакторы және штаттық жазушысы болды.
2007 жылдың тамыз айында PC Magazine журналы AllMusic сайтын «Үздік 100 классикалық сайт» қатарына енгізді. 2007 жылдың соңында AllMusic сайтын TiVo Corporation (сатылған кезінде Macrovision, ал 2009–2016 жылдары Rovi ретінде белгілі) 72 миллион долларға сатып алды.
2012 жылы AllMusic әртістің өтініші бойынша сайттан Брайан Адамс туралы барлық ақпаратты жойды.
2013 жылы Rovi контенттің өзіне және оған қызмет көрсету құқығын өзінде қалдырып, контентке тұтынушылардың қолжетімділігін жаңадан құрылған All Media Network компаниясына сатты. 2013 жылдың 21 қаңтарында сайтта пайдаланушылардың альбомдарды бағалау жүйесі енгізілді.
2015 жылы AllMusic сайтын кейін RhythmOne деген атпен белгілі болған BlinkX компаниясы сатып алды.
Тағы қараңыз AllMovie Discogs
Дереккөздер
Санат:1991 жылы пайда болған сайттар Санат:Онлайн энциклопедиялар Санат:АҚШ сайттары