Орынбор губерниясы () — Ресей империясының тарихи губерниясы. Губернияның әкімшілік орталығы — Орынбор қаласы. Губерния және оған іргелес аумақ Орынбор өлкесі деп аталды.

1744 жылы императрица Елизавета Петровнаның жарлығымен құрылып, оның құрамына Үфі провинциясы енгізілді. 1781 жылы императрица ІІ Екатеринаның жарлығымен Орынбор губерниясы Үфі наменгерлігі болып қайта құрылды.

Губерния Пугачев көтерілісінің негізгі ошақтарының біріне айналды.

Географиясы XVIII ғасырдың соңында солтүстік-шығысында Пермь губерниясымен, шығысында — Тобыл губерниясымен, оңтүстік-шығысында — Орта жүзбен, оңтүстігінде — Кіші жүзбен, оңтүстік-батысында — Астрахан және Сарытау губернияларымен, батысында — Қазан губерниясымен, солтүстік-батысында — Ноқрат губерниясымен шектесті.

Тарихы Орынбор өлкесі императрица Анна Иоанновна тұсында дами бастады. И. К. Кирилов құрған Орынбор экспедициясы бекіністер жүйесін — Орынбор желісін — салумен айналысты. Бұл желі өлке аумағын бақылауда ұстауға мүмкіндік берді.

1744 жылы 15 наурызда императрица Елизавета Петровнаның жарлығымен И. И. Неплюевтің бастамасы бойынша құрылды. Губерния құрамына Сібір губерниясының Есет провинциясы, Үфі провинциясы және Орынбор желісінің бекіністерінен құрылған Орынбор провинциясы енгізілді. Сонымен қатар губернияның қарауына Жайық казак әскері, Кіші жүз және жаңадан құрылған Орынбор казак әскері берілді. 1743 жылы Орынбор бекінісі ретінде негізі қаланған Орынбор қаласы губернияның әкімшілік орталығы болып белгіленді.

1745 жылы Орынбор губерниясының құрамына Ставрополь провинциясы кірді. 1752 жылы Астрахан губерниясынан Гурьев қаласы, ал 1773 жылы Қазан губерниясынан Самара қаласы Орынбор губерниясының құрамына берілді.

Пугачев көтерілісі кезінде 1773 жылдың қазанынан 1774 жылдың сәуіріне дейін қоршауға төтеп берген Орынбордан басқа, өңірдегі елді мекендердің іс жүзінде барлығы көтерілісшілер тарапынан басып алынды немесе өз еркімен берілді.

1775–1780 жылдары үкімет өңірді қалпына келтіруге көңіл бөлді: көтеріліс кезінде қираған бекіністер мен елді мекендер қайта салынды; сауда монополиялары жойылып, бұл қолөнер мен сауданың дамуын жеделдетті; губерния жерлері ақсүйектерге белсендірек үлестіріле бастады. Ақсүйектер өз кезегінде орталық губерниялардан шаруалардың жаппай қоныс аударуын ұйымдастырды.

1781 жылы 23 желтоқсанда императрица ІІ Екатеринаның жарлығымен Орынбор губерниясы Үфі наменгерлігі болып қайта құрылды. Бұл ретте Самара және Ставрополь уездері (әкімшілік орталығы — Еділ бойындағы Ставрополь қаласы) Сімбір наменгерлігіне, ал Осинск және Шадринск уездері Пермь наменгерлігіне берілді. Гурьев және Орал қалалары мен Орал казак әскерінің аумағы Астрахан губерниясының қарауына өтті.

1782 жылы Үфі наменгерлігінің құрамында Орынбор облысы құрылып, Орынбор оның облыстық орталығы болып белгіленді.

1796 жылғы 12 желтоқсанда император І Павелдің жарлығымен Үфі наменгерлігінің орнына Орынбор губерниясы қайта құрылды.

Губернаторлары 1744–1758 — құпия кеңесші Неплюев Иван Иванович 1758–1762 — нақты статтық кеңесші Давыдов Афанасий Романович 1763–1764 — нақты статтық кеңесші Волков Дмитрий Васильевич 1764–1768 — кінәз, генерал-поручик Путятин Авраам Артамонович 1768–1781 — генерал-поручик Рейнсдорп Иван Андреевич

Әдебиет Оренбургская губерния // Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона : в 86 т. (82 т. и 4 доп.). — СПб., 1890—1907. Оренбург // Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона : в 86 т. (82 т. и 4 доп.). — СПб., 1890—1907. Оренбургская губерния : [арх. 8 октября 2022] / Д. А. Сафонов // Большая российская энциклопедия : [в 35 т.] / гл. ред. Ю. С. Осипов. — М. : Большая российская энциклопедия, 2004—2017. Р. Г. Буканова. Оренбургская губерния (1744—1781) // Башкирская энциклопедия / гл. ред. М. А. Ильгамов. — Уфа : Башкирская энциклопедия, 2015—2024. — ISBN 978-5-88185-306-8. И. М. Гвоздикова. Оренбургская линия // Башкирская энциклопедия / гл. ред. М. А. Ильгамов. — Уфа : Башкирская энциклопедия, 2015—2024. — ISBN 978-5-88185-306-8.

Тағы қараңыз Орынбор губерниясы Санат:Орынбор губерниясы Санат:Орынбор облысының тарихы Санат:Қазақстан тарихы Санат:Башқұртстан тарихы