Шолабай діни-тұрмыстық кешені — Атырау облысы, Жылыой ауданындағы XIX-ХХ ғасырдың басындағы тарих және мәдениет, археология және сәулет ескерткіші. Кешенді 2004 жылы С.Е.Әжіғали бастаған Батыс Қазақстандық этноархеологиялық экспедициясы зерттеп, анықтаған.
Орналасқан орны Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 132 км қашықтықта Желтау тауында.
Кезеңі Шолабай діни — тұрмыстық кешені — ХІХ-ХХ ғасырларға жатады.
Сипаттамасы Кешеннің аймағы шамамен 500×750 м, бес бөліктен құрылады: 1 топ — негізгі қоныс (мешіт,тұрғын үйлер және мал қоралары) — кешеннің орталық бөлігінде,екі сайдын ортасында орналасқан. Оған құз шетіне параллель орналасқан созылыңқы құрылым сипаты тән. Қоныстың орталық бөлігінде мешіт орналасқан. Ол аулалары біріккен бөлек құрылыстар тобын құрайды. Жақын манда ауласы бар бірнеше бөлмелі тұрғын үй, үш мал ұстайтын қора және бақылау пунктіне ұқсас бір бөлмелі құрылыс орны орналасқан. Кешен үш жағынан үстірт кемерімен тұйықталып, ал оңтүстік жағынан шоқымен коршалған табиғаты көркем жерде орналасқан. Табиғат жағдайы бұл жерді суық солтүстік желдерінен қорғап, амфитеатр секілді әсер қалдырады. Бұл жерде қоныстың қалыптасуына тұщы су көзінің болуы, бай флорасы мен фаунасы, сондай-ақ, қазақтың адай руының көшетін торапты жолы бойында орналасу факторлары себепші болған.
Құрылымдық және композициялық қарым-қатынасында өзіндік ерекшеліктер бар. Оның ғимарат құрылыстары үстірттің шетіне немесе террасада, қабірлер — тау жотасында орналасқан. Бірегей ансамбльдің көркемдік құрылысы оның белдеулерімен анықталады. Салынған үйлер ғимараттары негізінен сәклі типінде тұрғызылған. Қорымдағы бейіттер тастан қаланған құлпытастармен, қойтастармен безендірілген, тастан сағанатамдар мен мазарлар салынған. Бұл - XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ сәулеті мен сәулет өнерінің жарқын үлгісі болып табылады.
Дереккөздер
Санат:Атырау облысы сәулеті Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері