Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Павлодар облыстық арнайы кітапханасы
«Көкірек көзі ашық болса, тән көзінің көрмегені толықтырылады. Себебі адамды алға сүйрейтін — тән емес, жанның қуаты».
1. ТАРИХЫ
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Павлодар облыстық арнайы кітапханасының тарихы – өңірдегі арнайы кітапхана ісінің қалыптасуы мен даму жолын көрсететін тағылымды шежіре. Павлодар облыстық мәдениет басқармасының 1970 жылғы 26 қаңтардағы №29 бұйрығымен Павлодар қаласындағы №7 кітапхана аясында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана ашылды. Алғашқы директоры болып Т.В. Сычевая тағайындалды. Кітапхана ұжымы үш адамнан: директор, кітапханашы және еден жуушыдан құралды. Алғашқы кезеңде кітапхана Қазақ соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында (ҚСҚ ОӨК) орналасты. Кейін Рылеев көшесіндегі ғимаратқа көшірілді. Кітап қорының негізін №7 кітапхананың қоры құрады. Ал арнайы әдебиеттер қоры ҚСҚ ОӨК қызыл бұрышынан сыйға тартылған бедерлі-нүктелік форматтағы кітаптармен толықты . 1972 жылдан бастап кітапхана орамдағы «дыбысталған кітаптармен» жабдықтала бастады. Алғашқы «Дайна» магнитофондарының келуі зағип оқырмандар үшін үлкен жаңалық болды. Әдеби шығармаларды тыңдау мүмкіндігі пайда болып, кітапхана мен оқырман арасындағы жаңа ақпараттық көпір қалыптасты. 1980 жылдардың ортасында кітапхана дамуының жаңа кезеңі басталды. Кітап қоры айтарлықтай көбейіп, әсіресе дыбыстық кітаптардың саны артты. 1985–1986 жылдары жаңа ғимараттың жобасы әзірленіп, 1988 жылы алғашқы құрылыс қадасы қағылды. Амангелді көшесіндегі тұрғын үйге жапсарлас салынған жаңа ғимарат 1989 жылы пайдалануға беріліп, 1990 жылы кітапхана жаңа ғимаратқа көшті. 2006 жылы кітапхана жұмысы жаңа технологиялармен толықты. Заманауи компьютерлік сынып ашылып, арнайы бағдарламалармен жабдықталған техникалар орнатылды. Оқырмандар ақпаратты тыңдау, мәтіндерді үлкейтілген қаріппен оқу және Брайль жүйесі арқылы басып шығару мүмкіндігіне ие болды. Брайль жүйесі бойынша нүктелі-бедерлі шрифтінің қазақша алфавиті авторының бірі біздің жерлесіміз Қанаш Камзин ауылының тумасы Ақан Қасымұлы Қасымов еді. 2009 жылдан бастап облыстық радиода «Шамшырақ» авторлық бағдарламасы тұрақты түрде эфирге шығып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмірі мен рухани әлемін насихаттайтын маңызды ақпараттық алаңға айналды. 2018 жылы республикадағы арнайы кітапханалар арасында алғашқылардың бірі болып коворкинг орталығы мен «Жан алауы» дыбыстау студиясы ашылды. Студияның негізгі мақсаты – баспа өнімдерін аудио форматқа көшіру. Нәтижесінде Павлодар өңірінің белгілі қаламгерлерінің шығармалары мемлекеттік тілде дыбысталып, арнайы оқырмандарға қолжетімді болды. 2020 жылы кітапхананың 50 жылдық мерейтойына орай халықаралық семинар ұйымдастырылып, арнайы кітапхана ісінің өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды кәсіби алаң қалыптасты. 2021 жылы арнайы кітапхана «Рухани қазына-2021» республикалық байқауында «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік кітапхана» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2026 жылы кітапханада күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат толықтай жаңғыртылды. Заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған кітапханада кедергісіз орта қалыптастырылып, арнайы оқу залдары, жаңа техникалық құралдармен жабдықталған қызмет көрсету орындары және жайлы демалыс аймақтары пайдалануға берілді. Жаңартылған кітапхана дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген заманауи ақпараттық-мәдени орталық ретінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
2. ҚҰРЫЛТАЙШЫ
Кітапхана Павлодар облысының мәдениет саласы жүйесінде қалыптасып, өңірдегі көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын арнайы мәдениет мекемесі ретінде дамып келеді. Кітапхананың құрылуына негіз болған алғашқы құжат – Павлодар облыстық мәдениет басқармасының 1970 жылғы 26 қаңтардағы №29 бұйрығы. Кітапхана құрылған күннен бастап көру қабілеті бұзылған азаматтарды арнайы форматтағы әдебиеттермен қамтамасыз ету, олардың білім алуына, ақпаратқа, мәдениет пен руханиятқа қолжетімділігін арттыру негізгі бағыттарының бірі болып келеді.
3. КІТАП ҚОРЛАРЫ
Бүгінгі таңда кітапхананың қоры 70 000-нан астам дананы құрайды. Оның шамамен 70 пайызы – арнайы әдебиеттер. Кітап қоры әртүрлі ақпарат тасымалдағыштарындағы бірегей басылымдардан тұрады: Брайль қарпімен басылған кітаптар; жалпақ қаріппен басылған кітаптар; үлкейтілген қаріптегі басылымдар; электрондық тасымалдағыштардағы әдебиеттер; аудиокассеталардағы дыбыстандырылған басылымдар; рулондардағы дыбыстық кітаптар; компакт-дискілердегі аудиоматериалдар. Қордың осындай алуан түрлілігі әр оқырманға ақпаратты өзіне қолайлы тәсілмен қабылдауға мүмкіндік береді.
4. ЭЛЕКТРОНДЫҚ РЕСУРСТАР
Кітапхана заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқырмандарға электрондық және аудиовизуалды ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Электрондық ресурстар қатарында:
цифрлық форматтағы әдебиеттер; аудиокітаптар; электрондық тасымалдағыштардағы басылымдар; дыбыстандырылған әдеби шығармалар; Брайль жүйесінде басып шығаруға арналған электрондық материалдар; арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы қолжетімді ақпараттық ресурстар бар. Кітапханадағы «Жан алауы» дыбыстау студиясы баспа өнімдерін аудио форматқа көшіруге мүмкіндік береді. 2026 жылы күрделі жөндеуден кейін студия кеңейтіліп, жаңа техникалық жабдықтармен толықтырылды. Жаңартылған кеңістік аудиокітаптар мен шығармашылық жобаларды сапалы жазуға қолайлы жағдай жасайды.
5. БӨЛІМДЕРІ
Кітапхана қызметі оқырмандардың ақпараттық, мәдени және әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше негізгі жұмыс бағыттары бойынша ұйымдастырылған.
Кітапханада:
оқырмандарға қызмет көрсету бағыттары; кітап қорын толықтыру және өңдеу; арнайы форматтағы әдебиеттермен жұмыс; ақпараттық-библиографиялық қызмет; мәдени-көпшілік және ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру; инклюзивті жобаларды жүзеге асыру; ақпараттық технологиялармен жұмыс; аудиоматериалдар мен аудиокітаптар әзірлеу; «Жан алауы» дыбыстау студиясының қызметі; коворкинг және шығармашылық бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылады.
6. ҒИМАРАТЫ
Кітапхана қазіргі ғимаратына 1990 жылы көшті. Амангелді көшесіндегі тұрғын үйге жапсарлас салынған кітапхана ғимараты арнайы оқырмандарға қызмет көрсетуге бейімделген. 2026 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, толық жаңғыртылды. Жөндеу барысында кітапхананың ішкі кеңістігі қайта ұйымдастырылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Жаңартылған ғимаратта:
кедергісіз орта; арнайы оқу залдары; заманауи техникалық құралдар; қызмет көрсету орындары; жайлы демалыс аймақтары; шығармашылық кеңістіктер; жаңартылған «Жан алауы» дыбыс жазу студиясы қарастырылған.
Жаңарған ғимарат кітапхананың заманауи ақпараттық және мәдени орталық ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтті.
7. ОҚЫРМАНДАР
Бүгінгі таңда кітапханада 17 кітапхана пункті жұмыс істейді. Оның ішінде: 12 кітапхана пункті – аудандарда; 5 кітапхана пункті – қалада орналасқан.
Кітапхананың оқырмандар саны – 2109 адам. Жылдық келушілер саны – 24 790 адам, кітап берілімі – 116 490 дана.
Кітапхана қызметі көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың білім алуына, ақпарат алуына, шығармашылықпен айналысуына және мәдени өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
8. ОҚЫРМАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Оқырмандардың құқықтары:
кітапхана қорындағы өзіне қажетті әдебиеттерді пайдалануға; Брайль қарпіндегі, аудио, электрондық және басқа да арнайы форматтағы басылымдарды алуға; кітапханадағы техникалық құралдар мен ақпараттық ресурстарды пайдалануға; оқу залдары мен кітапхана кеңістіктерін белгіленген тәртіппен пайдалануға; кітапхана өткізетін мәдени-ағартушылық, ақпараттық және шығармашылық іс-шараларға қатысуға; кітапхана қызметкерлерінен кітапхана қызметтері туралы қажетті ақпарат алуға; өзіне қолайлы форматта ақпарат алуға.
Оқырмандардың міндеттері:
кітапхана ережелерін сақтау; кітапхана қорындағы басылымдарға ұқыпты қарау; алынған кітаптар мен басқа да материалдарды белгіленген мерзімде қайтару; кітапхана жабдықтары мен техникалық құралдарына ұқыпты қарау; басқа оқырмандарға кедергі келтірмеу; кітапхана қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау.
9. КІТАПХАНАНЫҢ БАСТЫ МИССИЯСЫ
Жылдар алмасқанымен, кітапхананың басты миссиясы өзгерген емес. Ол – білім мен мәдениетті әр адамға жақындату, қоғамдағы әрбір азаматтың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Өткеннің тағылымын бүгінмен жалғап, болашаққа сеніммен қадам басқан бұл руханият ордасы әлі талай ұрпақтың білімге деген құштарлығын оятып, талай жүрекке үміт сыйлай беретіні сөзсіз.
Дереккөздер
1. https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-11-21-11-41/istoriya-biblioteki.html (кітапхана тарихы)
2. Соколкин Э. – Қаламыздың көшелері = Улицы нашего города – Павлодар, 416 б.