Висагинас () — Литваның солтүстік-шығысында, Утена уезінде орналасқан қала. 2026 жылы Висагинас қаласының халқы 19 632 адамды құрайды. Висагинас — Литвадағы 103 қаланың бірі және халық саны бойынша елде 18-орында тұр.
Географиялық орналасуы Литваның солтүстік-шығыс шекаралас аймағында, 125 км қашықтықта орналасқан. Қала қарағайлы орманның ортасында, көлдерге бай әсем аймақта өзімен аттас Висагинас көлінің жағасында бой көтерген.
Тарихы Висагинас 1975 жылы Снечкус елді мекені ретінде құрылды. Оның құрылысы аяқталғаннан кейін, ол атом электр стансасының серіктес қаласы (спутник-қала) қызметін атқаруға арналды. Қала 1940–1974 жылдары Литва Коммунистік партиясының Бірінші хатшысы қызметін атқарған Антанас Снечкус құрметіне аталды. Елді мекен құрылған сәттен бастап заманауи қалалық инфрақұрылыммен дамытылды. Онда мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, сауда желілері, көпқабатты тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, сондай-ақ мәдени және білім беру мекемелері қарқынды салынды.
Сәулеттік құрылысында Каунас, Вильнюс және Клайпеда қалаларында әзірленген жобалар бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйлер басымдыққа ие. Ал әкімшілік және әлеуметтік қызмет көрсету нысандарының көпшілігі, бір немесе екі қабатты ғимараттарда орналасқан. Бұл бүкілодақтық ауқымдағы ірі құрылыс жобасы болғандықтан, мұнда Кеңес Одағының әртүрлі республикаларынан көптеген жұмысшылар мен мамандар келді.
1992 жылы елді мекен атауы Висагинас болып өзгертілді. 1994 жылы оған қала мәртебесі берілді.
Экономикасы және инфрақұрылымы Тарихи тұрғыдан алғанда, Висагинас экономикасы Игналина атом электр станциясына (АЭС) тәуелді болды. Алайда, Литваның Еуропалық Одақ алдындағы міндеттемелеріне сәйкес, бұл станция 2000 жылдардың басында жабылды. Станция жабылғаннан кейін қала экономикалық құлдырауға тап болып, дамудың жаңа жолдарын іздестіру қажеттілігі туындады. Соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, туризмді дамыту және инвестиция тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қалада жеңіл өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларын қамтитын 1500-ден астам компания жұмыс істейді.
Вильнюс–Даугавпилс теміржол желісі қала арқылы өтеді. Қала мен Вильнюс арасында күн сайын әр бағытта алты пойыз қатынайды. Қала Вильнюс–Зарасай тас жолының маңында орналасқан. Висагинас қаласынан Вильнюс, Каунас, Даугавпилс, Дукштас, Зарасай, Игналина, Йонава, Пабраде, Римше, Салакас, Турмантас, Укмерге, Утена және Швенчёнис сияқты бірқатар елді мекендерге күнделікті автобус қатынайды.
Қалада мектептер, балабақшалар, мәдени мекемелер мен спорт нысандарын қамтитын жақсы дамыған инфрақұрылым бар. Висагинас сәулетіне сол кезеңге тән заманауи қала құрылысы тән; мұндағы кең көшелер мен жасыл аймақтар қолайлы қалалық ортаны қалыптастырады. Қалада екі пошта бөлімшесі, мәдениет орталығы, аурухана, қонақ үй, политехникалық мектеп, алты орта мектеп, бір бастауыш мектеп, сегіз балабақша, музыка және акробатика колледждері, спорт орталығы, сондай-ақ білім беру және бос уақытты ұйымдастыруға бағытталған басқа да мекемелер, оның ішінде 11 спорт клубы бар.
Көрікті орындары Атом электр стансасы — қаладағы басты нысан, оның бірінші блогы (реакторы) 2004 жылы тоқтатылды. Ал екінші блогы 2009 жылдың 31 желтоқсанында істен шығарылды. Ұшып бара жатқан тырна бейнеленген стела — Қала әкімдігі ғимаратының қарсысына орнатылған. Мемориалдық тас белгі — қаланың іргесі қаланған жерде. Аквариум — 140 шаршы метр аумақты алып жатқан экспозицияда 600 литрлік он бір, 700 литрлік үш және 180 литрлік он екі аквариум орналасқан. Оларда терең су тропикалық балықтарының 60-тан астам түрі мекендейді. Олар осы аквариумдардың ішінде өмір сүріп, өсіп-жетіледі және көбейеді. «Aukštaičio pirkia» этнографиялық мұражайы — «Верденес» орта мектебінде, Тайкос көшесі, 21 мекенжайында орналасқан. Әулие Павел елшісі приходының шіркеуі — шіркеудің құрылысы 1995 жылы басталып, негізгі құрылыс жұмыстары 1998 жылы аяқталды. Бұл — биік, төрт қырлы қоңырау мұнарасы бар заманауи сәулет құрылысы. Шіркеу көлге жақын жерде орналасқан.
Галерея
Дереккөздер
Санат:Литва қалалары