Ритм-н-блюз немесе ритм-энд-блюз ( — «ырғақ және блюз», аббр. ) — 1940 жылдары афроамерикалық қауымдастықтарда пайда болған танымал музыка жанры. Бұл термин бастапқыда дыбыс жазу компаниялары тарапынан негізінен афроамерикалықтарға арналып сатылатын аудиожазбаларды сипаттау үшін қолданылды, ол кезде «ырғақты, джазға негізделген музыка... ауыр, табанды соққысы бар» жанрлар танымал бола бастаған еді. 1950–1970 жылдарға тән коммерциялық ритм-н-блюз музыкасында ансамбльдер әдетте фортепианодан, бір немесе екі гитарадан, бас-гитарадан, соқпалы аспаптардан, бір немесе бірнеше саксофоннан, ал кейде бэк-вокалистерден тұрды. Ритм-н-блюз лирикасының тақырыптары жиі афроамерикалықтардың тарихы мен азап шегу тәжірибесін, бостандық пен қуаныш іздеуін, сондай-ақ қоғамдық расизм, езгі, қарым-қатынастар, экономика және ұмтылыстар тұрғысындағы жетістіктер мен сәтсіздіктерді қамтиды.

«Ритм-н-блюз» термині мағынасы жағынан бірнеше өзгерістерге ұшырады. 1950 жылдардың басында бұл атау көбінесе блюз жазбаларына қатысты қолданылды. 1950 жылдардың ортасынан бастап, бұл музыкалық стиль рок-н-роллдың дамуына үлес қосқаннан кейін, «R&B» термині кеңірек мағынада қолданыла бастады. Ол электр-блюзден, сондай-ақ госпел мен соулдан дамыған және солардың элементтерін қамтыған музыкалық стильдерді білдірді. 1970 жылдарға қарай «ритм-н-блюз» термині тағы да өзгереді және соул мен фанк үшін ортақ атау ретінде қолданыла бастады.

1980 жылдардың соңында «заманауи ритм-н-блюз» (contemporary R&B) деп аталған R&B стилінің жаңа түрі дамыды. Бұл заманауи форма ритм-н-блюзді джаз, соул, фанк, диско, блюз және электронды музыканың әртүрлі элементтерімен біріктіреді.

Billboard журналының қызметкері Джерри Векслер 1948 жылы АҚШ-та «ритм-н-блюз» ұғымын музыкалық термин ретінде қалыптастырды деп саналатынымен, бұл атау басылым беттерінде әлдеқайда бұрын — 1943 жылы-ақ қолданыс тапқан болатын.Night Club Reviews Billboard February 27, 1943, p. 12Vaudeville reviews Billboard March 4, 1944, p. 28 Дегенмен, компанияның афроамерикалық тыңдармандар арасындағы танымал композицияларға арналған алғашқы тізімі 1942 жылы жасалып, Harlem Hit Parade деп аталды; онда Гарлем ауданындағы «ең өтімді жазбалар» тізіліп, бұл кейінгі Billboard R&B хит-парадының түпқазығына айналды. «Ритм-н-блюз» термині бұған дейін кең қолданыста болған, афроамерикалық баспасөздің өз қауымын «насілдік адамдар» деп сипаттауынан бастау алған Okeh продюсері Ральф Пирдің еншісіндегі «насілдік музыка» («race music») атауын алмастырды.Jerry Wexler, famed record producer, dies at 91, Nekesa Mumbi Moody, AP Music Writer, Dallas Morning News, August 15, 2008 Кейіннен бұл термин Billboard тарапынан 1949 жылдың маусымы мен 1969 жылдың тамызы аралығында чарт атауларында тұрақты пайдаланылып, артынша «Hot Rhythm & Blues Singles» тізімі «Best Selling Soul Singles» болып қайта аталды. «Ритм-н-блюз» атауы толық орныққанға дейін жетекші дыбыс жазу студиялары «race music» терминін біртіндеп «сепия сериясы» («sepia series») атауымен алмастыруға кіріскен еді. Бұл жанр жиі R&B немесе R'n'B деп қысқартылып айтылады. Уақыт өте келе, әсіресе кейінгі онжылдықтарда, бұл аббревиатура дыбыс жазу индустриясының технологиялық өзгерістеріне, тыңдарман аудиториясының кеңеюіне және маркетингтік стратегияларға сай соул, фанк, диско және кейінгі заманауи R&B сияқты танымал музыка бағыттарының кең спектрін қамтитын ауқымды ұғымға айналды.

Дереккөздер

Санат:Ритм-н-блюз