Сесил Антонио «Тони» Ричардсон (; 5 маусым 1928, Шипли, Йоркшир, Англия, Ұлыбритания — 14 қараша 1991, Лос-Анджелес, АҚШ) — британдық кинорежиссёр, сценарийші және кинопродюсер. «Оскар» сыйлығының лауреаты.

Өмірбаяны Тони Ричардсон 1928 жылғы 5 маусымында Шипли қаласында, Йоркшир графлығында дүниеге келген. Оксфорд университетін бітірген. Мансабын телепродюсер және театр режиссері ретінде бастады. 1950 жылдардың екінші жартысында «Еркін кино» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды.

1958 жылы драматург Джон Осборнмен бірге Woodfall Film Productions кинокомпаниясын құрды. Сол жылы Осборнның басты рөлді Ричард Бартон ойнаған «Ашумен кейінге қара» пьесасының экранизациясы жарық көрді.

1964 жылы Генри Филдингтің романы желісімен түсірілген «Том Джонс» фильмі үшін «Оскар» сыйлығын иеленді. Туынды төрт бірдей «Оскар» жүлдесін жеңіп алды (үздік фильм, үздік режиссура, үздік сценарий, үздік музыка). Осыдан кейін режиссер АҚШ-қа жұмысқа шақырылды. Оның америкалық кезеңдегі танымал фильмдерінің бірі — Джон Ирвингтің «Нью-Хэмпшир қонақүйі» шығармасының экранизациясы.

Іске аспай қалған танымал киножобаларының қатарында сценарийін Эдвард Олби жазған, басты рөлде Рудольф Нуреев ойнауы тиіс (Дягилев — Пол Скофилд, Ромола — Клод Жад) Вацлав Нижинский туралы фильм бар. Режиссер бұл туындыны 1970 жылы түсіруді жоспарлаған еді, алайда продюсер Гарри Зальцман (Джеймс Бонд туралы алғашқы он фильмнің сәтті авторы) дайындық жұмыстары кезінде жобаны тоқтатып тастады.Weiler A. H. Who's Afraid of Vaslav Nijinsky? // NYT. — 1970. — 29 March. — P. 91..

1962–1967 жылдары актриса Ванесса Редгрейвпен некеде болды. Бұл некеден туған екі қызы — Наташа Ричардсон мен Джоэли Ричардсон актриса атанды. 1966 жылы кеңес тыңшысы Джордж Блейктің Ұлыбританиядан қашып кетуін қаржыландырған.

Ричардсон бисексуал болған, бірақ АИТВ жұқтырғанға дейін бұл туралы көпшілік алдында ашық айтпаған. Ол 1991 жылы ЖИТС-тен туындаған асқынулардан қайтыс болды.

Дереккөздер

Санат:Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері