Қалдыбай Бектайұлы Бектаев (1920 жылы 27 қарашада, Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы Шұбар ауылы – 1996, Шымкент қаласы) – физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы (1975), профессор (1976), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1980). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
Дулат тайпасының Жаныс руынан.
Орта Азия университетін 1946 жылы бітірген. 1946–1948 жылдары Шымкент педагогикалық институтында оқытушы, 1958–1996 жылдары кафедра меңгерушісі, 1965–1968 жылдары декан қызметін атқарған. 1968–1974 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Тіл білімі институтының статистикалық-лингвистикалық зерттеулер және автоматтандыру тобын басқарды. Негізгі ғылыми еңбектері ықтималдық теориясы, математикалық статистика, ақпарат теориясы, математикалық және инженерлік лингвистика мәселелеріне арналған. Ол – математика және кибернетикалық әдістерді түркі тілдерін зерттеуге тұңғыш рет қолданған ғалым. Бектаевтың басшылығымен республикада алғаш рет электрондық есептеуіш машинаның көмегімен мәтіндердің ағылшын тілінен орыс тіліне машиналық аудармасы жасалды. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. Бектаевтың жетекшілігімен 1979 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі жарық көрді. Бұл еңбекте жазушының сөз байлығына, сөздерді қолдану тәсіліне, стилистикалық ерекшеліктеріне сандық сипаттама берілді. Бұл зерттеу қазақ және жалпы түркі тілдерін, сондай-ақ көркем шығармалардың тілдік ерекшеліктерін зерттеуге мол мағлұмат береді.Қазақ энциклопедиясыМұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы: «Атамұра» баспасы, 2011. ISBN 978-601-282-175-8
Дереккөздер
Санат:1920 жылы туғандар Санат:Түркістан облысында туғандар Санат:1996 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақстан физиктері Санат:Қазақстан филологтары Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары