Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев (1896, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 28.2.1938, Алматы) – қоғам қайраткері.
Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан. Ауыл мектебін, орыс-қазақ мектебін (Баянауыл), мұғалімдер курсын (Павлодар), Омбы рабфагын (1927), Томск технологиялық институтын (1931) бітірген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан, 1-дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына алынған.
1917 – 20 ж. Алаш қозғалысының қайраткері, Баянауылда кеңес қызметкері, ревком мүшесі болды. 1920 – 26 ж. Далба, Қызылтау болыстарында мектеп мұғалімі, Қызылжарда мұғалімдер курсының оқытушысы (1926), 1931 – 33 ж. “Қазақ” баспасының жауапты редакторы, зоотех.-малдәрігерлік институтында оқытушы, 1933 – 37 ж. Алматыдағы жоғары ауыл шаруашылық мектебінің оқытушысы, Қазақтың марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының аудармашысы, редакторы қызметтерін атқарды. “Халық жауы” деп айыпталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1958 ж. ақталды.
Тоғанбаев қоғамтану, геометрия, физика, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру оқулықтарын, ауыл шаруашылық машиналары жөніндегі ғылыми-техникалық әдебиеттерді аударған. Тоғанбаевтың өмірі мен қызметі Ж.Аймауытовтың “Қартқожа” (1926) романында суреттелген.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер ҚАРТҚОЖА ТОҒАНБАЕВ: ӨТКЕН КҮНДЕР ЖАҢҒЫРЫҒЫ «Қартқожа» романындағы замана шындығы Алаш қозғалысы
Санат:1896 жылы туғандар Санат:Баянауыл ауданында туғандар Санат:28 ақпанда қайтыс болғандар Санат:1938 жылы қайтыс болғандар Санат:Алматыда қайтыс болғандар Санат:Алаш Орда қайраткерлері Санат:Ұлт-азаттық қозғалыстар қатысушылары Санат:КСРО-да репрессияланғандар