Кешкі оқу– азаматтардың өндірістен қол үзбей-ақ жоғары және арнаулы орта білімді мамандық алуына мүмкіндік беретін оқыту пішімі. Ол оқушылардың жұмыс жағдайына (ауысымына) байланысты күндіз де жүргізіледі. Кешкі оқу дың басты ерекшелігі – оқу материалының көпшілігін оқушылардың өз бетінше оқуына негізделген. Кешкі оқудың түрлері (бастауыш, орта, жоғары) Қазан төңкерісінен кейін дамыды. Оның жүйесіне сауатсыздықты жою міндеті де енді. Жалпы білім беретін Кешкі оқу. жүйесі Ұлы Отан соғысы жылдарында, ел жағдайына байланысты, ауыл жастары мектебі, жұмысшы жастар мектебі түрлерінде қалыптасты. 1958 жылдан жалпы білім беретін кешкі (ауысымдық) мектеп болып аталды (қ. Кешкі мектеп). Бұл мектептердің кейбір типтері жалпы білім берумен қатар, оқушылардың кәсіптік мамандығын арттырды, немесе оларды мамандыққа үйретті. Кәсіптік-тех. Кешкі оқу жүйесі бойынша маман жұмысшыларды даярлау Қазақстанда 20 ғ-дың 60-жылдарында өрістей бастады. Кешкі кәсіптік-тех. уч-щелер және күндізгі уч-щелердің жанынан кешкі бөлімдер еліміздің көптеген өнеркәсіп, а. ш. орталықтарында құрылды. Кешкі кәсіптік-тех. уч-щелерге оқушылар өнеркәсіп орнының, ауылдың (ұжымшар, кеңшар), құрылыс, жол қатынасы, т.б. мекемелердің жолдамасымен қабылданған. Бұл уч-щелер 370-тен астам салада маман жұмысшылар даярлады. Қаладағы кешкі кәсіптік-тех. уч-щелерде оқу мерзімі 1 – 3 жыл, ауылда 1 – 2 жыл болды. Қазақстанда жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жанынан кешкі ф-ттер, бөлімдер, сондай-ақ, дербес кешкі жоғары оқу орындары мен техникумдар 20 ғ-дың 20 – 30-жылдары ұйымдастырыла бастады. Кешкі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқу аптасына 4 рет, 4 сағаттан өтті. Оқу бағдарламасы, оқу процесінің барлық түрлері күндізгімен бірдей жүрді. Өндірістегі жұмыс профилі жоғары оқу орнында таңдаған мамандық профиліне сәйкес келсе, студент практикадан босатылды. Кешкі оқу орындарын бітіргендерге күндізгі бітірушілермен бірдей бірыңғай үлгідегі диплом, аттестат берілді. Кешкі оқу жүйесі басқа елдерде (Болгария, Польша, Румыния, т.б.) де дамыды. Алайда, 20 ғ-дың соңғы онжылдығындағы мемл. құрылымдардағы, саяси өзгерістер, жоспарлы экономиканың тарих сахнасынан ығысуы Кешкі оқу жүйесін түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Қазіргі таңда мамандар даярлаудың, негізінен, күндіз және сырттай оқыту түрлері сақталып отыр.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер: