Кен орнын геометриялау– кен денелерінің пішінін геометриялық бейнелеу үшін жүргізілетін жұмыстар кешені. Бұл жұмыстар бұрғылау, геофизикалық зерттеу, сынама алу, геологиялық-маркшейдерлік құжаттау, т.б. үзіліссіз жүргізілетін жұмыстардың мәліметтері бойынша жүзеге асырылады. Графикалық құжаттар құрылымдық және сапалық кен-геометриялық графиктерден тұрады. Құрылымдық графиктерге тік және ендік қималар, гипсометриялық және изоқалыңдықтар мен изотереңдіктер жоспары кіреді. Қималар кен орнының осы қимадағы құрылымын; гипсометриялық жоспар кен шоғырының үстіңгі бетін, сулы қабаттардың орналасуын, тектоник. бұзылуларын сипаттайды. Изоқалыңдықтар жоспары кен қабаты қалыңдығының өзгеруі жөнінде түсінік берсе, изотереңдік жоспары кен шоғырының кез келген нүктедегі орналасу тереңдігін көрсетеді. Кен орнын геометриялаудағы мәліметтер кен орнын барлауда, кен қорын есептеуде қолданылады, кен кәсіпорындарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Қазақ энциклопедиясы
Дереккөздер: