Дәстүр және жаңашылдық Абай - керемет суреткер ақын Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озат үлгілерімен деңгейлес тұрғаны білген адамға айқын шындық. Сан ғасырлық бай поэзиясы, ел қамын жоқтаған жүздеген өрен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетінде Абайдың маңдай алды ақын болып үздік шығуы, алдына жан салмауы, әрине, оп-оңай өзінен-өзі бола қалған нәрсе емес. Ұлы ақынды заман туғызады. Абай халықтың мүддесін, тілек-талаптарын терең түсініп, ез шығармаларына өмір шындығын арқау етті. Қоғам өміріндегі аса маңызды мәселелерді терең толғап, заман ағымын, ел жайын шебер бейнелеп айтқан қазақ ақындары аз болған жоқ. Солардың бәрінен Абайдың асып-түсіп тұрғаны оның шығармаларынан көрінетін өмір шындығы аса терең болғандықтан. Абай - қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол - керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, сонымен қатар өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-философ ақын деген мағынада айтамыз. Қай ақын болсын халық даналығынан сусындайды, сөз байлығы, өнерпаздық үлгісінен үйреніп нәрленеді. Абайдың дәстүрлерін сөз етпей тұрып, оның езінен бұрынғы поэзиялық өнеге-үлгілерге табан тірегенін атап айту керек. Абайдың жаңашылдығын айту үшін, оны бұрынғы ақындардан алшақтатып әкету, тіпті, оларға қарама-қарсы қою дұрыс емес. Мұның өзі біздің әдебиеттануымыздағы орын алып келген бұрынғыны жете бағаламаудың, ол аз болса мүлде жоққа шығарудың бір көрінісі еді.
Жыршы-ақындар поэзиясы Абайға дейін бірнеше ғасырлық тарихи әдебиет болғанын, ол негізінен ауыз әдебиеті дәстүрлерін өрнектеген, авторлары бар, индивидуалдық сипатты қазақ поэзиясы болғанын мойындай отырып, 15 ғ-дан бастап 19 ғ-дың ортасына дейінгі ұзақ әдеби - тарихи дәуірді, әдеби процесті жырау, жыршы, ақындар поэзиясы, қысқартып айтқанда, жыршы-ақындар поэзиясы деп атау дұрыс. Өйткені жаңа реалистік жазба әдебиеті 19 ғ-дың ортасыңда қалыптасып дами бастады дегенді оның арғы жағы, түп тамыры, қайнар бұлағы тек фольклор мағынасындағы ауыз әдебиеті еді деп түсінуге болмайды. 15-17 ғ., әсіресе, 18-19 ғ-да жүздеген қазақ ақындарының шығармалары ауызша шығарылып, ауызша тарағанмен, авторы, шығарушысы белгілі және сол автордың өзіндік жеке тұлғасы, қолтаңбасы, стилі айқын танылады. Сондықтан бұл - жалпы халықтық шығармашылығы ұғылатын фольклордан мүлде басқаша, өзінің өзгеше сапасы, сипаты, қалпы бар, тарихи өсу-өзгеру кезеңдері бар әдебиет. Оны ауызша поэзияның дәстүрімен жалғас, тығыз байланысты десек те, әдебиет деп қарауымыз керек, қазақ әдебиеті тарихында аса бір үлкен, арналы, бұл бірнеше ғасыр бойы созылып келген әдеби процесс. Осы тарихи-әдеби процестің бас жағында тұрған Шалкиіз, Доспамбет секілді ондаған ақын-жырауларды былай қойғанда, Бұхар, Тәтіқара, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Мұрат немесе Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Әсет сияқты әнші-ақындар деп аталып жүрген көптеген ақындар - қазақ әдебиетіндегі ез бағыты, тақырыптары, стилі, сөйлеу мәнері бар ірі тұлғалар. Осындай ақындар өлеңді ауызша шығарып, ауызша айтқан деп саналса да, олардың бірталайы хат таныған, оқыған, шығыс, орыс, еуропа әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болған, жазба әдебиетінің кейбір бейнелілік, стильдік өзгешеліктерін өзінше игеріп пайдалана алған. Ал 15-ғ-дан бұрын да поэзия, өлең-жырлар, ертегі, аңыздар, кебі түркі тілдес халықтарға ортақ ежелгі әдеби ескерткіштер болғаны ез алдына мәселе. Абай поэзиясы Алдында бірнеше ғасыр бойы кеңінен қанат жайып өркендеген жырау, жыршы ақындар поэзиясы болмаса, тамыры тереңде жатқан халық ауыз әдебиеті болмаса, Абай поэзиясы шырқау биікке көтеріле алмас еді. Мәселе Абайдың белгілі бір ақындардың өнерін, шеберлігін қалай бағалауында, қаншалықты мойындағанында емес. Әдебиетте мүлде жаңа өріс іздеп, өзгеше өрнектер табуға ұмтылған жаңашыл ақын алдындағы кейбір атақты сөз зергерлерін сынай сөйлесе, оның жөні бөлек. Абайдың шығармашылық өнерінің арнасы кең, ақын сусындаған бұлақтары мол екені үнемі айтылып келеді. Алайда, атап, анықтап айтатын нәрсе - Абай поэзиясының негізгі тірегі, қайнар көзі, ана сүтіндей нәрлендірген арнасы - халық поэзиясы, қазақтың ақындық енері, Абай поэзиясы қазақ топырағында өсіп-өнді. Шығыс, орыс, Еуропа әдебиеттерінің ықпалы да мол болғаны талассыз. Абай шығармашылығының қоғамдық, танымдық, көркемдік-эстетикалық мәнін толық түсіну үшін оның әдебиетте орнықтырған бейнелеу әдіс-тәсілдері, дәстүрлері, үлгі-өнегесі қалай жалғастық тапқанын арнайы қарастырып, тексеру қажет. Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы да соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық. Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп, қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа басқа бірталай ақындарды қосуға болады. Тікелей шәкірті болған балалары Ақылбай, Мағауия немесе Абайдың айналасында болған, жақын жүрген Әсет, Көкбай ақындар туралы бұрынды-соңды айтылмай жүрген жоқ. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе, М. Әуезовті де, кейінгі белгілі ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз. Абайдың ақындық дәстүрлерін тікелей жалғастырған осы ірі тұлғалар туралы ғана айтсақ та, ұлы ақын өмір сүрген 19 ғ. мен оның өнерпаздық өнегесін өркендетіп, дамытқан XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдап баяндауға толық мүмкіндік туады. Абайдың өз шығармашылық тұлғасы Абайдың өз шығармашылық тұлғасы жан-жақты. Ондай әрі ойшыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер, әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездеседі. Жаңа реалистік жазба әдебиетінің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың - Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, пәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты, әсіресе, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжан ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл-күйін және адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін езінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған. Байтұрсынов Абайға қоғам өмірінің бірталай маңызды мәселелері жайлы толғана айтуы және мысалшылығы жағынан, ал Дулатов, әсіресе, сөз енерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден-бір күшті құралы деп санаған ағартушылық өнегесі жағынан үндес. Және Ахмет те, Міржақып та Абай бастаған ағартушылық, демократиялық идеяларды жаңа заманның тілек-талаптарымен терең ұштастыра алған. 20-ғ-дың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде ағартушылық, демократиялық идеялар қоғам өміріндегі ілгерішіл ізденістерге орай кең еріс алғандықтан, Абай дәстүрін жалғастырушылар тобы да молая тусті. Абайдың өнерпаздық өнегесі жаңа дәуірде әр қырынан өркендеп, жан-жақты жалғастық тапқанын айту үшін біз ең ірі әдебиет қайраткерлерін ғана айтып отырмыз. Және Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтың әрқайсысының өнерпаздық тұлғасы әр түрлі дегенді де, әрине, шартты түрде айтамыз. Бірін-бірінен мүлде алшақтатып әкету, әсіресе, бірін-біріне қарама-қарсы қою да үнемі ұтымды бола бермейді. Алайда әр ақынның көркемдік ойлауына, өмірді бейнелеуіне, тақырып таңдауына, стиліне, түгелдей алғанда өнерпаздық бітім-тұлғасына тән өзгешеліктерді танып-білудің де, сөзсіз, мәні зор. Мұнсыз қай ақынның болсын алдындағы ізашар ақынмен жақындық-жалғастығын, өзінің әдебиетке әкелген жаңалығын дұрыс бағалау қиынға соғады. Бұл айтылғандарды толық ескере отырып, Абайға кейінгі ізбасар ақындардың кейбір тақырып, сарын жағынан үндес келуі немесе жеке пікірлері, жеке сөз үлгілері ұқсас келуі секілді жайларға назар аудару артық емес. Бұлардың өзі кейде жай ғана сырттай ұқсастық, кейде әдейі еліктеушілік болуы да мүмкін. Сонымен бірге осындай кейбір тақырып, сарындар мен жеке сез үлгілеріндегі ұқсастықтар идеялық жағынан жақындасуды, шығармашылық ізденістегі үндестікті, өнерпаздыққа, ақындық шеберлікке тән елеулі ортақ сипатты танып білуге себін тигізетінін ескермей болмайды. Алдымен Шәкәрімді айтсақ, оның Абайға халықты өнер-білімге, ғылымды үйренуге шақыру жағынан үндес шығатын жерлері аз емес. Сонымен қатар Шәкәрімнің кейбір адамгершілік идеялары да Абай пікірлерімен үндес келеді. Бұған мысал ретінде Абай адамның мақтан сүйгіштік мінезін қалай сынайтынын еске түсірелік: «Абұйыр, атақ сол жанда, Кімді кеп жұрт мақтаса. Ол мақтаудан не пайда, Көп мақтауын таппаса? Кеп тәңірі атқан мақтай ма, Ол тәңірі атқан болмаса. Жоқты-барды шатпай ма, Көптің езі оңбаса. Мақтау - жел сөз, жанға қас, Қошеметшіл шығарған. Бір мақтаса боқтамас Ел табылса, құмарлан...» «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің...» дейтін елеңінде осыны айтса, «Әсемпаз болма әрнеге...» дейтін елеңінде былай дейді: «Пайданы керсең бас ұрып, Мақтаңды іздеп, қайғы алма. Мініңді ұрлап жасырып, Майданға түспей бәйге алма...» Мақтан қуу, ішінде қулық сақтап айтылған мақтау сезге сенгіштік - сағым қуып босқа алдану екенін ақын анық аңдатады. Ғақлия сөздерінде де Абай мақтау жайында сез қозғап, мақтаныш сезімі мен мақтаншақтықты ажырата білу қажеттігін ескертеді. Мақтау, мақтанудың жағымды жағымен қатар жағымсыз жағы да бар екенін ашып көрсетіп, бұл мәселе хақында қазақ әдебиетінде терең пікір айтқан Абай болды. Осыған үндес, жалғас өткір пікірлерді Шәкәрім ақынның өлеңінен табамыз: «Дос мақтайды сені жақсы кермек үшін, Дұспан мақтар елірте бермек үшін, Есептемей есірік елін мақтар, көп нені айтса, соны айтып ермек үшін, Бұл үш мақтау бере ме саған пайда, Мақтаулыны білерлік адам қайда? Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік Жол тап тағы, ақылды солай айда. Кейде дос та жамаңдар жоқ нәрсе үшін, Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін. Өнері жоқ өсекшіл ел жамандар Өтірік пе, рас па, кермей ішін...» Мақтау шын көңілден тап басып тауып айтылса ғана пайдалы, орнымен айтылса, сөгіп, сынаудың езі де ой саларлық, ал басқадай білместікпен де айламен айтылған мақтау болса - елірмеу, даттау болса - елемеу қажет дегендей ой түйеді ақын. Шәкәрім Абайға пәлсапашылдыққа бой ұруы жағынан жақындайтынын байқаймыз. Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» - деп басталатын елеңіне назар салсақ, осы «адам өлмес» дегеннің езі қандай мағынада айтылған екен деген сауал ойға оралады. «Адам өлмес» деп кесіп айтқан Абай ойын қалай жалғастырады, соған тоқталайық: «Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес, «Мені» мен «менікі»-нің айрылғанын «Әлді» деп ат қойыпты өңкей білмес...» Дәл осы өлеңінде «мен» және «менікі» деген ұғымдарды Абай ажыратып, дәлірек айқындамайды. Келесі шумақта: «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып аяғын көп шалдырған...» деп келіп, алғашқы ойын енді тікелей жалғастырғандай: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» - дейді.Бұл орайда «адам өлмес» дегенінің мағынасы өзі өлсе де, сөзі өлмес, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды. Абайдың бұл пікірі бір жағынан халық даналығын танытатын сөз үлгілерімен де жанасып жатыр. Бұхар жыраудың нақыл сөз үлгісінде келетін: «Өлмегенде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, Әкімнің хаты өлмейді...» -деген сөзін еске алсақ та болар. Мағыналы сөз өлмейді дегенді ақындар ез шығармаларына қатысты да айтады.