thumb|right|200px|

Жак Деррида ( , 15.07.1930 жыл, Эль-Биаре, Алжир - 08.10.2004 жыл, Париж) - идеялары әсіресе адамзат тілінің методологиясымен бірге әлеуметтанудың бірқатар салаларындағы ойға әсер еткен француз философы.Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б. ISBN 9965-808-89-9

Ол қазіргі заман француз деконструкциялау ағымының көрнекті өкілі, маңызы ескірмеген және ең көп талас тудырған, батыстық мәдениеттерде шығармалары өте көп оқылатын ойшылдардың бірі. Ол өз өмірінде 40-тан артық монография, жүздеген мақалалар жазған. Ол қазіргі заманғы гуманитарлық салалардың бәрінде дерлік, мысалы антропология, тарих, лингвистика, әлеуметтік лингвистика, саясаттану, феминизм, балалар құқығы секілді көптеген салаларға әсер еткен. Оның шығармалары Еуропа, Латын Америкасы және басқа құрлықтарда көбірек оқылды және батыс философиясына қатысты зерттеулерде оның идеяларына талдау жасау маңызды орында тұрады. Әсіресе онтология, гносеология (әлеуметтік гносеология), этика, эстетика, герменевтика, көркемөнер салаларындағы ықпалы біршама жоғары болды. Жак Дерриданың философиялық идеялары архитектура (деконструкциялық форма), музыка, өнер салаларында тіке қолданылған. Дерриданың өзі тірі кезінде деконструкцияның ұстазы ретінде «мол мұраны артыма қалтырдым» деп айтқан екен. Өмірінің кейінгі кезеңдерінде ол этика және саясат тақырыбындағы мәселелерге назар аударған және ол жазған кітаптар ұқсамаған, тіпті қарама-қарсы саяси қозғалыстарға дейін әсер етіп, оны таласқа толы түрлі-түсті адам етіп көрсеткен.

Өмірбаяны Жак Деррида 1930 жылы 15 шілдеде Эль-Биаре (Алжирде) беделді еврей отбасында өмірге келген. Отбасында 3 бала болып, ата-анасы оны Жаки (Jackie) деп атаған. Ол кезде Алжир Францияның отары болған. Сондықтан ол отарлық сана мен отарлық байланыстың халін сезініп өскен. Француз тілінде тәрбие алған. Дүниежүзілік ІІ соғыс кезінде қорлану мен үрейді бастан кешірген. 1942 жылы 2-ші оқу жылында Деррида оқудан шығарылады. 1948 жылы ЖЖ.Руссо, Ф.Ницше, А.Камю философияларын оқып-зерттеумен шұғылданды. 19 жасында Алжирден Франция Париж қаласына барып, 1952 жылы École Normale Supérieure оқуға түседі. Ол жерде Деррида М. Фуко дəрістерін тыңдап, онымен танысады. 1960-1964 жылы Әйгілі Сорбоннда ассистент болады. 1964 жылы Деррида — Парижде Grandes Ecoles философия профессоры болады. Деррида ғалымдық өмірін бастаған кезінде францияда дәурендеген структурализм ағымының әсеріне ұшыраған. Бірақ сөйте тұра ол структурализмге сыншылдық мәміле ұстанған. 1966 жылы Деррида АҚШ-тағы Джон Хопкинс университтетінде өткізілген структурализм конференциясына қатысып, «Гуманитарлық пәндердің құрылымы, символ және ойын» деген мақаласын қорғаған. Дегенмен, ол сол мақаласында структурализмді қатты сынаған. Конференция кезінде ол әйгілі Жак Лаканмен (Jacques Lacan) танысып, өзінің ғылыми ортадағы беделін арттырған. 1967 жыл Деррида үшін шығармашылық шабыты тасып, мол туындылар жазған жыл болды. Оның өте маңызды үш кітабы осы жылы жариялады: «Хат және өзгешелік» «Дауыс және құбылыс» және «Грамматология жөнінде». Бұлар Дерриданың ең таңдаулы шығармалары есептеледі. Оның бұдан басқа "Тарқалу" "Философияның шекарасы" "Майдан" деген кітаптары бар. Ол Еуропа-Америка құрлығындағы көптеген университеттерде сабақ берді, құрметті профессор болды. Олар атап айтқанда: Джон Хопкинс унивреситеті, Йельск университеті, Нью-Йорк университеті, Стоуни Брук университеті, The New School for Social Research (Жаңа әлеуметтік зерттеу мектебі) and European Graduate School (Еуропа жоғары мектебі) қатарлылар. Ол сондай-ақ Кембридж университеті (1992), Колумбия университеті, Жаңа әлеуметтік зерттеу мектебі, Эссекс университеті, Левена Католик университеті, және Силезия университеті қатарлы әлемнің көптеген университетінің құрметті докторы болды. Ол сондай-ақ АҚШ өнер және ғылым академиясының академигі болды. Ол Франкфурт университеті жағынан Адорно сыйлығын (Адорно-Preis) алды. Өмірінің соңы жылдары оның өмірінен бірнеше биографиялық документалдық фильмдер жасалды. D'ailleurs, Derrida — Дерриданың басқа қыры Saafa Фатхи жасаған. (1999). Jacques Derrida Kirby Dick және Amy Ziering Kofman (2002). Jacques Derrida: 1 және 2 бөлім 2003 жылы Дерриданың рак ауруына шалдыққаны белгілі болды. 2004 жылдың 9 қарашасында, Париж қаласында рактан қайтыс болады.

Философиясы Нәсілшілдікті тамырынан сынау Дерриданың деконструкциялау ілімі расизмге (нәсілшілдікке) негіз болған батыстық рационалды мәдениет жүйесін сынау және аударып тастауға негізделген. Мұндағы дәстүрлі батыс мәдениеті деп отарғанымыз батыстық метафизика (физика шеше алмайтын мәселелерді шешуге талпыну) мен онтология (болмыс, түпнегіз туралы ілім) дәстүрі, әсіресе соның ішінде батыстық ойдың арғы негізін белгілеген логоцентризм (logocentrism) мен фоноцентризм (phonocentrism) есептеледі.

Батыс мәдениеті адам ақылы мен еркіндігін, этикасы мен жеке тұлғалығын көбінесе дуализм (қарама-қайшылық, екі бастама) бойынша сипаттайды. Логоцентризм мен фоноцентризмнің адамды шектеуі мен тежеуі себепті белсенді, еркін, сезімтал адам жоғалып, нәсілшілдік пен өшпенділікке толы біртүрлі адам пайда болды. Аталған рационализм тұлғаның ақылдық үстемдігі мен сөйлеу үстемдігі орнын арттырып, адамның табиғат және объективті әлем алдындағы асқынуын туғызады, басқа адам мен қоғам алдындағы расизм (нәсілшілдік) пиғылын күшейтеді. Батыс расизмі "батыс мәдениеті басқа мәдениеттерден үстем" деген пікірге негізделген әрі батыс мәдениеті арқылы басқа мәдениеттерді түзету, емдеу, жуу, жою, тазарту зорлығына талпынады. Деррида "батыста (ақ нәсілділерде) керемет ағарту қабілеті бар!" деп мазақтаған болатын.

Логоцентризм мен фоноцентризмді сынау Логоцентризм мен фоноцентризм бір нәрсенің екі жағы іспетті. Логоцентризм дегеніміз ЛОГОС негіз етілген идея. Логос сөзін ең алғаш ежелгі грек ойшылы Гераклит қолданған, ол: "Логосты білсең бәрін білесің", Тіпті Зевс те логосқа бағынады" деген секілді көптеген нақыл сөздер қалтырған.

Логос сөзінің әдетте ақыл, логика, сөз, ақиқат, тек (тектілік деген де осыған қатысты) қатарлы мағыналары бар. Яғни, "әлемде бір логостық негіз бар, барлық нәрсе содан бастау алады, бәрі соған бағынады, соны тану бәрін тану болады, соның заңы барша заңның незігі" деген идея логоцентризмнің негізгі ойжелісі есептеледі.

Ал, фоноцентризм дегеніміз үн —- ақиқат пен мәнді паш ете алады, логостық ақиқат пен мән-мағына үн арқылы ғана жарқырап көрінеді, үн – көрсеткі, ал ақиқат пен мән – көрсетілгі, үн кез келген нәрсенің ішкі логостық мәнін толық бейнелеп, жариялай алады деген ойжеліге саяды. Дерриданың айтуынша, фоноцентризм бойынша "үннің негізі сонда, ол логостық идея ретінде ішкі жағынан мәнмен байланысады, ол мәнді жарататын, мәнді қабылдайтын, мәнді айтатын, мәнді құрылымдайтын нәрсемен жақындыққа ие». Сондай-ақ: «логоцентризм дегеніміз де фоноцентризм, яғни онда тіл мен болмыс, тіл мен болмыстың мәні, үн мен мәнділік арманы бірлікке ие." Логоцентризм "заттың болмысы мәлім Майданды белгілейді, майданда өзін көрсетеді" дегенді жақтайды.

Антикадан жеткен дәстүр Батыс мәдениеті Сократтан басталып, христиандық орта ғасырды бастан кешіріп, бүгінгі күнге жеткенше логоцентризм мен фоноцентризм бойынша дамыған. Платонның айтуы бойынша, идея мен логос бір нәрсе. Идея дегеніміз рухтың үн қатпауы, рухтың өз-өзімен үнсіз сөйлесуі болса, ал үн қатқаны – логос (сөз, үкім, қисын, логика) болмақ. Платон адамның ақылды (рационалды) өзем (субъект) екенін белгілеп қана қоймай, сөйлеудің логостық алғышарты туралы да айтты - сөйлеу логикаға бағынуы керек.

Антикалық заманнан бастап гректер өз ұлты қолданған грек тілін бірден-бір "үйлесімді" тіл деп есептеп, ал грекше сөйлемейтін халықтарды түгел "жабайылар" мағынасындағы варварлар дегені мәлім. Варвар деген "сөйлемейтін", "шүлдірлеп сөйлейтіндер" деген мағынаға да ие. Христиан діні басталған кезде антикалық мәдениет ықпалын пайдаланып, Исаның шәкірті Иоанн жазған "Иоанн інжілінде" былай деп бастайды: "Алғашында логос болды, логос тәңірімен біртұтастанды, логос дегеніміз тәңірі". Мұндағы логос айту және ақиқат мағынасында. Яғни, бір тұрғыда Тәңірінің ақиқаты, енді бір тұрғыда Тәңірінің сөзі.

Гректер ақылға сай келетін идея мен логос бір нәрсе деп қарады. Бұл рационалды, логикалы ерекшелікке ие грек мәдениеті болып дамыды. Ал, Қытай философиясындағы Дао термині де дәл осындай мағына береді. Ол әлемнің ең арғы мәні, ең алғашқы бастама, ең табиғи заңы деген сөз. Дегенмен, қытай Даоының Еуропалық Логос сөзінен айырмашылығы, Дао бәрін білмейеді, яғни ол саналы емес, демек ол сөз айтпайды, тек орындатады. Әсіресе Еуропа мәдениетінің бір тамыры болған ежелгі Еврей мәдениетінің ерекшелігі бойынша Логос бәрін білетін және сөйлейтін нәрсе. Әрине, бұл түрдегі ойжеліден діни мәдениет басталған.

Сөйлеу және жазу Дерриданың пікірінше, логоцентризм мен фоноцентризм ақиқат пен мәннің бар болуына (presence) сенім артып, ақылмен сөйлейтін тұлға образын жасауға тырысты, адамды ақылды жан деп есептеп, ақыл арқылы оның іс-әрекетті таңдау мүмкіндігін шектеу амалын жасады. Бұл жамандықтан сақтану, адамның бұзылуын болдырмау үшін деп түсіндірілді. Дерриданың ойынша батыстың бұл метафизикасы ойдан құрастырылған жасанды нәрсе, сондықтан дәстүрлі мәдениетке деконструкциялау әдісін қолданып, оның бойындағы тым ақылды сандырақтарды сығып алып тастау керек.

Батыстық логоцентризм мен фоноцентризмнің маңызды бір рөлі – бәріне біртұтас бап келетін түбегейлі ақиқатты тауып (бәлкім жасап) шығару, біртұтас ақылды меңгерген ғажайып тұлға образын сомдау болды. Бірақ бұл өмірдегі әрбір жеке адам бостандығының тоналуына алып барады. Дерриданың деконструкциялау тәсілі жазуды сөйлеудің орнына бастыру, өзгешелікті біртұтастықтың орнына ауыстыру амалы. Батыстық мәдениет фоноцентризм әсерінде "сөйлеу жазудан маңызды, сөз бен ақиқат бір нәрсе, сөйлеу ақиқатқа жеткізеді және мәнді өмір сүргізеді" деп есептеуді негіздік ұстаным еткен. Батыс ойшылдары жазуға күдікпен қарады. Олар жазуды мағынаның Меннен бөгделенуі (alienation) деп түсінді. Мәннің өзгешеленуінің ең маңызды бір белгісі жазушы болмаған кезде, жазушы қайтыс болған кезде жазылған мәтін (text) жалғасты сақтала береді. Бұл бір түрлі сөлекет құбылыс секілденіп, мысалы Платон жазуды қылмыс деп те түсіндірді. Оның ойынша, бейне жазу таңбалары "заңсыз бала" секілді өз әкесі болған жазушыны лақтырып кетеді, ал сөйлеу "заңды бала" секілді, ол қашанда сөйлеушіден екі елі ажырамайды. Платон сөйлеуді «Рухта қашалған парасатты сөздер», «тірі сөз» (living word) деп атады және жазылған сөздерді (written word) соның бір түрлі елесі ғана деп түсінді. Деррида жазу сөзінің бұлдырлығына, көп мағыналылығына және өзгешелігіне сөйлеудің анықтығы мен біртұтастығын қарсы қойды. Жазу сөзі жазушыдан бөлініп дербестенсе де ол кез келген уақытта оқуға болатын, мағынасына талдау жасап, жаңа мағына қосуға болатын нәрсеге айналады, бұл жазудың шексіз өзгеше мағынада түсінуге болатын жүйе ретінде өмір сүру үшін жаратылғанын көрсетеді деп есептеді.

Деконструкциялау thumb|right|200px|Деконструкциялау Деконструкциялау - сөзбе сөз мағынасы "құрылымды бөлшектеу", "құрылымды сөгу" деген мағынада болып, Деррида бастаған Деконструкция ағымының тірек сөзі, негізгі әдіснамасы есептеледі. Дегенмен бұл сөз алғаш рет Мартин Хайддегердің әйгілі Болмыс және уақыт еңбегінде deconstruction формасында ыдырату, жәркемдеу, түсіндіру мағынасында қолданылған. Жак Деррида бұл негізде оған тағы жоғалту, түйіншектендірмеу, өзгешелендіру мағыналарын қосты.