Франция (, , ресми атауы Француз Республикасы , ) — Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет. Ол жер ауданы жағынан Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар кіреді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен-Пьер мен Микелон) және т. б. жатады. Халық санын 67 млн адам құрайды. Француздар елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрлықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік-шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік-батыста Испания және Андоррамен шектеседі.

Еуропалық Одаққа кіретін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым-қатынастарының дамуына оң әсер етеді. Францияның теңіздік шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден-ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция — мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика, ал әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі — Бесінші республиканы орнатты. Франция Республикасында президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар, ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселерді шешеді. Президент тағайындаған премьер-министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді. Елдегі заң шығарушы орган — екі палатадан — сенат және ұлттық ассамблеядан тұратын парламент.

Агломерациялары Қала Адамдар саны Париж 10,9 млн Марсель 1,6 млн Лион 1,4 млн Лилль 1,3 млн Тулуза 1,1 млн Ницца 900 мың Нант 577 мың Тулон 253 мың Монпелье 248 мың

Францияда француздардан бөлек британдар, фламандар, баскілер, корсикандар тұрады. Еуропадағы халқы ең тығыз қоныстанған ел — осы Франция. 1945–1960 жылдар арасында халық саны жылдам өсті. Қазіргі кезде елде 63 миллионнан аса халық тұрады (2012). Табиғатында француздар — өте мейірімді, көңілді, ақжарқын халық. Олар ойын тіке айтатын, бірбеткей мінезге ие.

Тарихы

thumb|220px|Наполеон Бонапарт Франция аумағын адамдар ең ежелгі заманнан бастап мекендеген. Палеолит пен мезолиттің ғылымға белгілі негізгі мәдениеттерінің бірқатары Франциядағы жер атауларына байланысты (шелль, ашель, мустье, ориньяк, солютрей, мадлен, азиль, тарденуаз). Оңтүстік Франциядағы палеолит кезеңіне тән үңгірлер (Фон-де-Гом, Ласко, Монтеспан, т.б.) жартастарға салынған суреттерімен көпке танымал. Ерте палеолит дәуірінде Франция аумағында кампиния мәдениеті тайпалары өмір сүрген (б.з.б. 6 — 4 мыңжылдықтар). Сена, Уаза, Марна өзендерінің алаптарынан алғашқы егіншілік құрал-саймандары (б.з.б. 3-мыңжылдық) табылды. Б.з.б. 6 — 5 ғасырларлардан бастап б.з. 1-мыңжылдықтың соңына дейін Франция аумағына кельт тайпалары қоныстанды. Римдіктер оларды галлдар деп атады, сондықтан бүкіл ел Галлия атанды. Оңтүстік-батыста негізінен иберлер тұрды, б.з.б. 6 ғасырдан бастап Жерорта теңізі жағалауларына гректер өз иеліктерінің негізін қалады. Олардың ішінде негізгісі — Массалия (қазіргі Марсель) болды. Б.з.б. 2 ғасырдың соңы — 1 ғасырдың ортасында Галлияны римдіктер жаулап алды. Галлдар Рим империясына қарсы ерлікпен шайқасты. Дегенмен, күш тең емес еді. Рим үстемдігі елдің көп бөлігінде өндірістің дамыған құл иеленушілік әдісінің орнығуына себеп болды, көптеген қалалар салынды (Лион, Ним, Бордо, т.б.). 2–4 ғасырлар арасында Францияда христиан діні таралды. Романдану процесінің нәтижесінде кельт тілдерін латын тілі ығыстырып шығарды. 3 ғасырда басталған Рим империясындағы саяси дағдарысқа байланысты Галлияда тауарлы өндірістің көлемі қысқарып, Италиямен экон. байланыстар әлсіреді. 4–5 ғасырларда герман тайпаларының баса-көктеп кіруі ел аумағындағы Рим үстемдігін түпкілікті жойды. Жаңадан бургундтардың (406), вестготтардың (418) мемлекеттері құрылды. 486 жылы франктер Галлиядағы соңғы рим иелігін басып алды (қ. Франк мемлекеті, Шарль). 10 ғасырдан бастап ел Франция деп атала бастады. 987 жылы франк тағын Капеттер әулеті иеленді. Біртұтас корольдік іс жүзінде бір-біріне тәуелсіз көптеген иеліктерге бөлініп кетті. 10 ғасырда бір-біріне туыстас екі ірі халық — Луара өзінінің солтүстігіне қарай солтүстік француз және оңтүстікте, Бретань түбегіне бретань халқы қалыптасты. Алғашында король иелігі (домен) Францияның солтүстік бөлігіндегі Париж бен Орлеанның айналасында ғана болды. 11–12 ғасырларда крест жорықтарына байланысты оңтүстіктегі қалалардың (Бордо, Тулуза, Ним, Марсель, т.б.) гүлденуі басталды. Егіс көлемі артып, дәнді дақылдардың сорттары мен мал тұқымы жақсарды. Қолөнер (әсіресе, шұға тоқу) жоғары дамыды. Солтүстік Франциядағы қалалардың дамуы мен жеке аймақтар арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюі елдің бұл бөлігіндегі саяси бытыраңқылықты жоюға маңызды алғышарттар жасады. 13 ғасырдың бас кезінде Англия корольдігі Солтүстік Францияның көпшілік бөлігінде билік құрды. 13 ғасырдың 2-жартысында елдің орталықтануы күшейіп, Париж оның саяси және экон. орталығынана айнала бастады. 14 ғасырдың бас кезінде король иелігі елдің көпшілік бөлігін алып жатты. 1302 жылы үш сословие өкілдерінен құрылған — Бас Штаттар шақырылды. Ол ортталық өкімет билігінің күшеюіне қызмет етті. Бірақ Жүз жылдық соғыс Францияның дамуын тежеді. Соғыс қимылдары, тонау, салықтардың өсуі халықтың азаюына, өндіріс пен сауданың құлдырауына алып келді. 15 ғасырдың 2-жартысынан бастап Франция экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. Король билігі нығайып, елге жаңадан Бургундия, Пикардия, Ниверне герцогтіктері қосылды. 15 ғасырдың соңында Прованс пен Бретань бағындырылды. 16–17 ғасырларда Франция Батыс Еуропадағы үстемдік үшін Габсбургтер әулетімен (“Қасиетті Рим империясы” және Испаниямен) соғыстар жүргізді. Ұзаққа созылған сәтсіз соғыстар, елдің материалдық ресурстарының елеулі сарқылуы, салықтардың өсуі мен экономиканың кері кетуінің нәтижесінде терең қоғамдық-саяси дағдарыс қалыптасты. Халықтың әр түрлі топтарының әлеуметтік наразылығының идеологияның негізі сол кездегі кең тараған кальвин ілімі болды (бұл ілімді жақтаушыларды гугеноттар деп атады). Ел католиктер мен гугеноттар болып екіге жіктелді. Олардың абсолютизммен және өзара күресі ұзаққа созылған азамат соғысына (“Діни соғыстарға”) ұласты. Оның шарықтау шегі — 1572 жылы 24 тамызда Парижде гугеноттарды жаппай қырғынға ұшырату болды (“Варфоломей түні”). Билікке келген Бурбондар әулеті діни соғыстарды тоқтатып, католик дінін Франциядағы ресми дін ретінде бекітті, ал гугеноттарға дін ұстану еркіндігі берілді. XIV Луи кезінде Францияны іс жүзінде бірінші министр кардинал А.Ж.П. Ришелье биледі (1634–1648). Ол король билігін елеулі нығайтып, елдің орталықтануын күшейтті. Отыз жылдық соғыстың нәтижесінде Франция өзіне Эльзасты қосып алып, Еуропадағы ең қуатты монархияға айналды. 1701–1714 жылы испан тағы үшін болған соғыста Англия, Аустрия мен олардың одақтастары Францияның Еуропадағы үстемдігіне тосқауыл қоюға тырысты. Жеті жылдық соғыста (1756–1763) Франция Үндістан мен Канададағы отарларының көпшілігінен айрылып, Ұлыбританияға беруге мәжбүр болды. 1789 жылы басталған Француз революциясы нәтижесінде монархия мен феод. тәртіптер жойылып, Бірінші республика жарияланды. 1792 жылы революциялық соғыстар басталды. Ол Наполеон Бонапарттың билікке келуімен және Еуропаны түгел қамтыған соғыстың нәтижесінде Францияның жеңілуімен аяқталды. Елде король билігі қалпына келтірілді. 1848 жылы ақпан революциясының нәтижесінде Екінші республика орнады. Либералдар мен социалистердің арасындағы жанжалды пайдаланған Луи Наполеон 1852 жылы Екінші империяны жариялап, таққа отырды. 1870–1871 жылдары Франция — Пруссия соғысының нәтижесінде Франция Эльзас пен Лотарингиядан айрылып, Екінші империя жойылды. 19 ғасырдың соңында отаршылдық империяның құрылуы негізінен аяқталды. 1914–1918 жылдары бірінші дүниежүзілік соғысқа Франция Антантаның құрамында қатысты. 1919 жылы Версаль бітім шарты бойынша Францияға Эльзас пен Лотарингия қайтарылды. 1920–1930 жылдары елде экономикалық дағдарыстар жиі-жиі болып тұрды. Нәтижесінде жұмысшы қозғалысы күшейіп, фашистік ұйымдар құрылды. 1936 жылы Халықтық майдан құрылып, фашистік ұйымдарға тыйым салынды, еңбекшілердің жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар (40 сағаттық жұмыс аптасын, ақысы төленетін демалыс енгізу, т.б.) жүзеге асырылды. 1938 жылы Халықтық майдан ыдырады. Екінші дүниежүзілік соғыс Франция үшін сәтсіз басталды. 1940 жылы Францияны Германия оккупациялады. Министрлер кабинетінің жаңа төрағасы маршал Анри Петен Германиямен бітімге қол қойып, елді екі аймаққа бөлуге келісті. Оның біреуі — немістер басып алған Солтүстік және Оңтүстік-батыс Франция аумағы болса, екіншісі Францияның қалған бөлігі мен теңіздің ар жағындағы аумақтар енген, астанасы Виши қала болған автономды француз мемлекеті атанған аймақ болды. Маршал Петен осы француз мемлекетінің президенті болып тағайындалды. 1944 жылы Францияны одақтастар әскері азат етті. Алжирдегі Француз Ұлттық азат ету комитеті өзін Француз Республикасының Уақытша үкіметі деп жариялады. 1946 жылы Төртінші республиканың конституциясы қабылданды. 1949 жылы Фрацния НАТО-ның құрамына кірсе де, 1966 жылы оның әскери құрылымынан шықты. Соғыстан кейін Ф-ның отарлық жүйесі ыдырай бастады. 1954 жылы сегіз жылдық соғыстан кейін Ф. Үндіқытайды тастап шықты. 1954 жылы 1-қарашада Алжирде ұлт-азаттық көтеріліс басталды. 1956 жылы наурызда Франция Марокко мен Тунистің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. 1956 жылы қарашада Франция Мысырға қарсы ағылшын-француз-израиль агрессиясына белсене қатысты. Осындай қиын жағдайда 1957 жылы Батыс Еуропадағы бірнеше мемлекет “Ортақ рынок” құру жөнінде шарт жасасты. Дегенмен, Алжирдегі сәтсіздіктер, Суэц арандатушылығының күйреуі, әскери шығындардың көбеюі Төртінші республиканың дағдарысына әкеп соқты. Армия мен елде реакциялық күштер бас көтерді. 1958 жылы мамырда олар Алжирде республикаға қарсы бүлік бастады. Алжирдегі француз армиясының басшылығы да бүлікшілерге қосылып, генерал Шарль де Голль бастаған “Ұлттық құтқару” үкіметін құруды талап етті. 1 маусымда Ұлттық жиналыс Голльдің төтенше өкілеттілік жөніндегі заң жобаларын мақұлдады. 1958 жылы Бесінші республиканың конституциясы атқарушы билік құқықтарын кеңейтті. Президент Ұлттық жиналысты тарату мүмкіндігіне ие болып, референдум өткізуге, заң жобаларын ұсыну, төтенше жағдайларда бүкіл өкімет билігін өз қолына алуға құқылы болды. 1958 жылы 21 желтоқсандағы сайлаудың нәтижесінде Голль президент болып сайланды. 1958–1960 жылдары Африкадағы француз отарлары — Гвинея, Судан, Сенегал, Мадагаскар, Дагомея, Нигер, Жоғарғы Вольта, Кот-д'Ивуар, Чад, Орталық Африка Республикасы, Конго, Габон, Мавритания, Того мен Камерун тәуелсіздікке ие болды. 1962 жылы ұзаққа созылған соғыстан кейін Алжир толық тәуелсіздікке қол жеткізді. 1960–1990 жылдар аралығында Франция экономикасы дамыған, демократ. қоғамы толық қалыптасқан әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. 1981 жылы ел президенті болып бірінші рет социалист Франсуа Миттеран сайланды. 1995 жылдан ел президенті Жак Ширак болды.

Саясаты

нобай|Францияның әкімшілік картасы нобай|Францияның шетелдегі иеліктері Франция 18 аймаққа бөлінген, оның 12-сі Еуропа құрлығында, біреуі (Корсика) — Корсика аралында, тағы бесеуі - мұхиттың арғы жағында орналасқан. Аймақтарда заңды автономия жоқ, бірақ олар салықтарды өздері белгілей алады және бюджеттерді бекітеді.

18 аймақ 101 департаментке, сондай-ақ Лион метрополиясына бөлінеді, ол 342 округтен және 4039 кантоннан тұрады. Францияның негізін 36 682 коммуналар құрайды.